УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Ресей түнде Киев пен оның маңына 175 дрон және 14-тен астам қанатты зымыран жіберген.
«Жаппай шабуылдың салдарынан негізінен тұрғын үйлер зақымданған, көптеген қаза тапқандар мен жараланғандар бар, олардың саны әлі де өсуі мүмкін», – деп жазады агенттік.
Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың мәліметінше, шабуылдан Соломен, Святошин, Дарница, Днепр, Подол және Оболонь аудандары зардап шеккен.
Украина президенті Владимир Зеленский мен елдің Сыртқы істер министрлігі шабуыл салдарынан 15 адамның қаза тауып, 75 адамның жараланғанын хабарлады. Түнгі уақытта Ресей тек Киевке ғана емес, сондай-ақ Одесса, Запорожье, Чернигов, Житомир, Кировоград және Николаев облыстарына да соққы жасаған.
«Киевте құлаған тұрғын үй үйінділерінің астынан адамдарды алып шығуға тырысып жатыр. Құрбандардың нақты саны әзірге белгісіз. Бүтін бір подъезд қираған. Астананың сегіз ауданындағы үйлер зақымданған. Құтқарушылар барлық шабуыл орындарында жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейін 75 адамның жараланғаны, 15 адамның қаза тапқаны белгілі. Құрбандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын…», – деп жазды Зеленский.
Ол және Украина Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны терроризм әрекеті деп атады.
Айта кетейік, маусым айының басында Ресей Киевке тағы да ауыр соққы жасаған еді. Ол кезде қаланың алты ауданы зардап шегіп, зымыран қалдықтарының құлауынан өрт шыққан.