23-02-21 |
630 рет қаралған
Жаңатаста қаза болған бес баланың туыстары жараның бетін тырнамауды сұрады.
Жаңатаста қаза болған бес баланың туыстары жараның бетін тырнамауды сұрады

Жамбыл облысының Жаңатас қаласында тұрғын үйде тіркелген өрт кезінде қаза болған бес баланың жақындары бүкіл елге үндеу тастады. «Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көндігуден басқа амалымыз жоқ» деген қара жамылған отбасының жақындары жараның бетін тырнай бермеуді өтінді.

Оқиға айтылған сайын бес перзенттің ата- анасына ауыр соққы екенін айтқан туыстары КТК арнасына сұқбат берді.

Болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаудан мезі болдық дейді қаза тапқан балалардың туыстары.

«Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, қитұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым: Тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын. Бұл біздің бірінші әрі соңғы мәлімдемеміз болса» – дейді марқұм балалардың туысы Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Қайғыдан қан жұтып отырған отбасын ешкімнің мазаламағанын сұраған туысқаны өрттің неден шыққанын айтып берді.

«Өрттің болғаны – балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа – электр тоқ, газ, буржуйка деп, біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік», – дейді Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұр. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Тек осы подьездің тұрғындарына ғана үйіне кіруге рұқсат.

Оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасы оралмайды. Себебі, осы жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары, ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты.

Қаралы отбасы: «Бізге моральдық, психологиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес» – дейді.

Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Ал өздерінің де ерлі-зайыптыға баспана әперуге мүмкіндігі бар екен.

Жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер берілетін болды.

«Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлармен 3 млн. теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді»,-дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы пәтерде болған өрттен бір отбасының бес баласы қаза болды.  Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған.

Елді есеңгіреткен оқиғаға қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласында өрттен қаза болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты.

Кейін желіде отбасыға қатысты тың деректер шықты. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өрт кезінде қайтыс болған бүлдіршіндерге желіде  жоқтау арнады.

Қайғылы жағдайға байланысты шұғыл құрылған арнайы комиссия Жаңатаста бес бүлдіршіннің өліміне әкелген өрт тез тұтанғанын хабарлады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.