13-05-21 |
600 рет қаралған
Шығыс Қазақстанда белгісіз аурудан мал қырылып жатыр.
Шығыс Қазақстанда белгісіз аурудан мал қырылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының Шілікті ауылында ірілі-ұсақты мал белгісіз аурудан қырылып жатыр. Соңғы екі аптада бір шаруашылықтың өзінен жүздеген бас қозы өліп қалған. Бұл туралы  Arasha.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Зайсан ауданы Шілікті ауылы халқының айтуынша, белгісіз індет сәуір айының соңында басталған. Содан бері жүздеген бас сиыр өлген. Мал иелері сауып отырған сиырынан да, жаңа туған төлінен де айырылған. Қорадағы қозылар да қынадай қырылып жатыр. Мал баққан ел ауруды байқай сала бар білген ем-домдарын жасап, аман алып қалуға тырысуда.

«Жеке бір үйде емес. Барлық үйде сол. Бірақ келіп жатқан комиссияны көргеніміз жоқ. Ана өлген малға өтемақы бере ме, бермей ме? Мына заманда білмеймін. Соған көмек жасаса», – деді Шілікті ауылының тұрғыны Сәуле Ысқақова.

Шіліктіліктер өлген малға ешқандай акт да жасалмай жатқанын айтып ашынып отыр. Жұқпалы індет пе деп қорыққан ел өлген мал өлексесін тастайтын қорымға өздері апарып жатыр. Ал оған жетпей ауыл маңында жатқан жемтіктер де аз емес екен. Зайсан ауданы әкімінің орынбасары мал иелерімен кездесіп, соңғы үш күн бойы сынама алып, ауруды анықтап жатқандарын айтады.

«Ветеринарлық басқарманың мамандары, арнайы зертхананың мамандары келіп, арнайы сынамалар алынып, облысқа апарып сараптама жасатамыз», – деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров.. Әкім орынбасары сонымен қатар, кейбір ауырған мал жазылып кетті деді. Бірақ белгісіз ауру екенін растады. Ал ауыл халқы адамға жұқпай ма деп алаңдап отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.