18-06-21 |
770 рет қаралған
Елімізде пандемия кезінде 200-ден аса дәрігер қаза болды.
Елімізде пандемия кезінде 200-ден аса дәрігер қаза болды

Үкімет дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастады.

Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.

Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын айтты.  

«Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді», – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.

«Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.