20-06-22 |
640 рет қаралған
Бас прокуратураның Кәрім Мәсімовке шамасы жетпей ме?.
Бас прокуратураның Кәрім Мәсімовке шамасы жетпей ме?

Абай облысының орталығы Семей қаласында алтын өндіретін «ФИК-Алел» АҚ 30-40-қа жуық қызметкері бірнеше айдан бері қамауда отыр. Туыстарының айтуынша, «Алтын ұрлады» деген күдікке ілінген азаматтарды түрмеде әбден ұрып-соғып азаптаған көрінеді. Күдіктілердің ет жақындары Бас прокуратураның алдына барып, құзырлы орган басшыларымен кездесуге бірнеше рет талпынған. Алайда президент Тоқаевтың «Еститін Үкімет» деген тұжырымдамасы Бас прокуратураның есігінен өтіп, Берік Асыловқа жетер емес.

Өткен аптаның сәрсенбісі күні Мәжілістің жалпы отырысына ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев келгенде осы мәселені сұрақ ретінде қойған болатынбыз. Алайда Серік Рысқалиұлы алтын ұрлады деп айыпталып отырған азаматтарға қатысты пікір білдіруге құлықты болмады. Әйтсе де «Президент Тоқаев «Еститін Үкімет» құрамыз» деп айтты. Ал Бас прокуратура президенттің саясатына қарсы ма?» деп сұрақ қойғаннан кейін ол амалсыздан сұраққа жауап беруге мәжбүр болды.

Семей қаласында алтын өндіретін «ФИК-Алел» АҚ-ның 30-40-қа жуық азаматты ҰҚК қызметкерлері «Алтын ұрлады» деген себеппен түрмеге қамап тастаған болатын. Қамауға алынғаннан кейін 5-6 ай көлемінде күдіктілерге туыстары мен адвокаттарын кіргізбей әбден азаптаған. Міне осы азаматтардың туыстары Бас прокуратураға барып наразылығын білдіргенмен бүгінде ешқандай шара қабылданбай отыр. Олар сіздің қабылдауыңызға жазылуға өтініш білдірді, бірақ сіздің қабылдауыңызға жазбай отыр екен…

– Ол азаматтар 7 шілде күнге жазылды. Оның алдында менің әріптестерім Шығыс Қазақстан облыстарынан келген азаматтарды қабылдады. Бүгінгі күні іс тергелуде. Жаңа өзіңіз айтқан алтын ұрлау фактілері анықталған. Тиісті прокуратуралық шаруалар қолданылады. Нақты жауабын сізге жазбаша түрде беремін.

Азаматтарды қабылдауға 7 шілде тым ұзақ емес пе? Аталған азаматтарды жылдам қабылдауға сізге не кедергі?

– Бүгінгі күні келсе біз азаматтарды күнде қабылдап жатырмыз. Ал жоспарлап жатса 7 шілде күні келсе болады. Бүгінгі күні елордаға келген болса, бүгінде қабылдай аламыз. Біздің есігіміз ашық.

Күдіктілердің туыстары бұл істің артында қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов тұрғанын айтады. Олардың айтуынша, туыстарын Кәрім Мәсімов қамап тастап, ұрып соғып азаптаған.

– Бір қорытынды жасауға асықпайық. Нақты шешімді тергеу жұмыстары анықтайды.

Туыстарының айтуынша, бұл істің артында Кәрім Мәсімовтың тұрғанын айтады.

– Жақсы. (Бұрылып кабинетке кіріп кетті – СҚ)

Сіздердің Кәрім Мәсімовке шамаларыңыз келе ме?
– …

Осы әңгімеден кейін екі күн өткен соң күдіктілердің туыстары Астанада баспасөз конференциясын өткізіп, Бас прокуратураның алдына барғанда Серік Шалабаевтың қабылдамағанын айтты. Бұл туралы қамауда отырған күдіктінің туысы Құралай Өмірбаева айтты.

«Біз кеше Бас прокуратураға барғанда Серік Шалабаев мырза бізге шыққан жоқ. Қайтадан біздің Мажириновке жіберді. Мажиринов мырзаға 26 сәуірден бастап бірнеше рет бардық. Кеше ол тағы бұған дейін айтқан сөзін айтып «қарастырамыз» деп шығарып салды. Біздің ең басты сұрағымыз «Құпиялық белгісі» деген қайдан шықты? Бұл жай ғана ұрлық. Бұл істі ҰҚК емес, Ішкі істер министрлігі неге тергемейді? Бұл іске «құпиялық белгісі» деген баға неге берілді? Біз бұл істі өте құпия тергеу керек деген шешім қабылданса, демек аталған істе нақты дәлел жоқ деп ойлаймыз.

Біз осы ойды мамырдың 3 күні Бас прокуратураның алдына барғанда хат ретінде жазып, тапсырып кеткен едік. Кеше бізге Мажиринов «Жарайды. Мен Шығыс Қазақстан облысының прокурорына тапсырма беремін. Құпиялық белгісі туралы білемін. Бақылауға аламын» деген болатын. Ашығын айтқанда бір жарым айдан бері 2-3 сұрақтың жауабын бермей жүр», – дейді ол.

Баспасөз конференциясына жиналған азаматтар туыстарының айыптарын ішнара мойындап отыр. Алайда олар істі азаптау арқылы емес, ашық тергеу керек деген пікірде. Ал Бас прокуратура осы азаматтардың мәселесіне назар аударып, көмек берудің орнына қашып жүр. Тіпті Серік Шалабаев «Сіздердің Кәрім Мәсімовке шамаларыңыз келе ме?» деген сұраққа жауап беруге шамасы жетпеді. Соған қарағанда түрмеде жатқан мұрттының мысы Бас прокуратураны басып тұрса керек

Серік Құдайбергенұлы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.