24-06-22 |
930 рет қаралған
Тоқаев қазақстандықтарды Назарбаевқа құрметпен қарауға шақырды.
Тоқаев қазақстандықтарды Назарбаевқа  құрметпен қарауға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында саяси оқиғалар мен жаңа міндеттерге қатысты ойын білдірді.

Arasha.kz Қазақстан президентінің сөзінен үзінді ұсынады.

«Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. 

Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн. Олардың тиімді ұсыныстарын және бастамаларын мұқият қарау қажет.

Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды.

Ел ішіне іріткі салатын жат идеологиялар қоғамға қатер төндіреді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдар өте көп. Олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқару керек. Қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал.

Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Бұл дұрыс.

Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан, Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал, қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн.

Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек. Көп сөздің қажеті жоқ, нақты іске көшуге тиіспіз. Басты міндет – осы», – деді президент.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.