26-06-24 |
4700 рет қаралған
Ұлттық құндылықты дәріптеуде ұтымды тәсіл керек.
Ұлттық құндылықты дәріптеуде ұтымды тәсіл керек

Қазақ халқының рухани құндылығының бесігі – отбасы. Отбасы – жақындар арасындағы жылы қарым-қатынасты қалыптастырудың, салт-дәстүрді сақтап, ел тарихы мен әдет-ғұрпын ұлықтаудың, қазақ халқының өзіне ғана тән болмыс-бітімінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының күретамыры саналады. Ал осы рухани құндылықтарымызды атадан балаға жалғау үшін дәстүр-салтты таныту, насихаттау, жастардың санасына сіңіру бағытындағы іс-шаралар бір сәтке де тоқтамауы керек.

Қазір телеарналарда шаңырақ шаттығына, отбасы бірлігіне негізделген бағдарламалар аз емес. Ұлттық арнадағы бағдарламалардың дені қазақтың көне дәстүрін жаңғыртуға, тарихын түгендеуге, тарихи тұлғалардың еңбегін дәріптеуге, әдет-ғұрыпқа қатысты көпшілік біле бермейтін ерекшеліктерді ел есінде қалдыруға бағытталған. Әр бағдарламадан азаматтар қаншама қызықты аргументтерді біліп, көптеген тарихи деректерден хабардар болады, ел алдында жүрген білікті зерттеушілердің, ғалымдардың әсерлі әңгімелеуі де тарихты тануға, салт-дәстүрді есте сақтауға, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтарды оятуға айтарлықтай ықпал етеді.

Десек те, радио, телеарналардағы ұлттық салт-дәстүрді ұлықтайтын хабарлар мен бағдарламалардың оқырманға ұсынылу форматын әлі де жетілдіре түсу керек. Мәселен, біздің телеарналар мен өзінің жеке блогын жүргізіп жүрген журналистерде тарих пен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты танытуға байланысты дайындалатын хабарлардың дені сұхбат жанрының шеңберінде өрбиді. Әрине, сұхбат беруші осы саланы бұрыннан терең зерттеп жүрген, көпшілікке айтары бар, берер мағлұматы мол, ең бастысы жинаған мәліметтерін әдемі, әсерлі жеткізе алатын маман болса, оның оқырманға беретін пайдасы орасан. Мұндай форматта материал ұсыну шығармашылық топқа да жеңіл. Олардың негізгі жұмысы көпшілік көкейіндегі, жұртшылықтың қызығушылығын тудыратын сұрақтарды іріктеп, талғампаздықпен дайындаумен шектеледі.

Әрі қарай осы сауалдарды рет-ретімен қойып, қажет кезінде сұхбаттасушының жауаптарын нақтылау, пысықтау, толықтыру – жүргізуші шеберлігіне байланысты. Бірақ, ұлттық құндылықты насихаттау тек сұхбат жанрымен шектелмеуі керек. Олай дейтініміз, қазір ұзақ уақытты алатын сұхбаттарды тыңдауға халықтың қызығушылығы жоқ, көпшілігінің оған мүмкіндігі де келе бермейді. Ал жастарға 10 минуттан артық бір хабарды тыңдату, көрсету мүмкін емес. Өйткені, жастар Тик-токтың бір тақырып бойынша толық мағлұмат беретін бірнеше секундтық қысқаша роликтеріне әбден үйренген. Дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз заманауи жаңғыртуларға жұтылып кетпеуі үшін оларды насихаттаудың жаңаша әдіс-тәсілдерін пайдаланғанымыз дұрыс.

Мұндайда жастар үнемі қарайтын, бақылайтын Тик-ток парақшаларының қаралымын, таралымын зерттеп,  мұндағы ақпарат ұсыну форматын зерделеп, соны ұлттық құндылықтарды таныту, дәріптеу үшін пайдаланған орынды. Мәселен, Тик-ток бір сәтте жұлдыздардың бір би ырғағын бірнеше адамның орындауында ұсынып, оны әп-сәтте жалпы трендке айналдырып жібереді. Әлеуметтік желінің құдыреті сондай, осы қарапайым қимылды бір қарасаң, кішкентай бүлдіршін, енді бір қарасаң бүкіл отбасы бірігіп билеп жүреді. Міне дәл осы әдісті біз неге «Қаражорға», «Қамажай», «Айжан қыз» секілді ұлттық би ырғақтарын танытуда пайдаланбаймыз? Биге икемі бар балаларды бір сәт билетіп, желіге әдемілеп жүктесек, балалар өзінің ұлттық биін танып, ондағы қимыл-қозғалыстарды шебер орындап өсер еді.

Бұдан бөлек, біздің ұлттық ойындарды танытып, насихаттауға да жаңаша көзқарас, жаңаша тәсіл керек. Мысалы, әлеуметтік желілерде өзге ұлттардың көне ойындары, қазіргі заманауи ойындары көрсетіліп, оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар бос уақытын пайдалы өткізу үшін қолданып жатады. Ал қазақтың ұлттық ойындары жыл өткен сайын ұмытылып, қолданыстан қалып барады. Айталық асық ату балаларды мергендікке, дәлдікке үйретеді. Қолдың икемін жақсартып, бұлшық еттерді ширатады. Ақсүйек ойыны да адамның ойлау қабылатын жақсартып, көру, түйсіну, сезіну қабілетін дамытады. Теңге алу – ұлттық ойынның төресі. Аттың үстінде отырып, жердегі теңгелерді жылдам, дәл жинауға дағдыланған баладан болашақта қағылез, шымыр, бесаспап бала өсіп шығады. Аударыспақ ойнап өскен баланың күші мықты, білегі бұлтылдаған, әдіске шебер болып қалыптасатыны күмән тудырмайды.

Ал көкпар – нағыз мықтылардың ойыны. Көкпарда көш бастау үшін аттың құлағында ойнау жеткіліксіз. Бұған сонымен бірге білектің күші, ептілік пен шыдамдылық  қажет.  Қыз қуу ойыны да қазақтың ежелден келе жатқан ұлттың ойынының бірі. Осы ойын түрінің өзі қазақтың қыз тәрбиесінде еркіндікке мән бергенін көрсетеді. Кейбір отбасылардың қыздарын ұлдарымен бірге жаттықтырып, садақ атуға, атпен жарысуға үйреткені тарихтан белгілі. Жұртшылық қыз қуу ойынын асқан қызығушылықпен тамашалаған. Себебі бұл ойында қыз өзінің мықтылығын дәлелдеп, жігітке жеткізбесе, елдің көзінше жігітті қамшымен сабауға толық құқығы бар. Ал жігіт қызды қуып жетсе, көпшіліктің тұрғанына қарамай бетінен сүюге рұқсат алған.

Осы ұлттық ойындарды әлеуметтік желіде жарнамаласақ, насихаттасақ несі айып? Бұл біздің өткеніміз, тарихымыз емес пе? Ең бастысы, ұлттық ойындарды таныстырғанда қазақтың тарихына, болмысына басымдық беру маңызды. Ойынның қызықты, пайдалы тұстарын көріп жатқандар экранның бір тұсынан бұл ойынның қазақтың ұлттық ойыны екенін біліп, түсінгені дұрыс. Қазір айталық әлеуметтік желілерде қазақтың тағамдарын таныстыратын блогерлер көбейді. Олар ұлттық тағамдарды сатылап дайындау әдісін көрсетіп қана қоймай, қазақтың табиғаты әсем жерлерін де насихаттап жатады. Мұндай парақшалар блогерлердің табыс табу көзі ғана емес, қазақтың ұлттық дәстүрін, ұлттық тағамдарын, қазақтың пейіліндей кең жері мен табиғатын әлемге таныстырудың төте жолы. Өйткені, қазір интернетке шекара жоқ. Блогерлер таныстырған бір ұлттық тағам арқылы-ақ Қазақстанға деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты арттыруға болады. Ең бастысы, осы ұлттық тағамдар арқылы өз парақшасын танымал еткен блогерлер Қазақстанның көк байрағын алыстан желбіретіп, немесе осы көк байрақтың бейнесімен безендірілген тәттілерді экранның бір бұрышына қоя отырып, біздің еліміздің ұлттық болмысын танытуға айтарлықтай үлесін қосып жүр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.