10-05-18 |
2830 рет қаралған
Әйелдерге қатысты әлімжеттік азайған жоқ.
Әйелдерге қатысты әлімжеттік азайған жоқ

Әйел-ана – әуелі отбасының ұйтқысы, одан кейін мемлекеттің іргесін нығайтушы. Сол себепті қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру – мемлекет саясатының құрамдас бөлігі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығында отбасылық зорлық-зомбылық түсінігіне нақты сипаттама берілген. Соған сүйенсек, отбасылық зорлық-зомбылық ол отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсету, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап моральдық зиян келтіру, бірінің екіншісіне жасайтын кез-келген қасақана іс-әрекеті.

Өкінішке қарай, қоғамның қарыштап дамуына қарамастан нәзік жандыларға қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Өткен жылы Ақжайық аудандық №2 сотында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 67 әкімшілік іс қаралып, 14 тұлға әкімшілік қамаққа алынды. Екі тұлғаға әкмішілік айыппұл салынса, бір адамға ескерту түріндегі жаза қолданылып, 48 іс қысқартылды.

Жаһандану дәуіріндегі рухани-адамгершілік тәрбие талай мемлекетті толғандырып отырған өзекті мәселе. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығы жоғалмаған, дәстүрлі құндылықтары жойылмаған қоғам ғана елеулі нәтижеге қол жеткізе алмақ. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының тұралауы сияқты әлеуметтік жағдайлар құндылықтардың құлдырауына басты себептердің бірі. Зайырлы қоғамда, құқықтық мемлекет орнатып жатқан елде өмір сүріп жатсақ та, елімізде әйелдерге қатысты әлімжеттіктер толық жойыла қойған жоқ. Ең өкініштісі нәзік жандыларға қиянат, зорлық көбінесе өз отбасында жасалатындығы. Әйел-ананың құқығын қорғау басты назар аударатын мәселелердің қатарында енуі сондықтан. Бұған Елбасымыз да «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп ерекше мән беретіндігін аңғартты.

Жаратылысынан жүрегі жомарт қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де, кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Осы себепті де көбіне қазақ әйелдері отбасындағы олқылықтарды сыртқа шығара бермейді. Балаларының ертеңін, жанұяның бұзылмауын бірінші орынға қояды. Сөйтіп, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады.

Алайда, кешірімнің қадірін білмейтін, зайыбының жанұядағы жағдайды сыртқа шығармауға тырысқан шыдамдылығын пайдаланған кейбір пасықтар отбасындағы теріс іс-әрекеттерге қайта барып жатады. Ондайларға Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңына сәйкес сот қаулысымен әкімшілік шаралар қолданылады. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Аталған құқықбұзушылықтардың алдын-алуда, олармен күресуде учаскелік полиция қызметкерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Өйткені, тәуліктің кез-келген уақытында түскен хабарлама бойынша құқықбұзушылық орын алған жерге әуелі барып жететін де солар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында соттың, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинарлар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, мемлекетіміздің гендерлік саясатын насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан азаматтарымыз ар-ождан бостандығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Елбасымыз айтқандай, дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір іс-әрекетке қарсы тұратын уақыт жетті. Бұл түптеп келгенде, баршамыздың, ауыл-елдің тыныштығының, берекелі тұрмысымыздың кепілі екені анық.

Тамара ҒҰМАРОВА,

Ақжайық аудандық №2 сотының төрайымы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.