17-09-18 |
2490 рет қаралған
Электронды сот жұмысты жеделдетті.
Электронды сот жұмысты жеделдетті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VI сьезінде сот құрылысын жетілдіру, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу жайы талқыланған болатын. Осы мақсатқа жету үшін елімізде электронды сот жүйесін дамыту, соттар қызметіне ақпараттық технологияны енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Әсіресе, бұл бағыттағы жұмыстар Ұлт Жоспарынан кейін неғұрлым жандана түсті.

Соған орай бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті», «Электронды шақыру қағаз», «Сот құжаттарымен танысу», «SMS-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысу CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция арқылы сот төрелігін жүзеге асыру сияқты жаңа ақпараттық технологиялар қолданысқа енгізілді.

Президент Жарлығымен 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітіліп, жоспар-құжатта халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығын арттыру қажеттілігі баса назарға алынған болатын. Елімізде осы цифрлы технологияға ең алғаш қадам басқан да Жоғарғы Сот болатын. Осыған орай, жедел ақпарат алмасудың технологиясы дамыған шақта сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылып, ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың толықтай игілігін көріп отыр. Атап айтсақ, ұтқыр бейнеконференц байланыс арқылы азаматтар қай қалада болсын уақытын үнемдеп, тікелей байланысқа шығу мүмкіндігіне ие. Осыған орай істер жедел қаралып, қауіпсіздік тетіктері қамтамасыз етіліп, бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу жеңілдеді. Мұндай әдіспен өткен жылы жергілікті соттарда 1254 қылмыстық іс қаралған.

Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес тергеу судьясына сот отырысын бейнебайланыс режимінде өткізу құқығы берілген. Сайып келгенде сот жүйесінің жетілдірілуі Қазақстанның сот төрелігін іске асыру тұрғысында әлемдік стандарттарға сай жаңа белестерді бағындырумен байланысты болмақ. Оған бүкіләлемдік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингі бойынша Қазақстанның 2016 – 2017 жылдары «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша 68-орынды иеленіп, сот жүйесін дамыту және сот актілерінің орындалуы бойынша өз позициясын екінші жыл қатарынан мығымдап, 9 – орыннан көрініп отырғаны дәлел.

Сот жүйесінің бейнеконференц байланыс арқылы жұмыс істеуге көшуі ең алдымен уақытты, одан соң қаржыны үнемдеуге септігін тигізбек. Сондықтан да болса керек, былтырғы жылы бейнеконференц байланысы арқылы жергілікті соттар 1289 іс пен материал қараған. IOS және Android платформаларына бейімделген мобильді қосымшаның көмегімен процеске қатысушы адам шетелде жүрсе де, басқа қалада болса да сот отырысына қатыса алады. Яғни, сот жүйесінің ақпараттық технологияларды молынан пайдалануы азаматтар үшін қолайлы екенін дәйектейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болса, облыстық, қалалық сот ғимараттарындағы баспасөз қызметіне барып қандай да бір сот процесін бастан аяқ бейнеконференц байланыс арқылы бақылаулай алады. Бұл заманауи бейнеконференц-байланысы  сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат  құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік бермек.

Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында Жоғарғы Сот тарапынан бүгіндері жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар, соттардың халықпен өзара іс-қимылындағы барлық мәселені кеңінен қамти отырып, республикамызда «электронды сот төрелігін» мейлінше дамытуға, төрешілдік кедергілерді болдырмауға, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, ел тұрғындары игілі үшін сот жүйесінің қолжетімді әрі барынша ашық болуына жағдай туғызады.

 Е.АЙТПАЙ,

сот әкімшісі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.