18-03-21 |
470 рет қаралған
Тоқалдыққа көнбеген ақтөбелік тұрғын полициядан көмек сұрап жүр.
Тоқалдыққа көнбеген ақтөбелік тұрғын полициядан көмек сұрап жүр

Ақтөбеде 43 жастағы келіншек полицияға арыз түсірді. Жалғызбасты ана сегіз жыл кездескен жігітінің отбасылы екенін кеш білген. Екі баласы бар ер адам көңілдесіне тоқал болуға ұсыныс жасап, үйіне күштеп апарып, сабайды. «Екінші әйел болмағаным үшін таяқ жедім» деген жәбірленуші бүгін БАҚ өкілдерінен көмек сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өзін соққыға жыққан ер адамның жазалануын сұраған жәбірленуші жақында ғана ауруханадан шықты. Ол жабық бас ми жарақатын алған, ауыр соққыдан кейін бір көзінің көруі нашарлағанын айтады.

«8 наурыз күні түнде сыртқа шығуымды сұрап, еркімнен тыс күштеп үйіне алып кетті. Әйелі мен баласы тұрып жатқан үйге апарып, екінші әйелі болатынымды айтты. Әрине келіскен жоқпын. Маған қол көтеріп, басымнан, денемнен ұрды. Оқиғаның бәрі әйелінің, балаларының көзінше болды. Әйеліне полиция шақыруын сұрап, жалындым. Ол полиция емес, күйеуінің ата-анасын шақырды. Әке-шешесі келгеннен кейін ғана қол көтеруін қойды. Соңында әкесі мені үйіме әкеліп тастады. Түнімен өзіме келе алмадым. Тек таңертең ғана полицияға қоңырау шалдым»,-дейді келіншек.

Айтуынша, соққыған жыққан ер адам өзінен 8-9 жасқа кіші және сегіз жыл онымен жақын қарым-қатынаста болған.

«Ауруханадан жақында ғана шықтым. Әлі күнге дейін ем қабылдап жүрмін. Өзіммен мұндай байланыс жасауға жол бермеймін. Тиісті жазасын беруін сұраймын. Оның тепкен жерлері әлі күнге ауырады»,-дейді ол.

Полиция департаменті оқиғаның болғанын растайды. Дерек 9 наурыз күні сағат 9.23-те тіркелген.

«Жәбірленуші әйел оны ұрып-соққан танысына қатысты шара қолдану туралы өтінішпен жүгінді. Аталған факті бойынша дәл сол күні жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жиналған материал сотқа жіберілді»,-деп хабарлайды облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.

Оқиғаға қатысты әзірге тек сотта әкімшілік іс ғана қаралған. Ер адамға 30 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, соққыға жыққан танысы үш айға дейін келіншектің қасына жақындамауға тиіс.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.