Жыл басынан бері прокурорлардың наразылығы бойынша сомасы 5 миллиард теңгеден асатын 13 сатып алу тоқтатылды. Сметалар мен техникалық құжаттамадағы асыра бағалау 400 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Үш жыл ішінде мемлекеттік сатып алу және бюджет саласында 9 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Негізсіз төлемдер 50 млрд теңгені, тиімсіз жоспарлау – 19 млрд теңгені құрайды. Прокуратураның мәліметіне сәйкес өнім жеткізушілерді жосықсыз деп тану туралы сотқа уақтылы жүгінбеген 178 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл мәліметтер Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың төрағалығымен бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу туралы заңның сақталуы мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысында аталды.
Іс-шараға облыстық мәслихаттың төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, мемлекеттік және уәкілетті органдардың басшылары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан облыс прокуроры Мемлекет басшысының бюджет қаражатын үнемдеу және басым емес шығындарды азайту жөніндегі тапсырмаларын орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Әкімдікке бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттілігі және жосықсыз жеткізушілерді бақылау үшін электронды платформа құру ұсынылды.
Бюджетті жоспарлау және атқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шешімдер аймақтың экономикалық жағдайын егжей-тегжейлі талдауға негізделуі және инвестицияның басым бағыттарын ескеруі тиіс.