Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуына, медициналық
көмек алуына, өзі қалаған жұмыспен айналысуына барынша жағдай жасалған. Мұндай жұмыстар тек облыс орталықтарында жүргізілмейді.
Сауапты істі аудан, шағын қаланың əкімшілігі де жіті қадағалап отыр. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын заңдардан бөлек, «Мүгедектерді оңалту» бағдарламаларын басшылыққа алуда. Бағдарлама сан-салалы. Бұл құжатқа сəйкес, жыл сайын мүгедектерді арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, гигиеналық құралдармен жабдықтауға қазына қоржынынан қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан, кемтар туысы бар отбасылардың мемлекет тарапынан бөлінетін бұл игіліктен
шет қалмағаны дұрыс.
Ірі қалаларда ғана емес, аудандарда да «Инватакси» қызметінің іске қосылуы игі бастаманың бірі. Қоғамдық көлікпен қозғалуға мүмкіндігі жете бермейтін дімкəс жандар қазір инватаксидің рахатын көруде. Əрі мұндай қызметтің пайдалы екенін түсінген кəсіпкерлер де өз қалтасынан қаржы бөліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт, жеңілдік сыйлап отыр. Инватаксидің қызметін пайдалану соншалықты қиын емес. Кемтар жандар өз қажеттіліктеріне сай арнайы тапсырыс қалдырса болғаны. Белгіленген мерзімде келген такси мүмкіндігі шектеулі жандардың шаруасын тез əрі қиындықсыз бітіруіне қол ұшын береді.
Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес мүмкіндігі шектеулі
балаларға үйде əлеуметтік қызмет көрсету секторы да жүйелі жұмыс атқаруда. Əлеуметтік қызмет көрсетуші қызметкерлер арнайы кесте бойынша мүгедек балаларға барып, сауықтыру жаттығуларын жасатады. Бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, консультативтік, медициналық жəне құқықтық көмек беруге күш салады. Себебі, кемтар бала бағып отырған ананың жүгін
жеңілдету мемлекеттің міндеті. Мұндай аналар бір кемтар баласы үшін басқа дені сау балаларын назардан тыс қалдыра алмайды. Сондықтан, дімкəс балаларды оқыту, серуендету, массаж жасау, сауықтыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру шараларын да əлеуметтік қызметкерлер тиянақты атқарады.
Бұған қоса, мүгедектерді жұмысқа орналастыру жəне оларға «кедергісіз орта» қалыптастыру жөнінде бекітілген іс-шаралар жоспарына сəйкес əлеуметтік қызметкерлер үнемі бос жұмыс орындарына жəрмеңке өткізуді жақсы дəстүрге айналдырған. Мұндай шаралардың нəтижесі де көңілге шуақ ұялатады. Жыл сайын арнайы жəрмеңке ұйымдастырылып, кемтар жандардың мəселесі талқыға салынған соң жұмыс берушілер де бұл іске өз
үлестерін қосуға белсене кірісуде. Соның арқасында жыл сайын жұмыспен қамтылатын мүмкіндігі шектеулі жандар саны артып отыр.
Өзінің қоғамға қажет екенін, жұмыс істей алатынын білу, өзгелердің
мұның қызметіне зəру екенін сезіну кемтар жандарға сенімділік сыйлайды.
Бүгінде мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке кəсіпкерлердің
қолдауымен еркін еңбек нарығында қызмет етіп жүрген кемтар жандаржеткілікті. Тіпті, мемлекет тарапынан арнайы несиенің бөлінуі мүгедектердің ешкімге алақан жаймай, өз арманын іске асыруына, өзі қалаған кəсіпті алып кетуіне жол ашуда. Денсаулығында кінəратқа қарамастан, қиындыққа мойымай алға ұмтылған, жұмысын дөңгелентіп отырған кемтар жандар
баршамызға үлгі боларлықтай.
Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Қанат Əлқожа
аяғы кеміс болғандықтан, екінші топтағы мүгедек. Мұның шекіп басатынын көріп кейбір мекемелер жұмысқа қабылдаудан бас тартқан. Бірақ, кедергіге мойымаған Қанат басында бабабақшаға күзетші болып нəпақа тапқан. Кейіннен интернет арқылы табыс табудың тəсілдерін зерделеген ол аулаларды гүлдендіру, ағаштарды отырғызу, түрлі ландшафтар жасайтын мамандарға сұраныстың жоғары екенін байқайды. Елдің əл-ауқаты артқан сайын бұрынғыдай қоршауды жағалатып тал егіп, жолдың бойына гүл
отырғызудың сəннен қалғанын ұққан Қанат Əлқожа түрлі сəндік ағаштарды өсіріп, баптаудың, ауланы сəндеудің əдістерін үйрене бастайды. Сонымен бірге, арнайы интернет сабақтарды тыңдап өзінің білімін жетілдіреді. Үйренгендерін алдымен өзінің ауласына жасап көрген ол ісіне қызығушылардың көптігін байқаған соң ақырындап тапсырыс ала бастайды. Əуелі аз-маз ақшаға көршілерінің, таныстарының ауласын гүлдендірген ол
бір жылдан кейін мемлекеттік мекемелердің тапсырыстарын орындауға батыл кіріседі. Қазір оның еңбегіне сұраныс жоғары. Қанаттың қолымен жасалған сұлулыққа қызыққандар талап етілген соманы да қиналмай береді. Өмірден өз орныңды табу деген осы болса керек.
Гүлназ Əсенғазы
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
05.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024