30-07-20 |
730 рет қаралған
Құрбан айт: Мұқтаж адамдардың саны неге көп?.
Құрбан айт: Мұқтаж адамдардың саны неге көп?

Биылғы Құрбан айт мейрамы елдегі коронавирус жағдайына байланысты онлайн түрде өтпек. Осы мақсатта Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы арнайы сайт іске қосты. Онда құрбан шалуға ниет еткен адамдар онлайн тапсырыс жасай алады. Сондай-ақ сайтта мұқтаж жандар да өтініш жасауына болады.

Биылғы құрбан айт мейрамы діни басқармаға ерекше жауапкершілік жүктеп отыр. Оны Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінен байқауға болады.

«Өте жауапты, салмақты шаруаны мойнымызға алып отырмыз. Ниет етіп қаражатын төлеген азаматтардың аманатына адал болуымыз керек. Етке зәру жандардың да тілегі ескерілсін. Біз бұл істі сауап алу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Мемлекет карантин режиміне қарамастан Діни басқармаға осы рәсімнің өтуіне оңтайлы жағдайлар жасауда. Сондықтан игі істе аянып қалмайық. Ислам – мейірім діні. Біз имамдар осы шараны да мейіріммен атқарайық» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

qurban2020.kz сайтында күнделікті статистика жарияланып жатыр. Мәселен, 29 шілде күнгі статистикаға қарағанда, Алматы, Нұр-Сұлтан және облыс орталықтары бойынша қаржысын төлеп, құрбандыққа шалынатын малға тапсырыс бергендердің жалпы саны 1 387 адам болған. Ал құрбандыққа шалынатын малға онлайн тапсырыс жасап, бірақ қаржысын төлемегендердің жалпы саны 2 958 адам. Ал qurban2020.kz сайтындағы статистикада мұқтаж жандардың жалпы саны 18 036 жеткен. Яғни құрбан шалушылардан гөрі мұқтаж жандардың өте көп екенін байқауға болады.

Құрбан айт мерекесінде бұрынғы жылдары статистика жарияланбайтын. Биылғы коронавирус инфекциясының таралуына байланысты онлай құрбандық өмірімізге енгендіктен діни басқарма онлайн құрбандықтан ашық әрі шынайы болуын қамтамасыз ету мақсатында статистика жариялап отыр. Осы статистика бізге жоғарыдағыдай мәліметтерді көруге мүмкіндік берді.

Жалпы мұқтаж жандардың өсуіне биылғы көктемнен басталған коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай одан кейінгі карантиндер әсер етіп отыр деуге де болады. Өйткені карантин шаралары көптеген қызмет көрсету салалары мен базалардың, сауда орындарының жұмысын шектеуге мәжбүр етті. Негізінен сауда-саттық, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін мыңдаған адамның қаржылық жағдайы күрт төмендегені айтпаса да түсінікті. Үкімет 42 500 теңге көлемінде бір ретті әлеуметтік көмек тағайындағанмен бұл қаражат әлеуметтік жағдайды жақсартып жібермейтіні түсінікті. Біздің ойымызша, құрбан айт статистикасында мұқтаж жандардың күрт өсуінің бір себебі жоғарыдағы мәселелер де болса керек.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы құрбан мейрамына байланысты жылдағыдай түсіндіру жұмыстарын да қолға алды. Осы орайда діни басқарманың құрбандыққа шалынатын малға қатысты сақталуы тиіс негізгі талаптарды жария етті. Ол:

  1. Пышақты малға көрсетпей қайрау;
  2. Малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
  3. Құрбан шалуға ниет ету;
  4. «Бисмиллә, Аллаhу Акбар» деп айту;
  5. Малдың өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын кесу;
  6. Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту.

Діни басқарманың мәліметінше, республика бойынша «ҚМДБ Халал» сертификатына ие болған 39 қасапхана мен 389 қасапшы бар екен.

Биылғы Құрбан айт мейрамы әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының таралуына байланысты осындай өзгеше жағдайды өтпек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.