03-06-21 |
580 рет қаралған
Қарағандылық экс-шенді сотта ұры емес екенін айтып ақталды.
Қарағандылық экс-шенді сотта ұры емес екенін айтып ақталды

Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков сотта соңғы сөзін айтты. Оған бір топ адаммен бірге аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған еді. «Кінәсізбін» деген экс-шенді сотттан араша сұрады.

Жақсылық Шалабеков қазір қиын кезді бастан өткеріп жатқанын мәлімдеді.

«Маған тағылған жала үшін реніш пен ашу-ыза басым. Отанға көмек қажет болған кезде, өмірге қауіп төнгеніне қарамастан, кішкентай балалары бар жұбайымды үйіме қалдырып, 2019 жылғы оқиғалардан кейін Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету үшін алғашқылардың бірі болып бардық. Онда жарылғыш затты залалсыздандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатты. Ғ. Мұстафин атындағы ауылда су тасқыны кезінде жүздеген тұрғын зардап шегіп, баспанасыз қалды. Содан кейін біздің өтінішіміз бойынша құрылыс компаниялары қысқа мерзімде зардап шеккендерге арналған ондаған үй салды. Мен де, әріптестерім де қиын жағдайға тап болған адамдардың өтініштері ескерусіз қалдырмадық. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», – деді Жақсылық Шалабеков

Сотталушы мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы жүйесі құрылыс процесін сөзсіз тежейтінін айтты. Шенеуніктің айтуынша, құрылыс және қаражат бөлу қажеттілігі туралы шешім қабылдаудан бастап жұмыс басталғанға дейін бір жыл өтеді. Осы уақыт ішінде материалдардың, еңбек ресурстарының нарықтық құны, құрылыс шарттары өзгеріп отырады, олар конкурстық іріктеуде ескерілмейді.

«Заңнама бұл өзгерістерге сәйкес келмейді. Жоғары тәуекелдерге баруға тура келеді. Сондықтан жұмыстағы іркілістер болады. Дегенмен, сегіз жылға жуық уақыт бойы біз бұл жұмысты орындадық. Менімен болған жағдай үлкен түсінбеушілік. Қосымша келісім бойынша құрылысқа аванс берілгендіктен мені темір торға тоғытты. Мен ешқашан ұры болған емеспін, оны үлкен күнә деп санаймын. Біреуге зиян тигізу де күнә. Оны жауыма да тілеген емеспін. Сізден мұны объективті және соңына дейін қарауыңызды сұраймын. Сіздерге өзімнің және туған-туыстарымның тағдырын сеніп тапсырамын», – деді Жақсылық Шалабеков.

Еске сала кетейік, Жақсылық Шалабеков былтыр қыркүйек айында ұсталды. Ол кезде шенеунік Қарағанды әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.