13-03-19 |
4210 рет қаралған
Үкімет мүшелері Батыс Қазақстанда көпбалалы отбасыларды аралайды.
Үкімет мүшелері Батыс Қазақстанда көпбалалы отбасыларды аралайды

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Батыс Қазастан облысына жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтер бар. Әлеуметтік блог бойынша бірінші басшылардан құралған жұмыс тобы ең алдымен Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздейді.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

Вице-премьер бастаған топ ең әуелі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. Оралдағы орталықтардың тұтынушылары цифрландыру игілігін көріп отыр. Былтыр Батыс Қазақстан облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары 1 миллион 200 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Олардың басым бөлігі электронды форматта рәсімделген. 200 мыңдай өңір тұрғыны электронды цифрлық қолтаңба алса, egov порталындағы 752 мемлекеттік қызмет түрінің 506-сы қолжетімді.

Бұдан кейін Үкімет мүшелері жұмыспен қамту орталығында болды. Мұнда вице-премьер телеграмм каналындағы көпбалалы отбасылармен кері байланыс орнатуды қамтамасыз ететін жобамен танысты.

Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы бұдан кейін облыстық мәслихат залында тұрғындармен кездесті. Премьер-министр орынбасары өз сөзінде Үкімет мүшелерінің өңірлерді аралауының басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу екендігін атап өтті. Жиынға келген көпбалалы аналар да өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

Жұртшылықпен жүздесулер кезінде Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде алға қойған тапсырмалары түсіндіріліп, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған қаржының қалай игерілетіні жөнінде ақпарат берілді.

Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан облысында көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған 21 мыңдай отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатындар санатында. Үкімет басшылары бұл ретте халықтың аз қамтылған топтарын қолдау және табысты арттыруға барынша күш салынатынын айрықша атап өтті. Мемлекеттің қолдауы әсіресе кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуден де көрініс таппақ. Ақжайық өңірінде бүгінгі таңда 2700 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ауылдық елді мекендерде жыл соңына дейін 70 шақты баспана пайдалануға беріледі. 2025 жылға дейін өңірде 8 жарым мыңдай отбасы баспанамен қамтылмақшы.

Білім беру ісінде ілгерілеушіліктер бар. Аймақта апатты жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі түбегейлі шешімін табар күн алыс емес. Шілде айында облыстағы білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өспекші. Мемлекет басшысының өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмалары денсаулық сақтау саласынан да көрініс табады.

Десек те, халықты толғандырған күрмеулі мәселелердің бірі – баспанаға қатысты. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңға жуық пәтер салынуы тиіс.

«Аренда жүйесіндегі бұл пәтерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға беріледі. Бұл үшін 7 жыл қатарынан 50 млрд теңге бөлінбек. Көпбалалы мен толық емес отбасыларға, мүгедек баласы бар адамдар үшін тұрғын үй несиесін ТҮҚЖБ арқылы 3-5 пайызбен беруді тапсырамын. Ол үшін ТҮҚЖБ-ға қосымша қаржы керек», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Орал қаласы бойынша 19 мыңдай адам жалға берілетін тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл осы санаттағылар үшін 800 пәтерлік 4 үйдің құрылысын бастау көзделген.

Жұмыс тобы сапар барысында ең негізгі 3 бағытқа көңіл бөлінді. Ол біріншіден, ең мұқтаж азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға көмек берудің жай-жапсарын түсіндіру. Екіншіден, баспана мәселесін шешу бойынша қолға алынған нақты жұмыстар ретін талқылау. Үшіншіден, өңірлік даму мүмкіндіктерін саралау. Яғни, жолдар, ауызсу және электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың барысын пысықтау.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

Сондай-ақ, сапар барысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған топ мүшелері қаладағы және Бөрлі, Теректі аудандарындағы білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарын аралап көрді. Аталған сала қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, Мемлекет басшысы тарапынан жүктелген міндеттердің ауылдық жерлерде жүзеге асырылу мүмкіндігімен танысты.

Осы күні Премьер-министрдің орынбасары өңір тұрғындарын жеке қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағалары да өз салалары бойынша нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Үкімет мүшелері ертең көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды аралап, облыстың Бәйтерек, Тасқала және Теректі аудандарында болады деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Премьер-министрдің орынбасары бұған дейін өз әріптестерімен бірге Атырау облысында болған еді. Жұмыс сапары алдағы уақытта Ақтөбе, Маңғыстау және еліміздің өзге де өңірлерінде жалғаспақ.

Жанат Жангелді

Дереккөз: baq.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.