Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстан әуе кеңістігінде украиналық ұшқышсыз ұшақтардың пайда болуына қатысты мәлімдеме жасады.
«19 және 20 маусым күндері Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысы аумағы арқылы Украина Қарулы күштерінің бірнеше ондаған ұшқышсыз ұшақтарының ұшып өткені тіркелді, олар, шамасы Ресейге соққы беру мақсатында бағытталған. Біз бұл әрекеттерді біздің одақтасымыз және ҰҚШҰ мүшесіне қатысты жасалған әрекет ретінде қатаң айыптаймыз», — деп мәлімдеді Захарова.
Ресей СІМ өкілі Украина билігіне «басқа елдердің аумақтық тұтастығының бәрібір екенін, оны жиі бұзып жүргенін» айтты.
«Бұл жағдай тағы да ҰҚШҰ аясындағы ұжымдық қауіпсіздік шараларын күшейтудің қажеттігін дәлелдейді», — деп түйіндеді Захарова.