10-06-24 |
2420 рет қаралған
«Парасат» – тарихы бай кәсіптік одақтың бірі.
«Парасат» – тарихы бай кәсіптік одақтың бірі

Құқықтық мемлекетте үлкен ұжымдарда кәсіптік одақтар құрып, қызметкерлер мүддесін қорғау қалыпты жағдай. Содан болар, елімізде кәсіподақтар саны көп. Солардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында құрылған кәсіптік одақтың тарихы әріден басталады. «Парасат» деген ат алып, бүгінде Талғат Мекебаев жетекшілік ететін бұл ұйым жұмысын сонау 1959 жылы бастаған болатын.

Талғат Құмарғалиұлының айтуынша, университет кәсіподағының негізі жақсы қаланған. Өйткені, алғашқы жылдардан-ақ бұл ұйымның сапалы жұмыс жүргізуіне барлық мүмкіндік жасалған. Бүгінде аты елге жақсы танымал К.Үргенішбаев, талай білікті заңгерді тәрбиелеген Ю.Басин, В.Сидоров, университеттегі студенттердің білімнен бөлек, өнердегі, спорттағы жетістіктерінің көбеюіне негіз қалаған Т.Төреханов, Л.Ахметова, М.Мұқашева, Ш.Әмірбековтер кәсіподаққа әр жылдары жетекшілік ете отырып, бұл жұмыстардың алға басуына өз іздерін қалдырды. Ал 2011 жылдың 15 ақпанынан бері ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіптік одағының төрағасы қызметін Талғат Мекебаев атқарып келеді.

         Кәсіподақ тарапынан қолға алынған жұмыстар өте ауқымды. Философия ғылымының кандидаты, доцент Гүлнар Мәлікқызының айтуынша, кәсіподақ студенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударады. «Әр факультет көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттердің тізімін кәсіподаққа ұсынады. Осы тізімге сай кәсіподақ балалардың бір уақыт ыстық тамақпен қамтылуына көмектеседі. Сондай-ақ, кәсіподақтың ұсынуымен бұл топтағы студенттерге бір жолғы әлеуметтік төлем беріледі» дейді Гүлнар Мәлікқызы.

         «Парасат» кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Ольга Ложникова атап өткендей, әлеуметтік, қаржылай қолдауға ие болатын студенттер тізімі мұнымен шектелмейді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі студенттер, ата-анасының екеуі де жоқ студенттер, ата-анасының біреуінен айырылғандар, сондай-ақ, асқазаны және қант диабетімен ауыратын студенттер  категорияларына қарай ай сайынғы әлеуметтік көмекке ие болады. Мұндай игіліктен ерте отбасын құрған, балалы студенттер де шет қалмаған. Кәсіподақ тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін студенттер қажетті құжаттар мен анықтамаларды өткізуі керек. Ең бастысы, бұл категорияға кіретін студенттерді тегін жатақханамен қамту мәселесі толық шешімін тапқан.

Кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылған тағы бір оңды іс – тегін заңгерлік көмектің жолға қойылуы. ҚазҰУ – еліміз бойынша білікті заңгерлер дайындаудың қарашаңырағы саналады. Заң факультетінің 3-4 курс студенттері арасынан ынталыларды жинап, тегін заңгерлік кеңес орталығын ашқан кәсіподақ білім алушыларды құқықтық тығырықтан шығаруға барынша көмек көрсетіп келеді. Ал заң факультетінің студенттері үшін бұл теориялық алған білімін тәжірибеде ұштастырудың тамаша мүмкіндігі. Осылайша кәсіподақ бір студенттердің кәсіби өсуіне, тәжірибесін шыңдауына жол ашса, келесі студенттердің университет қабырғасынан шықпай, сауатты заңгерлік көмек алуына мүмкіндік жасап отыр.

Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» жергілікті кәсіптік одағы» ерікті, өзін-өзі басқарушы, коммерциялық емес қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол білім беру және басқа да салалардағы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамаға және бірлестіктің Жарғысына сәйкес жүзеге асырады. Заң шеңберінде жұмысын жүргізіп келе жатқан кәсіподақ қызметкерлердің еңбек құқығының бұзылмауын басты назарда ұстайды.

         Кәсіподақтың бастамасымен жолға қойылған істер мұнымен шектелмейді. Ұжым қызметкерлерінің жанашыры ретінде бұл бірлестік  ҚазҰУ-дың Тамақтану комбинатымен шарт жасаған. Осы шартқа сай, университет аумағында жұмыс істейтін тамақтандыру орындары қызметкерлерді диеталық тамақпен қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге, білім ордасының қызметкерлеріне жеңілдікпен тамақтану жағы да көзделіп отыр. Осының өзі кәсіподақтың қызметкерлер денсаулығына, олардың қаржылық жағдайына үлкен мін беретінін көрсетеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғауға мұқтаж қызметкерлердің категориясы анықталып, қолдау тетіктері айқындалған. Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының күшімен университет қызметкерлері үшін денсаулық секциясын ұйымдастыру да бірнеше жылдан бері шешімін тапты.

Талғат Мекебаев атап өткендей, университет қызметкерлерінің шипажай-курорттық емделуіне ақшалай қаржы бөлу және Ыстық көлде орналасқан шипажайлар мен спорттық-сауықтыру лагеріне жеңілдікпен жолдама беру де жыл сайын атқарылатын жұмыстың бірі. Бүгінде бұл игілікті ұстаздармен қатар үздік жұмысшылар мен студенттер де көріп отыр.

         «Парасат» кәсіподақ ұйымы жанынан «Сұңқар» студенттер мен магистранттардың кәсіподағы құрылған болатын. Бұл бірлестік 1999 жылғы 14 сәуірден бері жұмыс істеп келеді. Студенттер кәсіподақтың басты мақсаты ҚазҰУ-да білім алып жатқан жастардың әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мүдделерін, еңбек құқығын қорғау.

«Біздің студенттер білімді меңгеруде ғана емес, қосымша жұмыс істеп, уақытын тиімді қолдануда да қатарластарының алдында жүреді. Бірақ, студенттердің жастығын пайдаланып, кейбір жұмыс берушілердің еңбек келісімшартын толтырмауы, студенттерге жұмыс істетіп алған соң, түрлі сылтаумен ақысын бермеуі жиі кездеседі. Біз балаларды осындай жосықсыз, жауапсыз жауап берушілерден қорғаймыз. Бұл жерде кәсіподақ жанында жұмыс істейтін студент заңгерлердің көмегі ұшан-теңіз» дейді Гүлнар Мәлікқызы.

         Өз студенттерін жұмыспен қамтуда да ҚазҰУ-дың кәсіподағы аса белсенді. Кәсіподақ түлектердің ғана табысты болуын қамтамасыз етіп қоймай, білім алып жүрген студенттердің жазғы демалысын пайдалы өткізуіне жағдай жасап, университет ішінен жеңіл, ыңғайлы жұмыс тауып беруге барынша көмектесіп жүр. Бұл да студенттерге деген қамқорлықтың бір түрі. Ал ғылымды дамытуда, спорт, өнер сайыстарында үздік атанып, университеттің оң имиджін қалыптастырып жүрген студенттерге кәсіподақ тарапынан қолдау өте жоғары. Кәсіподақ мұндай талапты жастардың қосымша білім алып, қабілет-қарымын шыңдауына барынша мүмкіндік жасап келеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.