Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Өзі ойластырып, өзі ұйымдастырды: Куәгер Боқаевтың кәсіподақ қаражатын қалай жымқырғанын айтып берді

Өзі ойластырып, өзі ұйымдастырды: Куәгер Боқаевтың кәсіподақ қаражатын қалай жымқырғанын айтып берді

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты іс бойынша «ҚазТрансГаз» компаниясының бұрынғы баспасөз қызметінің жетекшісі Бексұлтан Құрманқұлдан жауап алынды. Куәгердің айғақтары мемлекеттік айыптау тарапының нұсқасын толық растайды: Боқаев өзіне бағынышты компанияларды таңдаудан бастап, жалған құжаттарды бекітуге дейінгі схеманың әрбір кезеңін жеке өзі бақылаған.

Құрманқұл компанияның баспасөз қызметін 2014-2022 жылдары аралығында басқарған. Ол сотта Боқаев келгенге дейін де, кеткеннен кейін де бөлімше тек Аппарат басшысына бағынғанын айтты. Алайда Боқаев қызметке келген сәттен бастап баспасөз қызметі оның бақылауына өткен.

Сотта кәсіподақ қаражатына ұйымдастырылған автошеру басты назарда болды. Жауап алу барысында Бексұлтан Құрманқұл тергеу кезеңінде берген айғақтарын растады. Бұл деректердің маңызы зор, өйткені олар қаражатты жымқырудың нақты қалай рәсімделгенін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Боқаевтың бақылауындағы «BM Trust» және «WeCan» ЖШС-ларына қаражатты бөлу мәселесі алқалы жиында талқыланды делінгенген кәсіподақ комитеті отырысының хаттамасы жалған болып шықты. Құрманқұл бұл құжатқа тек формалды түрде қол қойғанын мойындады. Шын мәнінде, ешқандай талқылау болмаған: жабдықтаушы компанияларды Боқаевтың өзі тартып, дайын сметаларды да өзі әкеліп отырған. Осыған байланысты жалған хаттамада қаражат бөлуді ұсынушы ретінде оның есімі көрсетілген.

Судья Жанат Әбенова Құрманқұлдың тергеу кезінде берген бастапқы айғақтарын оқып, іс-шара бюджетін кім анықтағанын тікелей сұрады. Куәгер Боқаевтың қаржылық мәселелер бойынша онымен де, кәсіподақ мүшелерімен де ақылдаспағанын, ал кімге және қанша ақша беру керектігі бойынша шешімді жеке-дара өзі қабылдағанын растады. Тәуелсіз жабдықтаушыларды іздеумен ешкім айналыспаған: кеңесші өзіне қажетті компанияларды жай ғана жобаға тартқан. Құрманқұл Боқаевтың «жоғары басшылықтың» қатарына кіргенін және барлық ақпараттық науқандар тек онымен келісілгенін атап өтті.

Бұл айғақтардан Боқаев барлық процесті өз қолына шоғырландырып, жалған келісімшарттарды өзі жасақтағанын, бюджетті өзі белгілегенін және қаржыландыруды өзіне бағынышты компаниялар арқылы жүргізгенін аңғаруға болады. Мемлекеттік айыптау тарапының мәлімдеуінше, мұның мақсаты кәсіподақ қаражатын шығарып, кейін оны өзінің жиһаз бизнесі арқылы заңдастыру болған.

Жауап алу кезінде мердігерлер тарапынан көрсетілген қызметтердің шынайылығына күмән келтіретін тағы бір назар аударуға лайықты жайт анықталды. Миллиондаған теңге жұмсалған автошерудің қорытындысы бойынша қандай да бір деректі фильм түсірілді ме деген сұраққа бұрынғы баспасөз қызметінің жетекшісі қысқа ғана: «Айта алмаймын», – деп үн қатты.

Құрманқұлдың айғақтары қорғау тарапына айтарлықтай соққы болғанын түсінген Боқаевтың адвокаттары процесті созу тактикасына кезекті рет жүгінді. Олар кәсіподақ комитетінің жиналысы өткен-өтпегені туралы сауалды қайта-қайта қойып, куәгерді шатастыруға тырысты. Прокурор қайталанатын сұрақтар үшін қорғау тарапына ескерту жасауға мәжбүр болды. Ал судья адвокаттардан әңгімені басқа арнаға бұруды тоқтатып, автошеру тақырыбына қайта оралуды талап етті.

Осылайша, Құрманқұлдың айғақтары, кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Маханова мен «ҚазТрансГаздың» бұрынғы бас директоры Сүлеймановтың жауаптары Боқаевтың «ҚазТрансГазда» алаяқтық схеманы қалай жүзеге асырғанын көрсететін дәйекті дәлелдер жиынтығын қалыптастырып отыр.


 

Бөлісу