01-02-21 |
7040 рет қаралған
«Оян, қазақ!» феномені.
«Оян, қазақ!» феномені

Алаш арыстарының қазақ қоғамындағы рөлі туралы жиі айтып жатамыз. Міржақып Дулатұлы жар салған «Оян, қазақ!» ұранын неліктен феноменге теңей аламыз? Ол «оятуды» ұлтымыз қалай қабылдады?  Бұл феноменнің өз елінен бөлек басқа да елдерге тигізген әсері туралы не білеміз?  

Туғанына былтыр 135 жыл толған Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңі және сонымен аттас басылып шыққан жыр жинағы өз дәуірінде қазақ халқының санасын дүр сілкіндіргенін білеміз. Араға жетпіс жыл салып, Алаш арыстарының аты ақталып, тәуелсіздік алар алдындағы қайта түлеу кезінде де жаңғырған ұран, ұлттық идея болып жалындап тұрды. Қоғам қайраткері, ағартушы, саясаткер, журналист, публицист жазушы, ақын, зерттеуші, аудармашы, елін сүйген арда ұл Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағын» не үшін феноменге теңей аламыз? Феномен дегеніміз– қоғамдағы ерекше құбылыс десек, саналарды сілкінткен бұл ұранның ондай теңеуге ие болуына алғышарт бар.

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты!..»

            Туған елінің отарлау саясатының құрбаны болып, жері жұлмаланып, діні мен ділі шатқаяқтап, рухани катастрофаның алдында тұрғанына қамығып, толғауы тоқсан қызыл тіл арқылы Алаш арыстары өз үнін қосып жатты. Ахмет Байтұрсынұлы «Масасы» арқылы халық санасын оятып, езгіге қарсы бас көтеруге шақырса, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам?» деп, жарық күн болып санаға сәуле түсіргісі келді. Ал  1909 жылы небәрі 25 жастағы Міржақыптың бүкіл қазақ даласын оятқан «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы шығады (Қазан қаласы, «Шарқ» баспасы). Бұл қоғамдық санаға ерекше әсер еткен ірі құбылыс болды. Аталмыш жинақ 1911 жылы екінші мәрте басылып, қазақ жұртын «жұлқып оятпаққа» талпынғаны үшін Патша үкіметі 1911 жылдың 7 маусымында Міржақыпты қуғындап, шығармасына тыйым салып, өзін тұтқындап, түрмеге тоғытады. Бір айта кетерлігі, т.ғ.д., профессор Виль Галиевтің пікірінше, М.Дулатұлының бұл кітабы қазақ кітап басу ісіндегі цензуралық және сот қуғындауына ұшыраған алғашқы кітап болған. «Өлеңдерінде жергілікті тұрғындардың орыс қоныс аударушыларына жеккөрушілік өшпенділігін қоздыратын – Қылмыстық заңның 129-бабындағы 6-пунктте айыпталған қылмыс белгілері бар деген айып тағылады», дейді ол өз зерттеуінде. Ал империалистік, әрі отарлау саясатының мұрагері – Кеңес үкіметі де Міржақыпқа оң көзбен қарамағаны, қуғын-сүргінге ұшыратып, түбіне жеткені тарихтан белгілі. Нағыз ұлттық идеяның авторлары большевиктік шовинизмге кедергі болары анық еді.

  • Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, «Оян, қазақ!» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан.

«Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ!» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ, дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды…»

  • Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай сол кезде «Оян, қазақ!» кітабын Абайдың кітабымен бірге ұзатылған қыздың жасауына қосып беру дәстүрі пайда болғанын айтады.
  • «Осы «Оян, қазақ!» пен «Бақытсыз Жамал» қазақтың жүрегіне жол тапқан алғашқы көркем шығарма болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар пайда болды және қазақ қоғамы «Бақытсыз Жамалдың» тағдыры арқылы өз тағдырын елестетіп, ойлануға мүмкіндік алды».

          

  • Міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметтің пікірінше, 1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» еңсесі түсіп езіле бастаған қазақ халқының тарих сахнасына шыққан революциялық күрестер мен шайқастар дәуіріне дәлме-дәл келді. Кітап сол кезде Қырым, Кавказ, Түркияға, тіпті Жапонияға дейін тарап кеткенін айтады. Жапондарға «Оян, қазақты» таныстырған «Серке» газетін шығарып, содан патша шабармандарының қуғынына ұшыраған татар баспагері Ә.Ибрагимов екенін айтады.  
  • «Әбдірашид Ибрагимов «Серке» газетінің барлық мұрағатын бірге алып кетеді. Сол жердегі жапон зиялыларымен араласады. Жапондар «Серке» газетінің екі нөмірімен танысады. Міржақыптың «Оян, Қазақ!» кітабы қатты әсер етеді. Міржақып бір өлеңінде жапон ерлігін де жырлаған. Кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сайлайды. Сол кездің өзінде Жапонияда Міржақып туралы көптеген мақалалар, зерттеулер шығады».

         

  • Түрік профессоры Хүля Қасапоғлы Ченгел қазақ, түрік және ұйғыр халықтарындағы «оян» мотивін салыстырады оның ең алғашқы бастауы Міржақыптан таралатынын айтады.
  • «Түркі әлемін түртіп оятқан «Оян» мотивінің авторы – Міржақып Дулатұлы. Оның «Оян, қазақ!» өлеңі түркі халықтарын санасын оятуда серпіліс әкелді. Қазақстанның тәуелсіздік алуында Алаш қозғалысының тарихи маңызы үлкен. Мұндай жыр түрік ақыны Мехмет Акиф пен ұйғыр шайыры Әбділхалықта да кездеседі. Тұтастай айтқанда, үш жырда да рух бар. демек, түркі дүниесіндегі «Оян» мотивінің қайнар көзі – Міржақып Дулатұлы».

    

  • 1997 жылы жапон ғалымы Уямо Томохико өз тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынан диссертация қорғады:
  • «Мен магистрлік диссертацияма қатысты тақырыпты көптен бері таңдай алмай жүргенмін. 1991 жылдың күзінде Алматыдағы ғылым академиясының дүңгіршегінен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақатты кітабын кездейсоқ сатып алдым. Сөйтіп осы кітапты және өзге де қазақ зиялыларының шығармаларын қызығып оқи бастадым. «Алаш» қозғалысының сол кездегі кейбір адамдардың ойлағанындай тар шеңбердегі ұлтшыл қозғалыс еместігін, бұл қозғалыстың өне бойында түрлі мәдениеттер мен идеялардың өзара әрекеттесіп жатқандығын байқадым. Бұл ұлтаралық келісім туралы, Еуразияның көпмәдениетті кеңістік екендігі жайындағы менің түсінігіммен сәйкес келді…»
  • Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтқан, азаттықты аңсаған азаматтардың қатарында болған – Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік. Ол 1917–1918 жылдары билікке келген кезде досы профессор Тайыр Шағатайға тапсырма беріп «Оян, қазақ!» кітабын түрік тіліне аударып шығарған. (1930 жылы Анкарадан жарық көрген нұсқасы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы мұражайда сақтаулы). Осы кітапқа еліктеп «Оян, түрік!» деген кітап шыққан.

Сананы ояту арқылы ой азаттығын, ел азаттығын жаңғыртқысы келген «Оян, қазақ!» феномені тарихи құбылыс ретінде бірнеше ұлт пен ұлыстың рухани кеңістігіне осылайша әсер еткен еді. Бүгінгі таңдағы қазақ қоғамын көрсе, Міржақып Дулатұлы: «Жаңа әлем елін дамытудың ғылым мен білімге негізделген, адам құқығына сүйенген жаңа жолын таңдап жатыр. Жемқорлықтан, бойкүйездіктен, қатыгездіктен, немкеттіліктен, сатқындықтан іргеңді алыс сал! Оқы, тоқы, дамы! Кеш болмай тұрғанда, оян, Қазақ!» дер ме еді?..

 Алаш арыстарының аманатына адал болып, тәуелсіздігімізді, дербестігімізді, егемендігімізді баянды да тұғырлы етуге жазсын.

 

Дайындаған: Алма Сайлауқызы

Журналист, PhD

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.