АҚШ президенті Дональд Трамп БРИКС саясатын қолдайтын мемлекеттерге қатысты қосымша 10 пайыздық сауда баж салығы енгізілетінін ескертті. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«БРИКС-тің Америкаға қарсы саясатын қолдайтын кез келген елге қосымша 10 пайыздық баж салығы енгізіледі. Ешқандай ерекше жағдай жасалмайды», – деді Ақ үй басшысы.
Тағы бір жазбасында Трамп 7 шілдеден бастап АҚШ әкімшілігі басқа мемлекеттерге екіжақты сауда шарттары, америкалық нарыққа жеткізілетін тауарларға салынатын баж салықтары, немесе келісімшарттар жасасу талаптары туралы хабарлай бастайтынын айтты.
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан БРИКС-тің XVII саммитіне Қазақстан да қатысып жатыр және еліміз аталған саммитінің мақсаттары мен міндеттерін толық қолдайтынын жеткізді.
БРИКС саммитінің бірінші күнгі отырысына Қазақстан делегациясы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің жетекшілігімен өатысқан болатын.
— Қазақстан осы саммиттің көпжақтылық идеялары мен құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ізгі мақсаттары мен міндеттерін толық қолдайды. Қазіргі белгісіздік пен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында бұл мақсаттарға жету үшін бірегей ынтымақ, мол адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру, даналық пен баршаның сындарлы қатысуы қажет, — деді Мұрат Нұртілеу.