02-10-20 |
380 рет қаралған
Праймериз: Дауыс беруге мәжбүрлемекші болғандар партиядан шығарылды.
Праймериз: Дауыс беруге мәжбүрлемекші болғандар партиядан шығарылды

Әлібек Әлденей, «Nur Otan» партиясының хатшысы:

Құрметті достар!
Сағат 15.00-дегі мəлімет бойынша «Праймериз» жүйесінің жұмысы бір қалыпқа түсті. Партияластардың барлығы дауыс бере алады, техникалық іркілістер шешімін тапты.
Осы сəтке дейін ел көлемінде 390 мыңнан аса партиялық өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл – жүйеде тіркелген барлық адамның жартысына жуық, яғни 49%-дан астамы.
Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ жерлерде тұратын партиялықтар ертең, 3 қазанда арнайы сайлау учаскелерінде қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс бере алады. Қолда бар ақпаратқа сəйкес, 82 214 партиялық қағаз бюллетень арқылы дауыс беру құқығын пайдаланады.
Ақпараттық жүйедегі сұраныстарды өңдеуге байланысты іркілістер мен қиындықтар бойынша ахуалды жан-жақты түсіндіре кетейін. Электронды форматта дауыс беру Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Праймериздің алғашқы күнінен бастап біз жүйеге түсетін салмақтың аса ауыр болатынын түсіндік.
Кешеден бері партиялықтар мен қоғам тарапының назары жаппай праймеризде дауыс беру барысына ауды. Бір мезетте көп адамның ақпараттық жүйеге кіріп отыруы техникалық ақаулықтар тудырып жатыр. Сонымен бірге кандидаттар мен олардың сенімді тұлғалары да онлайн режимінде дауыс беру барысын жіті қадағалап отырғанын білеміз. Кешеден бері жүйеде тұрақты түрде 50 мыңнан астам пайдаланушы отыр. Желілік ауыртпалық негізінен екі бағытта: дауыс беру процесі мен нəтижесін белгілеуге түсіп тұр.
Өткен түнде ақпараттық жүйенің мамандары өндіртіп жұмыс істеді. Сұраныстарға оңтайландыру жүргізілді. Енді дауыс беру жəне оның нəтижелерін қарау функциялары екі сервер мен интернет-сайтқа бөлінді. Дауыс беру https://vote.primaries.kz/ арнайы бөлімі арқылы жүргізіліп, ал нəтижелері https://primaries.kz/ порталында шығарылады.
Енді дауыс беру нəтижелерін primaries.kz сайтында ғана көруге болады. Сондай-ақ, дауыс беру нəтижелерін өңдеу мен аралық қорытындыларын шығару кестесі де жаңартылды. Деректер əрбір 30 минут сайын жаңартылып отырады. Бір мезетте өте ауқымды көлемдегі сұраныстардың түсуіне байланысты дауыс беру нəтижелері баяу жүктелуі мүмкін.
Техникалық қызмет жұмысы тəуліктік режимге көшірілді.
Тағы да атап өтейін, «Праймериз» жүйесі дауыс берудің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Əрбір дауыс есепке алынады, өңделеді жəне жүйеде көрсетіледі.
Құрметті партияластар!
Праймеризде үгіт жұмыстарын жүргізу кезінде шынайы бəсекелестік болды деп санаймын. Дауыс берудің соңғы нəтижелері шыққанға дейін əлі уақыт бар. Тұжырым жасауға, қорытынды шығаруға
əлі ерте. Барша праймериз қатысушыларын үгіттеу қарқынын бəсеңдетпей, соңғы сəтке дейін əрбір дауыс үшін күресуге шақырамын!
Дауыс берушілерді мəжбүрлеуге жəне оларға қысым көрсетуге жол беруге болмайды. Сіз үшін шешім қабылдауға ешкімнің қақысы жоқ! Бұл – сіздің құқығыңыз жəне партияның ғана емес, еліміздің болашағы үшін қабылдайтын шешім үшін жеке жауапкершілігіңіз.
Əділ дауыс беру талабын бұзудың қандай да бір жолына қатаң тосқауыл қойылды. Айыпты болғандарға тиісті шара қолданамыз. Партиялық бақылау комитеті күшейтілген режимде жұмыс жасауда.
Ереже баршаға ортақ, ешкімге артықшылық берілмейді.
Осы орайда, қадап айтатын нəрсе – жалаң айыптау болмауы тиіс. Барлық арыз-шағымды нақты фактілермен негіздеу қажет.
Қазіргі кезде Партиялық бақылау комитеті Лаура Маликованың мəлімдемесінде айтылған дауыс беруді бұрмалау фактілеріне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Егер олар расталса, онда тəртіп бұзушылыққа жол берген кандидат додадан шығарылатын болады.
Мысалы, Түркістан жəне Ақмола облыстарында партиялықтарды дауыс беруге мəжбүрлемекші болған азаматтар «Nur Otan»-нан шығарылып, жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласында праймеризге қатысушы 3 кандидат тіркеуден шығып қалды. Олардың қатарында Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары да бар. «Праймериз» ақпараттық жүйесінде партия мүшелерін тіркеу кезінде тəртіп бұзушылыққа жол бергені үшін Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына, «Ардагер» БПҰ, «Гүлдер» БПҰ, «Станция Балхаш» БПҰ мен «Шипагер» БПҰ төрағаларына тəртіптік жаза қолданылды. Тəртіп бұзушылықтар мен жазалаулар туралы мəліметтерді ақпарат құралдары арқылы жариялап отырмыз.
Кез келген тəртіп бұзушылық бойынша (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хабарласуға болады.
Партия праймеризді барынша ашық, əділ жəне шынайы бəсеке түрінде өткізуге мүдделі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.