Оқиға «Ай Көркем» жекеменшік балабақшасында орын алған. Бала денесіндегі көгерген іздер мен жарақатты байқаған ата-аналар балабақша басшылығынан бейнебақылау жазбаларын талап еткен. Бейнежазбаларды көрген ата-аналар шок жағдайда қалды. Кадрларда тәрбиешінің екі сағат бойы балаларға қатыгездік көрсеткені анық көрінеді. Ол балаларды сызғышпен, дәптермен ұрып, теуіп, қолдарынан сүйреп жүрген.
Осы жағдайдан кейін тәрбиеші дереу жұмыстан шығарылды. Балабақша әкімшілігі ата-аналардан кешірім сұрап, мұндай қызметкерлерге ұжымда орын жоқ екенін мәлімдеді.
Зардап шеккен баланың ата-анасы тәрбиешіге қарсы полицияға арыз түсірді. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті түрде анықтау үшін кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Полиция бейнебақылау жазбаларын тексеріп, куәгерлерден жауап алуда. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады Шымкент ПД өкілдері.