Біз
әлеуметтік
желіде
04-03-25 |
170 рет қаралған
Ашықтық – жалған ақпараттың таралуына жол бермейді.
Ашықтық – жалған ақпараттың таралуына жол бермейді

Ақпараттық заманда толассыз тараған хабарламалардың рас-өтірігін анықтау қиын боп барады. Соның салдарынан күмәнді деректерге сеніп сан соғып қалып жатқандар көп. Тіпті, жалған ақпарат таратқандарға қолданылатын жаза да азаматтарды көп ойландыра бермейтін сияқты.

Дегенмен, жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қою үшін құзырлы органдардың жұмысы жүйелі, қызметі ашықтық пен жеделдікке негізделуі керек. Жазаны айтып, жауаптылықтың белгіленуін ескертумен жаман әдет тыйылмайды.

Алысқа бармай-ақ Алматы қаласының іргесінде орын алған жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты таралған жалған ақпараттарды алайық. Сол күндері ақпаратты бір-бірінен жарыса көшірген сайттар кейде қағыс, кейде әдейі деректерді бұрмалап жатты. Ал әлеуметтік желілердегі желдей ескен хабарламалардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін айырып болмайтын еді. Оқиғаны күрделендіріп, бояуын барынша қоюлатқан азаматтар бір сәтте полиция қызметін іске алғысыз, әкімшілік жұмысын түкке тұрғысыз етіп, Талғар ауданын ұйымдасқан топтар басқаратын криминалды аймаққа айналдырды. Бұл сөзге республиканың түкпір-түкпіріндегі халық шүбәсіз сенді. Тіпті толассыз тараған ақпараттар Талғар халқының өзін «біз шынымен қылмысты аймақта тұрып жатырмыз ба? Айналамызда осындай тірлік болып жатқанын қалай білмегенбіз?» деген дүдамал ойға жетеледі.

Құзырлы органдар қарсы ақпарат таратып, жалған ақпаратшыларға шектеу қоймаған соң, ақпараттық ахуал күн өткен сайын асқына түсті. Жағдайды жіті бақылап отырған әр өңірдің қызуқанды жігіттері «атқа мініп», Талғарға келе жатқандарын айтып, ахуалға немқұрайды қарамайтындарын ашық білдірді.

Осындай дүрбелеңнің салдарынан Талғар жұртшылығыныі ойын үрей биледі. Халықтың құқық қорғау құрылымдарына, билікке деген сенімсіздігі күшейді. Азаматтар жалғыз жүруден қорқып, балаларын кеш батса үйден шығармайтын болды. Ел қорқынышпен өмір сүре бастады. Жақындарының ертеңіне алаңдаған жұртшылық қоныс аудару жағын ойлай бастады. Құқықтық, зайырлы мемлекеттің ертеңіне күмәнмен қарайтындар саны артты. Міне, бір оқиға аясында өрбіген жалған ақпараттар осылайша ел ішін ала тайдай бүлдірді. Жалған сөз тәуелсіздіктің отыз жылдан аса уақытында атқарылған ауқымды жұмыстардың барлығын бірақ сәтте түкке алғысыз етіп, жоққа шығарды. Жалған ақпараттың пәрменділігіне бұдан артық қандай мысал айтуға болады?

Ал елдің іргесін даудан аман сақтап, жағдайды ретке келтіру үшін құзырлы орындар не істеді? Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі құзырлы органдардан көмек сұрап, аймақты күні-түні күзетіп, тыныштықты бақылап отыру үшін қосымша әскерилердің қызметіне жүгінді. Одан қалды, полиция басшыларын, әкімдіктің жауапты қызметкерлерін орындарынан алып, дереу жаңа құрамды жасақтады. Баяғы бабаларымыз «өткелде ат ауыстыруға болмайтынын» шегелеп ескертіп кетсе де, дәл осы қадамға барған басшылықтың сол кездегі әрекетін түсіну қиын. Басшыларды қызметтен алу – ашулы халықты сабырға шақырудың бір амалы, шарасыз қадамы  екені рас. Бірақ, жаңа құрамға білдей ауданның жұмысын санаулы ғана уақытта қабылдап алу, одан қалса, ел жіті бақылап отырған оқыс жағдайды қалыпқа келтіру оңай болмайтыны анық.

Жалпы, сол тұста қабылданған бұл іс-шараларға дұрыс не бұрыс деп баға беру де қиын. Жалпы алғанда жағдайды реттеуге бағыттағы жұмыстар ашықтыққа негізделуі керек еді. Баласының зарын, мұңын айтқан қаралы отбасының мүшелері көп сайттарға сұхбат бермес бұрын, республикалық телеарна, газеттерге шақырылып, оқиғасының ақ-қарасы ажыратылуы тиіс болатын. Және мұндай мінберді басқа емес, дәл Талғар ауданының құзырлы орын өкілдері ұйымдастырып, ұсынуы қажет еді.

Екіншіден, Талғар ауданының әкімі мен полиция бастығы сағат сайын болмаса да, бір күнде бірнеше рет оқыс оқиға бойынша қандай әрекеттер жасалып жатқаны туралы ашық ақпарат беріп, халықтың көкейіндегі сауалдарға нақты, бүкпесіз жауап беруі керек болатын. Сонда азаматтар құзырлы орган өкілдерінің жұмысынан толық мағлұмат алып, көкейінде сауал болса, келесі ашық диалог барысында оған жауап берілетіні сенімді болары анық. Мұндай кезде елдің ойында үрей емес, сенімділік орнығады. Ал біздің басшылар халықпен жүздесуден қашады. Сөйтіп өз қолдарымен жалған ақпараттың таралуына жағдай туғызады.

Біздің еліміздегі көптеген мекемелердің баспасөз қызметі де халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге, ақпаратты жүйелі таратуға қауқарсыз. Мұндай кемшілік Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі кезінде де анық байқалды. Мысалы осы тұста ауданның полиция, әкімдігі сауатты ақпарат таратуға дәрменсіз болса да, қолында үлкен ресурсы мен мүмкіндігі бар облыстық әкімдік пен облыстық полиция басқармасының жедел ақпарат таратуға толық қауқары жететіні даусыз еді. Бірақ, қолдағы ресурсы мен мүмкіндігін олар сол сындарлы сәтте пайдалана алмады.

Сосын бізде басшылардың тұлғалық қасиеті төмендеп барады. Себебі, басшылардың көпшілігі халықпен етене араласуға, ашық диалог орнатуға құлықты емес. Соның салдарынан өз аймағының басшысын танымайтын азаматтар көп. Шындығында басшыларды танытатын, халыққа жақындататын осындай оқыс жағдайлар. Егер аудан, облыс әкімдері елдің ортасында жүрсе, олардың сөзі де өтімді, айтқаны да пәрменді болатын еді. Ал өзі танымайтын, тұлға ретінде мойындамайтын басшы сөзінің халық арасында қадірі жоқ.

Осы бір оқиғаның мысалында сөзімізді түйіндер болсақ, жалған ақпарат таралмауы үшін:

Біріншіден, жергілікті құзырлы органдардың жұмысы ашық, халыққа қолжетімді болуы керек;

Екіншіден, құзырлы органдардың баспасөз қызметі жедел ақпарат таратуға, оқиға орнынан түсірілімдер жасап, кейіпкерлерді сөйлетуге қабылетті болуы тиіс;

Үшіншіден, жауапты тұлғалар ел ішінде тараған ақпараттың шын-өтірігін ажыратып, БАҚ өкілдеріне ашық, жедел мәлімет беруді жолға қоюы керек;

Төртіншіден, құзырлы орган басшылары ашық диалог орнатудан, халықпен тікелей пікірлесіп, ой-пікірін білуден қашпауы керек; Бесіншіден, осы тұста жалған ақпарат таратушыларды жедел анықтап, оларды Қазақстан заңнамаларына сай жауаптылыққа тартып, халық алдында қателігін ашық мойындату да кезек күттірмейді. Күні кеше лепіріп, жұртты дүрліктіріп отырған азаматтың бүгін қателігін түсініп, көпшіліктен кешірім сұрауы жалған ақпарат таратудың заңға қайшы екендігін көпшілікке ұқтырары талассыз.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.