17-09-21 |
540 рет қаралған
Ақпарат министрлігі Жамбылдағы журналистер ісін бақылауға алды.
Ақпарат министрлігі Жамбылдағы журналистер ісін бақылауға алды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жамбыл облысында Turaninfo.kz агенттіктің тілшісі Исламбек Дастан мен «7 арнаның» тілшісі  Данияр Әлімқұлдың сотқа дейінгі тергеу оқиғасын бақылауға алатынын айтты. 

«Осы уақытқа дейін белгілі болған мәлімет бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Аталған іс бойынша жоғарыда аталған БАҚ өкілдерінің мәртебесі куәгер ретінде белгіленді. Министрлік бұл мәселені назарға алды және бақылауда ұстап отыр.

Бұл ретте, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес, журналистер көпшілікке ақпарат таратпас бұрын, оның шынайылығын үнемі тексеріп отыруды ұмытпау керектігін ескертеміз»,- деген министрлік хабарламасында.

Осыған дейін Жамбыл облысы Байқазақ ауданындағы жарылыс кезінде ақпарат таратқан тілшілерге қатысты Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарладық. 

Жетінші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың жеке телефонын тәркілегені белгілі болды.

Прокуратура тілшіге қатысты шағымның облыс әкімдігінен түскенін айтты.

Естеріңізге салсақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алатау ауданы әкімдігінен шығарылған тілшіге қатысты әкімдіктен бұрын үн қатып, журналистердің кез келген жерден ақпарат алуға құқылы екенін  ескертіп: 

«Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс»,-дегенді еске салған еді. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.