22-07-22 |
920 рет қаралған
Талақ болған тағдырлар: Жыныстық тәрбие ұят емес.
Талақ болған тағдырлар: Жыныстық тәрбие ұят емес

Алматының шеткі ауданы. Тыныш, таза, қатар-қатар тізілген сүйкімді коттедждер. Сол үйлердің бірінің есігін қақтым. Бұл жерде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, барар жер басар тауы болмай қалған жас аналарды бауырына басатын, көмек беріп, аяққа тұруына қол ұшын созатын «Ана үйі» қоғамдық қорының бір үйі орналасқан. Мұндай жер Алматы қаласы бойынша үшеу, ал жалпы Қазақстанда 18 қалада 21 үй бар.

Мен келгенде аналардың бірі баласына сүт беріп, екіншісі тігін тігіп, тағы бірі бөбегін ойнатып отыр екен. Үйдің іші тып-тыныш, жып-жинақы. Сырттан аласалау бойлы, сары шашты, аққұба бойжеткен кірді. Көңілді, ашық жарқын екен. Балама бала бақша қарастырып жүрмін, дипломымды алдым енді жұмысқа шығамын дейді.

– Мен Ана үйіне былтыр келдім. Ол кезде карантин болған. Әлі оқуымды бітірмеген едім. Үшінші курста оқып жүргенмін. Әпкеммен бірге тұратынмын. Өзім балалар үйінде тәрбиеленіп өскенмін. Әпкемнен басқа жақыным жоқ. Сәбилі болатынымды білгесін әпкем ұрысты. Баланы қабылдамаймын деді. Содан заттарымды жинап үйден кеттім. Ол кезде 17 жастамын ғой.  Перзентханада жатып, не істеймін, баламды қалай асыраймын деп уайымдадым. Сол жерде бір кісіге барар жерім жоқ деп айтып едім, ол кісі Ана үйінің координаторы Аминат апайдың телефон номерін берді. Сөйтіп, апайға хабарластым да, осы жерге келдім, -дейді сұхбаттасым Светлана (есімі өзгертіліп алынды).

 

«Ана үйінің» координаторы Аминат Сейпуллаханқызы
«Ана үйінің» координаторы Аминат Сейпуллаханқызы

«Баласынан қалай оңай бас тарта салады деп таңқалатынмын»

«Ана үйі» Денсаулық сақтау басқармасымен меморандумға отырған. Барлық перзентханалар мен емханалар «Ана үйі» туралы біледі. Баладан бас тартамын деп отырған қыз болса осы мекемеге хабарласады. Ана үйінің координаторлары міндетті түрде ол әйелмен кездесіп сөйлеседі екен. Алматы қаласындағы «Ана үйінің» координаторы Аминат Сейпуллаханқызы мекеменің негізгі мақсаты ата-анасы тірі тұрып, баланың жетім қалуын болдырмау, тастанды балалардың санын азайту екенін айтты.

– Бұрын өзім балалар үйінде істегенмін. Сол кезде баланың әкесі немесе шешесі нотариусқа барып, мен баланы баға алмаймын, жағдайым жоқ деп жазатын да бас тарта салғанын көріп, таңқалатынмын. Баланы неге зат сияқты көреді деп ойлайтынмын. Кейін жеке шаруаларыммен ол жұмыстан шығып кеттім. Өз балам өсіп, мектеп бітіргесін қайта жұмысқа шықпақшы болдым. Сол кезде бір кісіден «Ана үйі» деген ашылады жұмысқа келесіз бе деген ұсыныс түсті. Сол кезде бірден келістім. Себебі мәселенің өзектілігін түсіндім. Бірақ мұнда жұмысқа тұрғанда неден бастарымызды, қалай істерімізді білмей әуре сарсаңға түстік. Себебі «Ана үйі» деген бұрын соңды болмаған, әлемде мұндай жер жоқ. Содан бірте-бірте үйрене бастадық. Ең алғаш төрт қызым келгенде таңқалдым. Біздің қазақтың қыздары білімдері бар, әке-шешелері бар, тұрмыс жағдайлары жақсы. Бірақ үлкен қалаға оқуға немесе жұмысқа келгенде жігіттен аяғы ауыр болып қалған. Жігітке жағдайды айтқанда менің балам емес немесе балалы болуға дайын емеспін деген. Аборт жасат деп ақша береді. Ал біздің қыздар аборт зиян екенін біледі. Ертеңгі күні құрсақ көтеремін бе, көтере алмай қаламын ба деп ойлайды да, баланы қалтыруды шешеді. Бірақ өз әке-шешесіне айтпайды. Ата-анасынан ұялады, қорқады. Содан кейін перзентханада жатқанда қалай өмір сүремін, баламды қалай асыраймын, үйім де, жұмысым да жоқ деп ойланады. Сол кезде баладан бас тартады, -дейді Аминат Сейпуллаханқызы.

Кейіпкеріміз Светлана колледжде бірге оқыған жігітпен үш жыл кездесіп жүрген. Жігіт әсккерге кеткенде аяғы ауыр болып қалғанын білген. Алайда босанғасын жігіті баланың өзінікі екеніне күмәнданған. ДНҚ сараптамасын жасатып, расымен де өз баласы екеніне көзі жеткенімен азаматтың әке-шешесі үйленуіне қарсы шыққан. Сөйтіп Светлана қызын құшақтап жалғыз қалған.

– Қызымның әкесімен сөйлеспеймін. Алимент төлемейді. Төлемей-ақ қойсын. Қызымды өзім асырап баға аламын. Құдайға шүкір колледж бітірдім, дипломымды алдым. Бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. Қазір мұғалім барлық жерге қажет. Өзіме мұғалім болған ұнайды. Балаларды жақсы көрсең болды, олар сені қабылдайды. Баламен ара қатынас жақсы болса ол да сабақ оқуға талпынады. Құдай бұйыртса келесі жылы жоғарғы оқу орнына түсемін. Жасым енді ғана жиырмаға келеді. Өмірім әлі алда. Ата-анасы жақсы, тәрбиелі жігітті кездестірсем тұрмысқа шығамын. Ең бастысы ата-енеңмен тату болу. Ата-енең жақсы кісілер болса мұның дұрыс емес деп баласының қателігін түзейді, ақылын айтады, қызды қорғайды, -дейді жас ана.

Ана үйінен кеткеннен кейін Светлана келесі жылға дейін пәтер жалдап тұрмақшы. Сосын несиеге үй алу ниеті бар екенін де айтты. Қазір алғашқы салым үшін ақша жинап жүрген көрінеді. Ана үйіне былтыр келген Светлана  Аминат Сейпуллаханқызын анасындай көріп кеткенін айтты.

– Аминат апай көп көмек көрсетті. Көп нәрсені үйретті. Осында келгенде мен тамақ та жасай алмадым, қазір Құдайға шүкір жақсы жасаймын. Үй де жинай алмайтынмын, қазір үй жинауды үйреніп алдым. Апай психолог сияқты болды, ақылын айтты, тәрбиемдегі олқылықтарды түзеді, кез келген тақырыпқа сырласа аламын, кеңес сұрай аламын, -деп Светлана толқыды.

Аминат ханым мен Светлана Ана үйінің ауласындағы шағын бақшасын көрсетті. Бақшада қияр, қызанақ, бұрыш, баялды, сәбіз сияқты түрлі көкөністер өседі екен. «Күзде қияр тұздаймыз, салат жасап, тосап қайнатамыз «дейді Аминат  Сейпуллаханқызы.

– Бізден қыздарымыз еңбекке төселіп, өз күндерін өздері көріп кете алатындай болып шығулары керек. Сондықтан үйді өздері жинайды, тамақтарын жасап ішеді, балаларын өздері қарайды, бақшаға да қарап отыр. Сонымен қатар тезірек жұмыс тауып аяқтанып кетуі үшін түрлі курстар оқытамыз. Бүгін бір қызымыз SMM-маркетолог курсын бітірді, тағы екі қызымыз есепші және кондитер-аспаз мамандығы бойынша оқып жатыр. Біздің жертөлемізде тігін цехы бар. Сол жерде тігін тігуді үйретіп, тапсырыстар қабылдаймыз. Тапқан ақшаларын жинайды. Ақшаларыңды жинаңдар ертең керек болады деп айтып отырамын, -дейді «Ана үйі» координаторы.

«Басына сәл қиындық түссе күйеуі талақ-талақ дейді де тастап кетеді»

 Ана үйіне 18 ден 30 жасқа дейінгі әйелдер келеді екен. 25 жастан асқасын көбі өмірде тұрақталып қалады. Елпілдеп жүріп от басатындай жастық шақтан өтіп кеткенде қалай мұндай жағдайға ұшырайды екен деп таң қалғанымды Аминат ханымнан жасыра алмадым. Координатор мұның себебін былай түсіндірді.

– Күні кеше бір баламызды қырқынан шығардық, екі баламызға азан шақырып атын қойдық. Сол кезде имаммен отырып осы мәселе төңірегінде сөйлестік. Қолдарында не құжаттары жоқ, мешітте некелерін қидырғанына мәз болып жүреді. Басына сәл қиындық түссе күйеуі талақ-талақ дейді де тастап кетеді. Содан проблемаларымен әйелдер жалғыз қалады. Сол кезде олардың ойына сәбилер үйі түседі. Уақытша өткіземін дейді. Ал біздің мақсатымыз уақытша болса да өткізбесінші дейміз. Себебі баланың психологиясы өзгереді. Бала қорқып қалады, -деді сұхбаттасымыз.

«Бұрынғы күйеуім ешқандай көмек бермейді»

 Ана үйінде Әлияның (есімі өзгертілді) баласын қырқынан шығарған екен. Негізі оның төрт баласы бар. Бұл жерде кенже екі баласымен тұрып жатыр. Үлкен балалары ауылда анасының қолында дейді. Әлия күйеуімен ажырасыпты. Не жұмысы, не баспанасы жоқ әйел балаларын асырай алмайтынын түсінген, сөйтіп Ана үйін паналауға келген.

–  Кенже балама аяғым ауыр кезде күйеуіммен ажырасып кеттім. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жүктілігімнің мерзімі өсіп кетті. Емханаға тіркеуге тұрып та үлгерген жоқпын. Барлығы күрделеніп кеткесін осы жерге келдім. Бұл жерді мен интернеттен таптым. Оның үстіне бір құрбым осы жерде тұрған екен. Қазір жағдайы жақсы. Осы жерде жақсы көмектеседі деп айтты. Аминат апай бізге жақсы қарайды. Барлық жағдайымыз жасалған, тамағы да жақсы. Қазір ұлым бір айдан асты. Кеше қырқынан шығардық. Қырқынан шығаруға Аминат апай көмектесті.  Бұл жерге келгенде аяғым ауыр болды. Мұнда баланы бір жарым жасқа дейін ғана қабылдайды, сондықтан кішкентай қызымды ертіп келдім. Ал үлкен балаларымды уақытша анама апарып тастадым. Құжаттарымды жасап, жағдайымды жасап алғанша осында тұрамын да, одан кейін Алла бұйыртса кетемін, -дейді сұхбаттасымыз.

Ал ауылға қайтқыңыз келмей ме деген сұрағыма Әлия қайтқысы келмейтінін, ауылда жұмыс жоқ екенін айтты.

– Қыркүйекке дейін осы жерде тұрып, жұмыс істеп жағдайымды жасап алып, балаларымды алып келемін. Сосын оларды осында мектепке беремін де жеке пәтерге шығамын. Балаларымның әкесі көмектеспейді, алимент те төлемейді. Ажырасқаннан кейін бірден алиментке арыз жазғанмын. Аяғым ауыр кезде көмектес деп айтқанмын бірақ ешқандай көмек бермейді. Кейде 2-3 мың теңге жібереді, бірақ ол ақша неге жетеді? Памперске де жетпейді. Қазір азық-түлік те қымбат, -дейді Әлия.

«Тоғыз жылдың ішінде 18 сот өтті, бәрін жеңіп шықтық»

Біз қыздарға психологиялық көмек, құқықтық көмек және курс оқытып, мамандық алуына көмектесеміз, сонымен қатар алғашқы медициналық көмек те береміз дейді Ана үйінің координаторы Аминат ханым.

– Егер дүниеге келген баласының денсаулығында  қандай да бір ақау болса қол ұшын беруге тырысамыз. Астанаға да жібереміз, Республикалық ауруханаларға емдетуге порталға тіркетеміз. Олар біздің үйге келгесін алты ай тұра алады. Бізге алғаш келгенде мен олармен бір аптадай сөйлеспеймін, тек бақылап жүремін. Бірақ егер сөйлескің келсе мен әрқашан дайынмын деп айтамын. Кей біреуі үш-төрт күннен кейін, кей біреуі бес-алты күннен кейін өздері апай, сөйлесейікші деп келеді. Сосын отырып, әңгімелесеміз. Қалай осындай жағдайға тап болғанын баяндайды. Содан кейін мен ол қызға қарсы болмасаң әке-шешеңмен сөйлесейін, келсін, көрсін,  сен адам өлтірген жоқсың, саған Алла тағала сәби беріп отыр, осындай сәби сүйюге зар болып отырған қанша адам бар деп айтамын. Бас кезінде қыздар бас тартады. Жоқ, ата-анам білмей-ақ қойсыншы дейді. Жарайды онда әкесімен сөйлесейік деймін. Әкесін сот арқылы сенің балаң деп дәлелдейік, ДНҚ сараптамасын жасатайық, тегін берсін, алимент төлесін деймін. Бірақ оның плюсын да, минусын да түсіндіреміз. Плюсы алимент аз да болса көмек болады. Ал минусын қызға айтамын, ертең сен өсесің, қолың бір нәрсеге жетеді, мына тұрған Ыстық көлге бару үшін де әкесінен рұқсат алуыңа тура келеді. Себебі ол – шетел. Ертең балаң өсіп, азамат болғанда әкесінің тұрмысы төмен болса баласына мен саған 18 жыл алимент төледім, енді сен төле деп баласының үстінен сотқа шағым бере алады. Ол заң. Мұның бәрін қыздарға айтамыз. Кей қыздар бәрібір баланың тегін бергіземін, ДНҚ жасатамын дейді. ДНҚ сараптамасының ақшасын қыз төлейді. Сот өтеді, ДНҚ нәтижесі арқылы бала сол жігіттікі екені дәлелденсе ДНҚ сараптамасына жұмсаған ақшаны жігіт қызға қайтарып беруі тиіс. Тоғыз жылдың ішінде сондай 18 сот өтті, бәрін жеңіп шықтық, -деп отыр ол.

Аминат ханым Ана үйінде бұрын тұрып кеткен қыздармен де байланысын үзбейді екен. Ол Ана үйінде тұрып жатқан қыздарды ата-аналарымен қалай табыстыратынын әңгімелеп берді.

– Қыздар бізге келгеннен кейін шамамен бір ай өткенде ата-аналарымен сөйлесіп беруімді сұрайды. Басқа қыздарды әкелері, аналары, әпкелері келіп алып кетіп жатқанын көреді. Әрине шешелері ренжиді, тіпті маған да ұрсып береді, телефон тұтқасын тастай салады. Содан кейін үш-төрт күн өткенде өздері хабарласып, қыздарын сұрайды. Сосын Қызылорда, Тараз, Павлодар болсын, қай жақта тұрады сол жақтан келеді. Үйді көреді, әңгімелесеміз, сосын қызын кіргіземін. Қызы мен шешесі бір бірін көріп жылайды, бірін бірі құшақтап, беттерінен сүйеді, кешірім сұрайды. Мен сол кезде ақырын бөлмеден шығып кетемін. Кейін қайта келіп, анасымен сөйлесемін. Бұл өмірде кім қателеспейді, бір қателігін кешіріңіз, адам өлтірген жоқ қой деймін. Егер ол баласын тастап кетсе не болар еді деймін. Содан шешесі әкесімен сөйлесейін уақыт беріңіз деп үйіне кетеді. Содан кейін әрине әкесі ашуланады, ренжиді. Бірақ ақыры екеуі келіп, қыздарын алып кетеді.

Ал жетімдер үйінен шыққан қыздарға қиындау. Олар бұл жерде уақыты біткенше тұрады. Кейін бірігіп пәтер жалдайды. Біреуі жұмыс істесе, екіншісі балаларды қарап қалады. Сосын балалары 1,5 жасқа жеткесін маған хабарласады. Мен бала бақшаларға хабарласып, баланы қабылдауын, жеңілдік жасауын сұраймын. Көбі сөзімді жерде қалдырмайды, рақмет! -дейді Аминат ханым.

Аминат ханым балаға жастайынан жыныстық тәрбиені дұрыс үйрету керек екенін, көп мәселе білместіктен шығатынын айтып отыр.

– Мен ата-аналарға қызыңызға неге барлығын айтып түсіндірмейсіз деймін. Олар ұят қой дейді. Оның еш ұяттығы жоқ, қыз да ұл да жыныстық тәрбиенің маңыздылығын, жауапкершілігін білуі керек деп айтамын. Бізде көп қыздар білместіктен от басып жатады. Ерте жүктілік, тастанды бала, түсік тастау проблемалары осыдан шығады, -деп сөзін қорытындылады сұхбаттасымыз Аминат Сейпуллаханқызы.

 

Балжан Жеңісқызы, arasha

 

Ана үйі инстаграмда «dommamy» атымен тіркелген.

Барлық байланыс номерлері dommamy.taplink.ws сайтында жазылған.

Дағдарыс орталығының шұғыл телефон желісі: 88000807771

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.