Біз
әлеуметтік
желіде
13-06-25 |
470 рет қаралған
«Аманаттың» депутаты «Аманатпен» соттасып жатыр.
«Аманаттың» депутаты «Аманатпен» соттасып жатыр

Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Дамир Ташқараев «Amanat» партиясын сотқа берді. Ол мәслихатқа осы партияның тізімімен өткен, бірақ кейін партияның бастамасымен «депутаттық әдепті бұзды» деген себеппен мүшеліктен шығарылған. Ташқараевтың айтуынша, негізгі себеп — облыс әкімі сөз сөйлеп жатқанда оның сөзін бөліп жібергені.

Депутат Шайқорық ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысына қарсы қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, сессияда өз пікірін білдірген. Бұл үшін мәслихат төрағасы Абдалы Нұрәлиев партия филиалының басшысына шара қолдануды сұрап хат жолдаған.

Осы хат негізінде партияның облыстық бюросының алты мүшесі (толық құрам — 9 адам) Ташқараевты қатардан шығарды. Айта кетейік, бұл процеске хат авторы Нұрәлиевтің өзі де қатысқан.

Кеше Тараз қалалық сотында осы іске қатысты алғашқы тыңдау өтті. Ташқараев мәслихат сессиясында әкім күн тәртібіне кірмейтін тақырыпта ұзақ сөйлегенін, өзі тек нақты мәселелерге көшуді сұрағанын айтты. Партиядан шығару ешқандай дәлелсіз жүргізілгенін жеткізді.

Оны белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та қолдап шықты: «Дамир – ұлттық сана-сезімі терең, адал азамат. Қазіргі қоғамда мұндай жігіттер сиреп кетті», – деді ол.

Ташқараев сот арқылы партия шешімін жоққа шығарып, мәслихаттағы орнын қайтармақ. Сот не шешім қабылдайтыны алдағы уақытта белгілі болады.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.