30-09-18 |
2890 рет қаралған
«Зияткерлік меншікті реттемеу – озық идеялы адамдарға қиянат».
«Зияткерлік меншікті реттемеу – озық идеялы адамдарға қиянат»

Дамыған елдерде зияткерлік меншіктің қорғалуына, оның заңдық тетіктерінің жасалуына жіті мән береді. Өйткені, өркениетті елдер бүгінмен өмір сүрмейді. Олар ел болашағының бақуатты болуын қазба байлықтардың көлемімен емес, азаматтардың интеллектуалдық қабілетінің жоғарылығымен, тың идеялардың көптігімен өлшейді. Осыған орай, біздің еліміздегі зияткерлік меншік құқығының бүгінгі жағдайы туралы Алматы қаласы Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Бахытжан Кұлантаевтан сұрап білген едік.

– Бахытжан Нұрәлиұлы, зияткерлік меншік дамыған елдерде ерекше қорғалады. Біздегі жағдай қандай?

– Зияткерлік меншік саласын реттемесек, озық идеялы, жаңашыл адамдарға қиянат жасаған болар едік. Өйткені, зияткерлік меншік дегеніміздің өзі адамның ойынан шыққан туындылар және коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар және үлгілер. Ол екі санатқа бөлінеді. Біріншісі – өнеркәсіптік меншік. Өнеркәсіптік меншікке өнертабыстар, пайдалы үлгілер, тауар белгілері мен қызмет көрсету белгілері, тауарларды шығаратын орындар атауы, фирмалық атаулар жатады. Ал авторлық құқық объектілеріне әдеби, драмалық, музыкалық, сценарийлiк туындылар, хореография және бейнелеу өнерiнiң туындылары жатады. Осының барлығының иесіне зияткерлік меншік деген айрықша құқық белгілей алады. Өзіндік брендтерін қалыптастырып, сол арқылы толағай табысқа кенеліп отырған озық елдердің табиғи байлықтан гөрі идеялық бастамаларға мән беретіні сондықтан. Табиғаттың қазынасы күндердің күні таусылады. Озық идеялардан келетін табыс көлемі шектеусіз. Өзге елдердің оң тәжірибесін көріп, біздің елімізде де зияткерлік меншік мәселесіне ерекше мән беріліп келе жатыр.

– Зияткерлік меншік мәселелерін реттейтін заңға өзгертулер енгізіліп, жақында құжатқа елбасы қол қойған еді. Құжатта қандай ерекшелік бар?

 Иә, 2018 жылдың 3 шілдесінен бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген болатын. Аталған Заңға сәйкес, біріншіден, тауар белгісінің өтініміне сараптама жүргізу мерзімі қысқартылды. Алдын ала сараптама 1 айдың орнына 10 жұмыс күні ішінде жүргізілуі тиіс деп өзгертілді және толық сараптама 9 айдың орнына 7 ай ішінде атқарылатын болады. Сараптама мерзімінің қысқаруымен тауар белгісін тіркеудің жалпы мерзімі 12 айдан 9 айға азаймақ. Сондай-ақ, лицензияның қолданылу мерзімі анықталды, атап айтқанда, егер келісімшартта мерзім көрсетілмесе, бірден 5 жылға тең деп бекітіледі, бірақ тауар белгісінің жарамдылық мерзімінен аса алмайды. Негізгі өзгерістер осындай.

– Ал Зияткерлік меншік құқықтары бөліміне қандай міндеттер жүктелген?

– Бөлімнің негізгі жұмысы – еліміздің Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тауар және қызмет көрсету белгісінің, тауар шығарылған жер атауының немесе фирмалық атаудың пайдаланылуын мемлекеттік бақылау-тексеру. Бұл дегеніміз, меншік құқығы бұзылған адам өз арыздарымен бізге жүгіне алады. Келіп түскен арыздың негізі мен заңдылығын бөлім қызметкерлері жан-жақты қарастырып, зерттейді. Содан соң Алматы қаласы бойынша «Ұлттық зияткерлік меншік институтына» немесе өзгеде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салу арқылы мәліметтің ақ-қарасын толыққанды анықтайды. Арызданушы айтқандай, құжаттары заңды болса, құқық бұзушыға қатысты жоспардан тыс тексеріс ашылады. Ол ҚР Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сай міндетті түрде Алматы қаласы бойынша ҚР Бас Прокуратурасына қарайтын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында тіркеледі. Тексеріске келген кезде құқық бұзушылар көбінесе тексерістің заңдылығына күмән келтіріп, түсінбей жатады. Алайда аталған кемшіліктерді жоюға және  кәсіпкерлердің қызметін қорғауға бағытталған «Qamqor» порталы арқылы тексерістің заңдылығына көз жеткізуге болатын тиімді ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімді әрі қолайлы бағдарлама. Сонымен қатар, халық арасында зияткерлік меншік саласы бойынша құқықтық түсіндіру, семинарлар, дөңгелек үстелдер секілді арнайы жұмыстарды да қатар жүргіземіз.

– Зияткерлік меншікке байланысты түрлі даулар туындаса қалай шешіледі?

– Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі көбіне құқығы бұзылған тауар иесінің арызына сәйкес, жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Ағымдағы жылдың басынан қазіргі уақыт аралығына дейін біздің бөліммен «Hermes International S.C.A», «ТOYOTA/LEXUS», «FERRARI», «Mobil», «AMOY», «Maped», «SHUCO», «CTR», «Louis VUITTON», т.б. тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілеріне қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158-бабымен 12 әкімшілік іс қозғалды. Олардың бәрі Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен қанағаттандарылды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Д.ТОҚМЕРГЕН

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.