05-02-24 |
4970 рет қаралған
Бүкіл құқықтың барлығын балаларға беріп, жалаңаштанып жатқан жоқпыз ба? – депутат.
Бүкіл құқықтың барлығын балаларға беріп, жалаңаштанып жатқан жоқпыз ба? – депутат

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Әйелдердің құқытары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы» заң жобасының таныстырылымында депутаттар әйелдерімен жанжалдасатын ерлерді түсінуге шақырды.
Депутат Анас Баққожаев отбасылық жанжалды әйелдің жауапкершілігіне артып, қазақи тәрбиеден алшақтап барамыз деп налыды.

«Еркектің ең сорлысы ғана әйел адамға қол көтереді, дегенмен де ұрыстардың бәрі бірден ұрудан шықпайды ғой. Ерлерді де кішкене түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды. Сол жанжал неден туындайды? Әрине әйелдің тілінің ұзындығынан. Әйел адамдар кешірсін мені. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақтың сөзі бар, «жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» дейді, болмаса, «ерге жаққан әйел – елге де жағады» дейді. Біз кішкене қазақылықтан, қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз өкінішке қарай. Сондықтан менде сұрақ, бізде қазіргі таңда Қазақстанда оқу орындарында қыз балаларды инабаттылыққа тәрбиелейтін қандай сабақтар өткізіліп жатыр?», -деді депутат.

«Еті сенікі – сүйегі менікі»

Заң жобасының талқылауында қазақы тәрбие туралы айтып, мақалдаған жалғыз депутат Баққожаев емес, мәжілісмен Жанарбек Әшімжан да тәрбиені қаузады. Депутат Әшімжан бала тәрбиесі туралы ескі мақалды мысалға келтірді.

«Бір кездері біз мұғалімнен қорқушы едік, қазір мұғалімдер балалардан қорқады. Өте ертеде аталарымыз айтатын сөз «Еті сенікі – сүйегі менікі» деп мектепке беретін. Тиісті нормалар бар иә, бірақ тиісті деңгейде өзіміздің ұлттық ұстанымымыз бар, тәрбие бар. Бүкіл құқықтың барлығын балаларға беріп, жалаңаштанып жатқан жоқпыз ба? Жаңа бір әріптесім айтып жатыр, баласы әкесіне айтқан: «Маған бір ауыз артық сөз айтсаң, сотқа беремін» деген екен. Әкенің қас-қабағы деген бар. Қоғам болған соң әр түрлі тәрбиедегі адамдар болады. Біз мына заңның ішінде, кей бір жағдайларда отбасы құндылығын, ұлттық тәрбие дейтінді осы заңның ішінде қаншалықты қарастырдық?» -дейді Ж. Әшімжан.

Статистика бойынша, жыл сайын елімізде 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Ал ЮНИСЕФ мәліметі бойынша Қазақстанда күн сайын 5-6 бала отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.