05-07-20 |
1000 рет қаралған
Зиянды ақпарат таратқандардың діни сауаты кем.
Зиянды ақпарат таратқандардың діни сауаты кем

Діни тақырыбын жүрдім-бардым, жеңіл-желпі жазуға болмайды. Бұл үлкен жауапкершілікті, ыждағаттылықты талап ететін мәселе. Көшілікке ұсынатын ақпараттарды екшеп, зерттеп алмай, жария етудің салдары ауыр. Әсіресе, қазақтілді аудиториясында діни тақырыптар ерекше белсенділікпен талқыланады. Неше жылдан бері айтылып, жазылып келе жатса да қазақтілді аудитория әлі күнге дейін хиджап кию, діни мектептер ашу, діни киіммен мектепке келу тақырыптарын қызу сөз етеді. Дінге қатысты пікірлерді көпшілігі ауыр қабылдайды. Әрі мұндай талас-тартыстардың мәдениетті өрбімей, дөрекі, анайы айтысқа ұласатыны да ойландырмай қоймайды. Мұның өзі бізде діни ұстанымға сай әдепті сөз таластырудың ауылы алыста жатқанын аңғартса керек.

Тағы бір кемшілік – бүгінде әлеуметтік желідегі жекелеген азаматтар діни тақырыптарды өзін танытудың, оқырманын көбейтудің бір мүмкіндігі ретінде пайдаланады. Көпшілікті қызықтыратын, талас тудыратын сұрақтарды ортаға жазып, пікір тудыруды мақсат еткен олардың оқырманы да бір сәтте көбейетіні жасырын емес.

Сонымен бірге, кейбір рейтингін көтергісі келетін, танымалдығын арттырғысы келетін сайттар да кейінгі кезде діни мәселелерді жазуға әуес болып жүр. Өкініштісі, мұндай сайттардың да «қулығын» діннен шала сауатты азаматтар түсіне бермейтін. Содан келіп шикі жазылған материалдарды бірден екіншіге бөлісіп, сайттың оқырманын көбейтуге, атын танытуға атсалысқанын байқамай да қалады.

Жалпы алғанда діни тақырыптардың қызу талқылануы бұл бағыттағы сауаттың кемдігінен хабар берсе керек. Дәл осы салаға бейімделген, діни тақырыптарды өндітіп жазатын журналистер жағы да бізде кемшін. Бұқаралық ақпарат құралдары діни мәселелерді қозғағанда тек дін өкілдерін сөйлетумен шектеледі. Әрине, өзің білмейтін тақыры туралы шала материал ұсынғаннан осы ортаның түйткілдерін жетік білетін, кемшіліктерді батыл айтатын, терең талдайтын мамандарға сөз берген әлдеқайда артық. Дегенмен, журналистердің зерттеуі, ізденуі дін мәселесіне қатысты таластарға тыйым салуға қауқарлы болары анық.

 Бұқаралық ақпарат құралдарына шолу жасағанда журналистер арасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралу мәселесі мен қаупі туралы дұрыс зерттеу жасалмағанын аңғару қиын емес. Тілшілер тек мәселенің беткі жағын қалқып ұсынады. Көшілігінің өзі ұсынып отырған тақырыпты талдауға өресі жетпейді, немесе ынтасы бола бермейді. Ал халыққа шын жаны ашитын журналист жалған діни террористік-экстремистік ұйымдардың бетін ашып көрсетуі керек. Кейде өз жұмысын жасаймын деп жүріп теріс пиғылдылардың мақсатына еріксіз қызмет етіп, құралына айналып кететін тілшілер де бар. Бұл да діни сауаттың кемдігінің, ұстанымының төмендігінің салдары.  Мысалы қазір діни экстремизм және терроризм бабы бойынша істі болып жатқандардың басым бөлігі зиянды діни әдебиеттерді сақтап, таратқаны үшін, әлеуметтік желілерде бөліскені үшін сотталуда. Көпшілігі өндірдей жастар. Айыпталушы орындығына отырғанда солардың бәрі дерлік өзі таратқан ақпараттың зиянды екенін білмегенін, бұл үшін жауаптылық барынан хабары болмағанын алға тартып жатады. Тіпті «өзіме ұнаған ақпаратты бөліскенде тұрған не бар?» деп түсінбестік танытатындар да кездеседі. Сондықтан журналистер жастардың діни зиянды әдебиеттерді таратқанын айтып, қанша жылға сотталғанын жазумен шектелмеуі керек. Қандай әдебиеттер діни тұрғыдан зиянды екенін, әлеуметтік желілерде қандай жауаптылықты сақтау қажеттігін арнайы сарапшыларды сөзге тарта отырып түсіндіруі, халықтың көзін ашуы керек. Кейбір әдебиеттердің зиянды екенін жастар тұрмақ, оларды тәрбиелеп отырған ата-ана да білмеуі мүмкін. Журналистер осыны ескергені жөн. Қалай айтсақ та, мәселенің себебінен гөрі салдарымен күрескен пайдалырақ. Әсіресе, ғаламторға байланып, барлық ақпаратты әлеуметтік желілерден алып отырған жастардың жат ағымдар жетегіне кетпеуіне назар аударып, қатаң қадағалаған абзал. Бұл істе журналистерге де үлкен міндет артылып отыр.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.