08-07-20 |
1570 рет қаралған
Миссионерлер мүлгімейді.
Миссионерлер мүлгімейді

Қазір дінтану сабағы орта білім беретін мектептерде  9-сыныптан бастап оқытылады. 15 жас шын мәнінде балалар үшін ақыл тоқтатын, оң-солын ажырататын, жақсы мен жаманның ара жігін айыра білетін кезең. Дегенмен, аптасына бір рет, 40 минут қана оқытылатын дәріс барысында балалар діни таным, түсінігін кеңейтіп, жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыра алады деп айта аламыз ба? Мәселе осында!

Діни сауаттылықты арттыратын пәннің мектеп бағдарламасынан орын алғаны құптарлық. Бір жыл уақытқа есептелген бұл дәрістер барысында оқушыларға ислам дінінің алтын тамыры ғана емес, теріс діни ақпараттардан сақтанудың жолдары да оқытылатыны қуантады. Үлкен талас-тартыспен енгізілген бұл пәннің оқулығын  сапалы дайындауға да үлкен маңыз берілгені белгілі. Өйткені балалардың дінге деген алғашқы түсінігінің түзу болуы осы діни әліппенің сауатты жазылуына тікелей байланысты. Десек те, мектептегі дінтану сабағының сапалы өтуіне кедергі келтіретін түйтілдер аз емес.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, дінтану факультетінің түлегі Мақпал Шынтаеваның айтуынша, мектептегі діни сауатқа тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Белгіленген сағат саны да аз. Тек 9-сыныптарға оқытылатындықтан дінтанудан дәріс беретін мұғалімнің жүктемесі өте төмен. Сондықтан осы саланың нағыз мамандары мектептерге келіп дәріс беруге ынта таныта қоймайды. Соның кесірінен бұл пәнді көбінесе діни сауаты талапқа сай келмейтін өзге пәннің мамандары атқарады. Мектепте сағаты аз, бегіленген жүктемені толтыру үшін амалсыз  дінтану пәнінен сабақ беріп жүргендер жеткілікті. Шалғайдағы ауылдар тұрмақ, ірі қалалардың өзінде дінтанушы мамандар жетіспейді.

Сондай-ақ, Мақпал Шынтаеваның айтуынша, Қазақстандағы бірінен кейін бірі орын алған террактілерден кейін дін саласын жетік білетін кәсіби мамандар әзірлеуге құлшыныс артқан. Әкімдіктерден арнайы бөлімдер құрылып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасалған болатын. Әрі көптеген мекемелерде дінтанушы маман бірлігі енгізілген. Алайда, жағдай тұрақталып, діни мәселелер реттеле бастаған соң дінтанушыларға деген сұраныс та төмендеген.

Шын мәнінде дін мәселесіне енжар қарауға болмайды. Әрі бұл іс мектептегі аз ғана сағаттық сауат ашу курсымен шешіле қоймайды. Өйткені, миссионерлердің мүлгімейтінін, теріс ағым өкілдерінің бір сәт те тыныш жатпайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мәселен Иегова куәгерлері Алматы облысы Қаратұрық ауданындағы интернатты «қамқорлығына» алып, бірнеше жыл қолдау көрсетіп келген. Ата-анасынан жырақта жүрген балаларға мейрам сайын сыйлық үлестірген олардың ниеті бір қарағанда түзу сияқты. Алайда, кәмелетке толмаған балаларға діни кітаптар үлестіру қаншалықты дұрыс? Бала да жас тал секілді, жел қалай соқса, солай қарай иіледі. Сол секілді, зиянсыз болып көрінген бұл қамқорлықтың да балалар санасын өзгертіп, діни танымына әсер етпегеніне кім кепіл?

Осындай жаңдай Ақтөбеде де орын алды. Террактілердің бастауы болған Ақтөбенің діни мәселеге сақ қарайтыны белгілі. «Аузы күйген үрлеп ішпей» ме? Алайда, құзырлы орындардың қадағалауы қаншалықты мықты болғанымен бұл өңірде де жат ағымдағылар саңылау тауып, өз мақсаттарына жетуге тырысқан. Балаларды қайырымдылық асына шақырып, артынша діни кітаптар таратқан діни бірлестіктің батылдығына қайран қалмасқа әддің жоқ,  Бұл оқиғаға қатысы барлар да жан-жақты тексерілген. Облыстық дін істері басқармасының хабарлауынша, тыйым салынған діни кітаптарды «Нұр» інжілдік-хрестиан баптистік бірлестігінің өкілдері үлестірген. 2012  жылы Әділет департаментінде қайта тіркеуден өткен бұл бірлестік қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы адам тартуды көздеген. Өкінішке орай, қайырымдылық шараға балалардың ата-анасы жазбаша келісім берген. Ал біздің заң діни бірлестіктердің өз ғибадатханаларында кіта таратуына, уағыз айтуына рұқсат береді. Осыдан көріп тұрғанымыздай, жастарды жат ағымнан сақтау үшін алдымен ата-ананың жауатылығын арттыру маңызды. Одан кейін діни сауатты көтеру ісіне кәсіби мамандарды тарту керек.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.