20-08-20 |
560 рет қаралған
Қазақстандық жастарды ойландыратын үш мәселе.
Қазақстандық жастарды ойландыратын үш мәселе

Жастар – елдің болашағы. Мемлекетегі стратегиялық көп жылдық жоспарлардың барлығы жастардың әлеуеті, белсенділігі, білігі мен білімі ескеріле отырып әзірленеді. Яғни, мемлекет дамуында жастардың рөлі зор. Ал енді осы елдің ертеңі аманат етілген жастарды да мазалайтын мәселе аз емес. Соның басым бөлігін үш бағытқа топтастыруға болады.

Ең алдымен қазақстандық жастарды мазалайтын мәселе – жұмыссыздық. 2019 жылғы есеп бойынша Қазақстанда жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,7 пайызға жеткен. Жұмыспен қамтылған жастар арасында бұл 2 миллионнан аса адам деген сөз. Еңбекақыға көңілі толмаған соң тиын-тебенге жұмыс істегеннен, үйде ата-ананың мойнына мініп, қол қусырып отырғанды тәуір көретін жандардың да бар екені көңілге қаяу салады. Жалпы алғанда мемлекет тарапынан бөлінетін тегін білім гранттары көпшілікке жете бермейді. Оның үстіне, қазір жоғары оқу орындарында жылдап білімін жетілдіруге жастардың өзі аса ынталы емес. Одан гөрі көпшілігі арнайы курстарға барып, тапсырыс арқылы табысын еселейтін мамандықтарды меңгеруді дұрыс көреді. Жастар арасында мұндай көзқарастың қалыптасуы орынды. Себебі, бұдан бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер тек жоғары оқу орындарында білім алуды мақсат ететін. Ол мамандық қоғамға қажет пе, диплом алған соң жұмыс таба аламын ба деген сұрақ жастарды қызықтыра қоймайтын. Соның кесірінен дипломды жұмыссыздар қатары көбейді. Талғар қаласындағы Агробизнес және менеджмент колледжінің оқытушысы Перизат Асхатқызының айтуынша, бұрын ауылшаруашылығына қажет мамандықтар бойынша орыс бөлімдеріне сұраныс көп болғанымен, қазақ бөлімдері тола қоймайтын.

– Қазақша оқитын балалардың басым бөлігі білімі жақсы болсын, болмасын университет, институттарда оқуды мақсат ететін. Ал қазіргі кезде уақытты бағалауға мән беретін ата-аналар да, балалар да көбейді. Бұрынғыдай 11 сыныпқа дейін сүйретіліп жүргенше, өзінің қабілетіне қарай мамандық игеріп, колледждерде білім алуға ұмтылу жағы басым. Яғни, қоғамда жоғары білімді маман емес, жоғары сұранысқа ие маман болудың маңыздылығын түсінетіндер қатары артты. Мысалы электрик, дәнекерлеуші, мал дәрігері секілді мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Балалар колледждің соңғы курсында оқып жүріп-ақ жұмысқа тұрып, табыс таба бастайды. Олардың күнделікті шақырту арқылы табатын табысы жоғары білімді мамандардың айлығынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан, жұмыссыздық мәселесін шешу үшін балаларды қабілетіне, мүмкіндігіне қарай мамандық игеруге үйрету керек. Ата-аналар қандай мамандыққа қоғамда сұраныс жоғары екенін баласының санасына құйып, мамандықтың жақсы, аманы болмайтынын ұғындырғаны абзал, – дейді Перизат Асхатқызы.

Осыдан көріп тұрғанымыздай, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын шешудің нақты жолы – қоғам сұранысына сай кәсіп игерумен байланысты. Бұл проблемаларды реттеу үшін «Жас кәсіпкер» мен «Жас маман» бағдарламаларынан бөлек, басқа да қолжетімді бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Жастарды алаңдататын келесі мәселе – баспана. Мемлекет тарапынан бұл бағытта қаншама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар – елімізде ең көп жасалған жобалар қатарында. Осы күнге дейін жасалған Жолдаулардың барлығында жастарды баспамен қамту мәселесі назардан тыс қалған емес. Соған сәйкес, арнайы Тұрғын үй жнақ банкі де жұмыс істеп жұр. Жеңілдетілген несие, арзан тұрғын үй салу, алғашқы жарнасыз баспана алу мүмкіндіктері қарастырылған бағдарламалардың игілігін көріп отырған отандастарымыз жеткілікті. Дегенмен, бағдарлама шеңберінде салынған тұрғын үйлерді тек мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін, жағдайы төмен, толық емес отбасылар ғана алып отырғанын мойындауымыз керек. Жас отбасыларға арналған бағдарламаның да игілігін санаулы жандар көрген. Әлі де болса өз баспанасына қолы жетпеген жастар баршылық. Сондықтан. Бұл мәселені оңтайлы шешуге барлық құзырлы орындар, әкімдіктер ынталы болуға тиіс. Әсіресе, мемлекеттік бағдарлама игілігінен шет қалған жеке компания жұмысшыларына басшылық тарапынан қолдау кқрсетілсе нұр үстіне нұр болмақ.

Сондай-ақ, жастар арасында суицид те азаймай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын бұл мәселеге ерекше назар аударып, статистикамен қоса, мәселенің мәніне талдау жасауды, себеп-салдарын айқындауды қолға алып келеді. Ұйым келтірген мәліметке сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда әрбір 53 адамның өзіне қол салу оқиғасы тілкелген. Оның ішінде әлі өмірін бастамаған, тура жарық әлемнің нағыз қызығы мен қуанышын көрер сәтте өмірден кетуге шешім қабылдаған жастар да бар. Мамандар жыл сайын Қазақстанда 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 6-8 суицид фактісі тіркелетіндігін алға тартуда. Өкініштісі жастар мұндай қадамға өзіне көңіл аударту үшін, жақындарының назарына түсу үшін барады екен. Бұдан бөлек, жастардың өзін өзі өлімге қиюына уақытша қиындыққа шыдамауы, отбасылық жағдайының бірден үйлесім таппауы, үлкендердің ықпалы түрткі болып жатады.

Мемлекеттің дамуына серпін беретін жастардың мұндай шешімі табылатын мәселелер үшін көз жұмуы жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан, ертеңіміз ойласақ, жоғарыдағы үш мәселені теңдей реттеп, жастардың әлеуетін тиімді пайдалана білгеніміз дұрыс.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.