15-07-20 |
960 рет қаралған
Адасқандарды оңалту оңай шаруа емес.
Адасқандарды оңалту оңай шаруа емес

Қазақстан діни сенімге қолдау көрсетіп, азаматтардың таңдауына еркіндік берген зиялы мемлекет қатарынан. Еліміздің Ата заңында да бұл мәселе құқықтық тұрғыда реттелген. Әлемдегі дін өкілдерін астана төріне жинап, өз ұстанымын білдірген Қазақстанның діни сенімге қатысты бағдары айқын, мақсаты нық. Дінтанушылардың форумын өткізуді жылдағы дәстүрге айналдырған еліміздің бұл мәселеге жіті назар аударатынын да байқау қиын емес.

Елімізде бүгінде 7 мыңға жуық дінтанушы қызмет етеді. Сонымен бірге, дін істері басқармасынан бөлек, мектеп, жоғары оқу орындары, түзеу мекемелерінде теологтар тұрақты жұмыс атқаруда. Кәсіби мамандардың деструктивті ағымдарға қарсы күрес жүргізуде  маңызы зор.  Осы саланы жіті зерттеп жүрген философия ғылымының кандидаты Мақпал Жекебаеваның айтуынша, елімізде қалыптасып отырған бүгінгі діни жағдайды реттеудің үш жолы бар.  Оның алғашқысы – түсіндіру жұмыстарымен өзектес. Яғни, діни мәселелердің алдын алу үшін адрестік ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жандандыру кезек күттірмейді. Екіншіден, интернет кеңістігіндегі  радикалды идеологияға қарсы тұру, онда жарияланған сауатсыз, арандатушылық бағытындағы ақпараттарға сақ қарап, жедел жауап беру маңызды. Сонымен қатар, дестурктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту да бүнігі күн тәртібіндегі басы ашық мәселенің бірі.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Сергей Швыкин ұсынған деректер бойынша, елімізде 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологияның  ізбасары бар. Қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бақылау күшейтілгенімен, деструкивтік ағымдардың  ықпалына түскен азаматтар саны да азаймай отыр. Бүгінге дейін жақындарының сөзіне көнбей, өз ұстанымын алға тартып шетел асқан қазақстандықтардың саны да  800-ден асқан. Мұндай жағдайдың алғашқы дерегі 2008 жылы тіркелген болатын. Адасқан азаматтардың өзі ғана шекара аспай, отбасын да қауіп-қатерге тіккені белгілі. Өзге елдер жат ағымның жетегінде кеткен жандарды шекарадан өткізбей, шет қағып жатқанда Қазақстанның қателік жасағандардың түзелуіне мүмкіндік беруі де салиқалы, сауапты қадам болды.

«Жусан» операциясы арқылы елге оралып, жаңа өмір бастап жатқан отандастарымыздың барлығы өздерінің ойсыз әрекет жасағанын мойындап отыр. Деструктивті діннің шылауына түсушілерге тосқауыл қойғымыз келсе, «Жусан» операциясының көмегімен елге келгендердің тозаққа толы өмірі туралы жиі айтып, қателіктерін өз ауыздарынан жұртшылыққа жеткізу керек.  Сонымен қатар, діни ахуалға жауапты құзырлы орындар мен дін өкілдерінің өмірлік ұстанымы, өзіндік көзқарасы қалыптаспаған, ой-санасы тұрақсыз әлеуметтік топтармен тұрақты жұмыс жүргізу керек. Әсіресе, жастар, студенттер мен жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға айрықша назар аударған жөн.

Қоғамның өзі діни сенімін желеу етіп, өзге елдердің соғыс ошағында болып қайтқандарға оң қабақ танытып отырған жоқ. Көпшілігі елге келгендердің діни көзқарасының өзгеретініне күмәнданады. Тіпті олардың қалыпты өмірге оралған соң баяғы дағдысымен жат ағымға үгіттеуі мүмкін дейтіндер де баршылық. Шындығында адам санасын оңалту оңай шаруа емес. Жылдар бойы жинақталған теріс түсінікті бір сәтте өзгерту қиын. Сондықтан    деструктивті ағымдағы азаматтарды оңалтуға, түсіндіру жұмыстарына өте тиянақты қарау керек. Оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі оның қуанышты, ренішті  сәттерінде бірге болып,  сұқбаттасу.

Соңғы үш жыл ішінде діни сауатты көтеруге көмектесетін 78 мыңнан аса әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылған. Бұған қоса, күнделікті бақылаудың нәтижесінде интернет кеңістігінен 25 мыңға жуық материал алынып отыр. Мұның бәрі жат ағымдардың уағыз айтып, жаңа адамдарды өзіне тартуға көмектесетін кез келген мүмкіндікті мүлт кетірмейтінін көрсетеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.