19-10-20 |
490 рет қаралған
Қайырымдылық – қадірлі іс.
Қайырымдылық – қадірлі іс

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның «Birgemiz Qamqor» жобасына ауыл жастары да белсенді қатысуда. Ақтөбе облысындағы Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының маманы, волонтер Нұрсұлтан Нұрлан ұлы Жумин жоба аясында 300 000 теңге грант ұтып алды. Қоғам белсендісі өз ауданында атқарылып жатқан волонтерлік істер жайында баяндайды.

«Ойыл ауданында қайырымдылыққа мойнын бұрып тұратын жастар жетерлік. Волонтер жылына орай биыл Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының бастамасымен әр ауданға 7 жалпы ұлттық жобаның бір бағыты берілді. Біздің ауданға «Қамқор» бағыты бекітілді. Осы орайда Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жалғыз басты қарттарға арналған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырдық. Волонтерлер қариялардың үйіне барып, шаруаларына болысып, қолғабыс етті. «Ардагерлерді ардақтайық», «Жылы жүрек – жомарт қол» деген акциялар аудан орталығы мен ауылдық округтерде ұйымдастырылды. С.Несіпбай, Е.Браташов, Ж.Сатығалиев және басқа да зейнеткерлердің үйлеріне барып көмек жасап, баталарын алдық. Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен және «Nur Otan» партиясының қолдауымен барлық өңірлерде «Біз біргеміз» акциясының өткізілгені белгілі. Ойыл ауданының волонтерлері де осы шараға өз үлестерін қосты. Акция аясында волонтерлеріміз әлеуметтік пакеттерді таратып, қайырымдылық жасады. Олар пандемия кезінде де барлық игі іске белсене қатысты. Аудандық жастар ресурстық орталығының жастары мен волонтерлер блок-бекетте тұрған азаматтарға ыстық тағам әзірлеп, ел қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жатқан жандарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар Сарбие ауылдық округінің тұрғыны, жас кәсіпкер Тілеуғалиев Құрманбек Әлімұлы «Қамқор» жобасының аясында 5 аз қамтылған отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Жалпы биыл осындай 68 шара ұйымдастырылды. Бұған қоса жастарымыз Волонтер жылы аясында өткізілген «BIRGEMIZ» жобасының 7 бағыты бойынша шағын гранттарға қатысты. Мен ҚР Aқпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның «Birgemiz Qamqor» жобасының 300 мың теңге қайтарымсыз грантын ұтып алдым. Осы қаражаттың аясында аудан еріктілерімен бірлесіп, ардагерлер үшін тағы қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын боламыз. Биыл Ойыл ауданындағы 30 волонтердің Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталғанын мақтанышпен айтқым келеді».

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.