02-07-20 |
660 рет қаралған
Діни сауатты көтеру ісіне бейжай қарау қате.
Діни сауатты көтеру ісіне бейжай қарау қате

«Қамысты бос ұстасаң қол кеседі» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы босаңсытсаң «қолыңды кесіп», басқаруға бағынбай кететін мәселенің бірі әрі бастысы – дін. Оған ең алғаш Ақтөбенің көп адам біле бермейтін Шұбарши ауылында болған теракт көзімізді жеткізген болатын.

Бұған дейін көпшілігіміз теракт деген сөзді теледидардан, шетелдік фильмдерден ғана естігенбіз. Көзі тұманданып, санасы уланып, ессіз қадамдарға барған адамдар сол фильмдермен бірге тек ойымыздың бір түкпірінде тұратын. Дәл осындай әрекетке біздің де бауырларымыз баруы, біздің таныстарымыз да дін ықпалында кетуі мүмкін деген ой ол кезде ешкімнің қаперіне кіріп шықпайтын. Шұбарши ауылындағы жағдай діни ойымызға төңкеріс жасады. Еліміздегі діни ахуалдың бақылаусыз кеткенінен, жат ағымдардың жымысқы әрекеттермен елді іштен іріте бастағанынан хабардар етті. Бұл етек-жеңімізді жинап, дінге жіті көңіл бөлуге алып келді.

Қарап тұрсақ, тәуелсіздік алған тұста діни сенім бостандығына кепіл болу арқылы жат пиғылды жандардың жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруына жол ашқан екенбіз. Соны пайдаланғандар көшеде еркін жүріп, өз діндеріне жұртты кедергісіз үгіттейтін болды. Түрлі кітапшаларын таратып, жиындарына шақырған уағызшыларға кедергі келтірмеуіміз де өзгелерге шексіз сенгеніміздің белгісі болар. Аңдыған жаудың алмай тынбайтынына ол кезде аса көңіл аудармадық. Тек 2011-2016 жылдар аралығында Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Алматыда орын алған терактілер жастарды жат дінгі насихаттаушылардан арашалау керектігін ұқтырды. Баласының ішімдік ішіп, түн жамылып көше кезгенінен гөрі, мешітке барып, намаз оқығанын тәуір көргендердің де алғашқы терактілерден кейін күдігі көбейгені рас. Себебі басында тек намаз оқып, сауапты әңгімелер айтқан жастар кейіннен өз жетекшілерін ғана тыңдап, ата-анасының өзін кәпірге балайтын, дәстүрлі тәрбиеден бас тартатын сәттері көбейген еді.

Діни ахуалды реттеуге қатысты қадамдар да алдымен Ақтөбеден бастау алғаны белгілі. Алдымен өңірлерде дін істері басқармалары құрылып, Бас прокуратураның жетекшілігімен жүзеге асырылған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы да аймақ халқының діни сауатын арттырып, теріс ағымдардың ықпалынан сақтауға бағытталды. Осыдан кейін барлық құзырлы орындар жұмылдырылып, діни радикализм мен экстремизмге қарсы күрес барынша күшейтілді. Бұрын тек облыс, қала деңгейінен аспайтын түсіндіру жұмыстары енді шалғайдағы шағын ауылдарға дейін жетті. Дін өкілдерінен, теологтардан, психологтар, заңгерлерден құралған жұмыс топтары облыс, ауданды қойып, ауыл-ауылдарды аралап, халықтың діни сауатын көтеру бойынша жұмыс жүргізді. Дегенмен, бақылаусыз қалған жылдары сыналап санаға сіңген жат түсінікті бір демде ұмыттыру, миы уланған жандарды бірден қатарға қосу мүмкін еместігін уақыт көрсетті. Соған орай, діни ахуал күмән туғызатын Шалқар, Темір, Мұғалжар, Байғанин мен Алға аудандарында жұмыс топтары белсенді іс-шаралар өткізіп, діни зерттеу орталықтарының құрылуына мұрындық болды. Мұндай орталықтар жағдайға мониторинг жүргізіп, деструктивті діни ағымдар жетегінде кеткен адамдармен жеке-жеке жұмыс істей жүріп, мәселенің шынайы картинасын жасауға көмектескен еді.

Әрине «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, бұл жұмыстарда негізгі қиындық Ақтөбенің дін істері қызметкерлеріне түскені сөзсіз. Өңірдегі Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, қазіргі кезде де діни экстремизмге жол бермеу, жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау ағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Тіпті басқарма қызметкерлері түзеу мекемелеріне барып, тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын өткізіп тұрады. Әсіресе «діни экстремизм мен терроризм» бабы бойынша сотталып, жазасын өтеп жатқандар жіті назарда. Өйткені, олар жалғыз емес. Олардың жақындары, бауырлары, балалары, достары бар. Сөзі өтімді, ықпалды жандар түзеу мекемесінен шыққаннан кейін де айналасын «лаңдауы» әбден мүмкін. Сондықтан, оларды бостандыққа шыққанша санасын өзгертіп, діни сауатын көтеру, қателескенін ұғындыру міндет. Әлібек Жәнібекұлының айтуынша, теріс ағымдар ықпалындағы адамдарды қалыпты өмірге оралту да оңай шаруа емес. Олардың санасын өзгертуге аз уақыт кетпейді. Адасқандардың түзелуіне кейде 1-2 ай жеткілікті болса, кейбіреулерін тәрбиелеуге бір жылға дейін уақыт керек болады.

Өзгеге ақыл айтып, өзіңе сендіру үшін білім керек, тәжірибенің болуы да маңызды. Елдің діни сауатын көтеру үшін мамандардың сауатын арттыру, біліктілігін шыңдау қажет еді. Осыған орай, Ақтөбенің дін істері басқармасы жұмыс топтарының қызметін үйлестіре отырып, жергілікті имамдар мен теологтардың білімін жетілдіруге де көп көңіл бөлді. Соның нәтижесінде Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған 68 мешіттің діни қызметкерлері қосымша дәріс алды. Маман жетіспеушілігін орнын толтыру мақсатында Алматыдағы НұрМүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне 19 бала білім алуда. Оның сегізіне облыс әкімі грант беріп отыр. Бұл да әкімшілік тарапынан діни ахуалдың сақталуына барлық мүмкіндік қарастырылып жатқанын көрсетсе керек. Бірақ осыншама іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, Ақтөбе өңіріндегі діни терроризм деректері толығымен жойылып кеткен жоқ. Оны жыл сайын облыстық сотта Қылмыстық кодекстің «терроризмді насихаттағандар мен терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғандар», «террористік топ құрып, оған басшылық еткендер» мен «заңсыз қару сақтап, қолдан жарылғыш зат жасағандар» бабымен айыпталғандардың тыйылмай отырғанынан бағамдауға болады. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанованың айтуынша, 2018 жылы Қылмыстық кодекстің жоғарыдағы баптары бойынша cегіз адамға айып тағылып, сотталған. Ал 2019 жылы дәл осындай 7 қылмыстық іс қаралды. Осының өзі дін мәселесіне әлі де селқос қарамау керектігін, діни сауаттандыру, жастарды жат ағымдар ықпалынан сақтау шараларын бір сәт те босаңсытуға болмайтынын көрсетеді.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.