Бүгін, 14 шілде сағат 18.00-де ауыл әкімдерінің сайлауына кандидаттардың үгіт-насихат науқаны басталады. Кеше барлық аймақта «Nur Otan»-нан 586 кандидат тіркелді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Партиямыздан түсіп жатқан үміткерлердің 35%-тен астамы – жаңа тұлғалар, оның ішінде білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер және т.б. бар. Олардың көпшілігі – таяуда өткен партияішілік праймериздің қатысушылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас. Әйелдер – 11%, 35 жасқа дейінгі жастар – 14%», – деп жазды ол.
Оның сөзінше, «Nur Otan»-ның міндеті – тек сайлауда жеңіске жету ғана емес, ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасау, азаматтардың нақты мәселелерін шешу. Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, әкімдердің Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестігінің жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді ендіріп жатыр.
«Бұл үшін біз өз кандидаттарымызды жаңа жағдайда жұмыс істеуге, адамдармен тікелей «қоян-қолтық» жұмыс істеуге бағыттай отырып, тиімді кері байланыс орнатуға оқытамыз. Жергілікті жерлердегі барлық кандидат пен штаб мүшелері Саяси менеджмент мектебінің базасында семинардан өтті, қажетті ұйымдық, әдістемелік және басқа қолдаумен қамтамасыз етілді. Олардың әрқайсысында аумақтың мүмкіндігін ескере отырып, партия қолдауымен қамтамасыз етілген нақты сайлауалды бағдарламасы тұжырымдалған», – делінген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жазбасында.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша 25 шілдеде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Биыл 730 ауылдық округтің әкімі сайланады.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024