Ақсуда әйелді ұрып өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін денесін өртемек болған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 17 сәуірде қала шетіндегі жылу құбырларының маңында болған. Бірге ішімдік ішкен ер адам мен әйел сөзге келіп қалған. Сот мәліметінше, жанжалға әйелдің ер адамның марқұм анасын балағаттауы себеп болған.
Ер адам алдымен әйелдің бетінен жұдырықпен ұрып, кейін денесінен бірнеше рет тепкен. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Бұдан кейін ол үйінен дизель отынын алып келген. Қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның киімін шешіп, денесіне жанармай құйып, өртеген.
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына 5,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілетін болды.