Ақиқатты айтты екен деп аш қандаладай талайтындар талай берсін, бірақ егер әлем халықтары арасында мақтаншақтықтан дүниежүзілік чемпионат өткізілсе бүгінгінің қазақтары Бас Бәйгені шаппай алары хақ. Бұл жалғанда не көп, мақтанам десең себеп көп екен. Қазір еркін тақырыпқа шығарма жазған мектеп оқушысы сияқты ойына келген, аузына іліккенді жазып, оған пьеса, поэма, роман деп ат қойған біреу шетелдегі әлдебір фестивальға қатысып төсбелгі (значок) немесе қатысты деген сертификат әкелсе де қазақты әлемге танытып келді деп бүкіл телеарна мен «Қазақ әдебиеті» газеті азан-қазан болады. Әнебір жолы өздерін бүгінгі қазақ әдебиетінің тұтқасын ұстап тұрғандай көретін бір-екеу сондай бір төсбелгі тағып келіп «Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлық» лауреты атағын алдық» деп қырып кете жаздады. Тіпті, сондай «значок» алған ерлі-зайыпты екеуді «Қазақ әдебиеті» газеті бұлар әлем әдебиетіне үлкен үлес қосушылар деп жазды.
Бір-екі кішкентай ұл-қызымыз шетелге барып күйсандық тартса да, шахмат ойнап келсе де олар қазақты айдай әлемге танытып келген болып шығады. Тіпті, олар сол елді «бағындырып» келгендер атанады.
Қазақстанның кілең қазақтар тұратын аймағында туып-өссе де қазақша екі-үш сөздің басын қосып сөйлегенін ешкім көрмеген Илья Ильин деген зілтемірші де қазақты алты құрлық, төрт мұхитқа танытушы атанды. Телеарналар тағы у да шу. Бірақ кейін ол да допинг деген әлдебір дәрі-дәрмекпен «әруақ шақырушы» екені аян болып, абыройымыз айрандай төгілді. Міне, мақтаншақтық жемісі! Әнебір жылдары Қазақстан өз мұнайы арқылы Кувейтке айналайын деп жатыр деген дүбір шықты. Телеарналарда ұлы шу! Әлдебір министріміз БҰҰ-ның мәжілісінде ағылшын тілінде сөйлесе де, қазақты әлемге танытыпты. Астанада тұратын бір-екі өлеңшінің кітабы испан тіліне ақша төлеп тәржімаланып испандардың аузынан сілекейін шұбыртыпты. Бір әттеңі – мына тұрған Ресейдің орыстарының көбі Абай мен М.Әуезовті білмейді екен. Біздің ұранқайлар ол екеуін әлем түгел біледі деп соғады. Айтпақшы, сұлулығы, көркемдігі жөнінен әлемге әйгілі небір шетел шаһарларынан Астанаға келген дипломаттар Астананы көргенде оның сұлулығына таң қалып, аузын ашып, көзін жұмып тоқтап қалады екен. Әнебір жолы сүт қатпаған талқы қара шайдай сұйқылтым сөзді судай сапыратын И.деген қайраткеріміз қазақтың талай ғасырларда өмір сүрген 28 ханы атқара алмаған істі Елбасымыз бірер жылда бітіріп тастады деп қойып қалды. Ал көшелер толы ұран. Құрысын, қайсыбірін айтып тауысасың, Қазақстан жүз жылда атқарылмаған небір ғажайып істерді 5-10-ақ жылда тап-тұйнақтай қылған екен. Баяғыда «мақтаншақтың к… ашық» дегенді өзі шығарған қазекем бүгінде оны айтуға тыйым салды. Оның орнына елдегі қыруар кемшілік пен келеңсіздікті айтсаң «негативный адам» атанасың.
– Осыдан екі жыл бұрын тамыз айында Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында болдым, – дейді бір досым. Бұл Орта Азия республикаларындағы ең үлкен де шырайлы шаһар. Халқының саны бес жарым миллион шамасы. Біздің Алматыдан 4 есе үлкен, ал Астанадан? Құдай біледі. Көшелерінде біздегідей «Келешегіміз кемел», «Болашағымыз бақытты», «Қазақстан алға» т.б. сияқты ұранды сөз көрмедім, – дейді ол. – Ол кезде Өзбекстан президенті, иманды болғыр Ислам Каримовтың көзі тірі. Бірақ оның не суреті, не ұран тастаған сөздері ілулі тұрған бірде-бір көше не майдан (алаң) көрмедім. Екі тәулік мейманханада жатып телеарналарын көргенімде бір ауыз мақтаншақтық байқай алмадым. Бүкіл телеарна тек өзбек тілінде. Көшеде орыстардың өзі өзбекше сөйлеп жүргенін көрдім. Қазақтар 26 жыл ішінде 1-1,5 миллион ғана көбейді. Ресейден азаттық алғанда бар-жоғы 16 миллион өзбек бүгінде 34 миллионға жақындап қапты. Ау, жағдайы нашар болса, қалай соншама көбейіп кеткен дейсің, іштей. Бірақ олар бізге ұқсап мақтанбайды. Е-е, Құдайдың бергені де деп қояды. Бірақ өзбек ұлтының көбеюіне басты-басты екі себеп бар: Біріншіден, өзбек қатындары өліп бара жатса да аборт жасатып, қолдан түсік түсірмейді. өйткені, олар қолдан түсік түсіру – адам өлтірумен бірдей деген Құран сөзін құрметтейді. Құдайдан қорқады. Екіншіден, оларда үйленіп отбасын құрғаннан соң айрылысу деген жоқ. Міне, олардың көбеюінің сыры осында. Енді осы екі жағдаятты қазекемдермен салыстырайық. Астанадағы белгілі бір атақты университеттің жатақханасында қыз-жігіт аралас тұрады. Күйеуге тиіп аборт жасататындарды айтпағанда осындағы шәкірт (студент) қыздардың өзі жүкті болып аборт жасатуы үйреншікті іске айналып кеткен көрінеді. Екіншіден, қазақ қыздары бүгін күйеуге тиіп (олар қазір күйеуін «жолдасым» деуді «модаға» айналдырды) арада ай өтпей айрылысып жатады. Және оған еш қысылып-қымтырылу дегенді білмейді. Өйткені, олардың Кеңестік тең праволы болып құтырынған шешелерінің өзі ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып, еркекті беттен алып, төске шауып үйренгендер. Олар енді гендерная политика, феминизм, сияқты әйел жыныстыны аласұртып қою саясатын жүргізетін Қазақстанның азаматшалары. Олар күйеуінің көзіне шөп салғаны үшін салдақы атанып қара есекке теріс мінгізіліп қарабет болудың орнына Қазақстанның бүкіл қатын-қалашына, қыздарына телеарнадан ақыл айтады. Кітап жазады. Ал күйеуі ар-намысы тапталғаны аз болғандай 9 жылға түрмеге тығылады. Қазақ қыздары осылардан үлгі алып, телеарнадан Аша Матай дегеннің «Қалаулымын» көреді. Өзбек қатындары «күйеуім», «қожайыным» десе қазақ қатындары «жолдасым» дегенді ойлап тапты. Әйел жыныстысы бұлайша құтырған ұлт азғындап, ақыры жойылып бітетіні талай дәлелденген.
Сақал қыратын ұстарам өтпей қапты, – дейді сол досым. – Содан жақын жердегі Әмбебап дүкенге бардым. Аузымнан қалай шығып кеткенін білмеймін, қатар-қатар жатқан ұстараның біреуін көрсетіп сатушыға: «Вот эту, вот покажи»» деп орысшалап жіберіппін. Сатушы өзбек кісі бетіме ажырая қарап: «айнанай, қазақча түшінәміз, қазақча айтауәрің» демесі бар ма?!». «Ой, кешіріңіз, кешіріңіз!» – деп ұстараны алып кетіп бара жатқанымда әлгі сатушы өзбектің жанындағы екінші өзбекке қарап: «О, анаңны… Бұ қазақларның һаммасы рус боп кеткен, анаңны» дегенін естіп қалдым. Ішімнен «дұрыс айтасың, дұрыс айтасың» дедім кетіп бара жатып.
Айтпақшы, олардың телеарналарында да біздің «Жаңалықтар» сияқты хабарлар бар. Олар «оқборот» дейді екен. Сол «жаңалықтарын» «әлім жеткенше» түсінуге тырысып тыңдадым. Соның бірде-бірінде «өлтіріп кетті», «сәби қызды зорлапты», «баласы әжесіне пышақ салып өлтіріпті», «өз сәбиін өзі өлтіріпті», «асылып өліпті», «үстіне бензин құйып өртеніп өліпті» деген сияқты біздегідей жантүршігерліктер айтылғанын көрмедім.
Айтпақшы, Өзбекстанда қарттар үйі деген бәлекет жоқ, – дейді досым. – Ал Ташкент түбіндегі Чиланзардағы жалғыз қарттар үйінде өзбек шалын не өзбек кемпірін көрмейсің. Өзбекстан мешіттерінде Қазақстан мешіттеріндегідей «соблюдайте чистоту» деген орысша жазу жоқ. Олардың мешіттерінде жұрт біздегідей бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жатқан жоқ. Бәрі бір мезгілде бірге кіріп, бірге шығып жатады. Ал Қазақстан қалаларында қаптап тұрған «Букмекерская контора», «Олимп», казино, ломбард дегендерді ашуға рұқсат жоқ. Мына қызықты қараңыз: осы күні Ташкентте тұратын орыс қыздарының ішінде есімі Нигара, Наргиза, Дильбар, Гүлбахар дегендер көп екен. Ал қазекемнің қыздарының есімі Анеля, Альбина, Аселя, Жанеля болса, Әйгерімдер – Айгера, Айша – Аи-и-ша, Айдана – Айда-а-а-н болды.
Өткен жылы исі қазаққа белгілі бір қаламгер Лондонға барып қаланың қақ ортасында «Самарқанд» деген өзбек мейрамханасынан дәм татыпты. Ішінде өзбек музыкасы сайрап тұр, өзбектің ұлттық тағамының түр-түрі тұр дейді. Ал қазір Қазақстанның қарапайым асханасынан қазақша ас ішудің орнына амлет, көтлет, қоттоқ жеп қайтасың. Қайран ата-бабамыз «Құдайдан қорықпайтын адамнан қорық» дейді екен Солар айтқандай, бүгінде өзін-өзі өлтіру, ата-анасын өлтіру, туған баласын өлтіру, бұрын адам естімеген суицид, педафил дегендердің шығуы, бала-шағасымен басқа тілде сөйлесу, өз ұлтының салт-дәстүрін сақтамау сияқты толып жатқан кесапаттардың, әсіресе қазақ арасында көбеюі Құдайдан қорықпаудан болып жатқан сияқты. Айтпақшы, асханада ас пісіретін, кәуап пісіретін өзбектер арасында мынадай да үрдіс бар көрінеді. Олар сол тағамдарды пісірер алдында қолын жайып «Иа, Алла! Менің осы пісірген ауқатымды жеген мұсылманға күш-қуат кіріп, маған олардың сауабы тигей!» деп дұға оқып, шын пиғылымен кіріседі екен. Сірә, олардың асханаларындағы ас-су біткеннің дәмі өзгеше татымды болатыны да содан ба, кім білген?!
Әңгімемізді өзіміздің мақтаншақ екенімізден бастадық қой, енді сонымен аяқтайық. Әнебір кезде бір-екі қазақ байы қатындарын бірі Кипрде, бірі Мальтада, бірі Ямайкада босандырдым деп мақтанғанын оқыдым. Осыдан біраз бұрын жанында жолдас-жоралары, олардың көңілдес ашыналары бар бір қазақ Лондонға барып 3 миллион фунт стерлингке «туған күн» жасапты. Сонда болған бір бөсербай Астанаға келіп бір отырыста «ой, несін айтасыз, Тимекең сөйтіп қазақты Англияға танытты ғой» деп мақтаныпты. Бір данышпаннан біреу «біздің келер ұрпағымыз қандай болар екен» деп сұрапты. Сонда данышпан «біз келер ұрпаққа не қалдыратынымызды тексеріп, қарап көрейік, сонда олардың кімдер болатынын білеміз» деген екен. Ал бүгінгі Қазақстан қазақтың ертеңгі ұрпағына қандай тіл, қандай жер, қандай байлық, қандай тәрбие қалдырып барады? Соны ойлап отырған біреу бар ма екен? Мына мақтаншақтықпен, мына ұраншылдықпен қайда барып тоқтар екенбіз деп өз ойыңа өзің малтығып отырып:
Құр сағымды қуғандай құрық алып,
Атанбақшы ұлы ұлт, ұлы халық
Дінсіз, тілсіз «жұмаққа» қазақ жетер
Ескегі жоқ қайыққа мініп алып.
Ғажап та бар өмірде азап та бар,
Жоқ «жұмақты» өзіне қазақ табар
Ұлтсыздықты, тілсіздік, дінсіздікті
Үйренгісі келген жұрт, қазаққа бар! – дегің келеді екен.
Мырзан Кенжебай
Дереккөз: Abai.kz
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024