02-11-18 |
910 рет қаралған
Билл Гейтс Хашогги өлімінен соң Сауд Арабиясының қорына көмегін тоқтатты.
Америкалық миллиардер, Microsoft корпорациясын құрған Билл Гейтс қоры журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның қайырымдылық қорымен ынтымақтастықты үзді.

Билл Гейтс Сауд Арабиясы қорының қайырымдылық жобаларының біріне бес миллион доллар бөлуді жоспарлаған. Қаржы білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды дамытуға бағытталған. Гейтс Хашоггидің өліміне ерекше алаңдайтынын және оны тергеу барысын бақылап отырғанын айтты.

Washington Post басылымының шолушысы, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі Жамал Хашогги 2 қазан күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына құжаттарын рәсімдеуге кіріп, қайтып шықпаған.

Эр-Рияд әуелде Жамал Хашоггидің жоғалуына қатысы жоғын айтқанымен, екі аптадан соң журналистің арнайы қызметтің «рұқсат берілмеген операциясы барысында» қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының прокуроры журналистің қасақана өлтірілгенін мойындаған.

Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.

АҚШ пен Еуропа елдері Сауд Арабиясы билігінің Хашоггидің өліміне қатысты мәлімдемелеріне сенбейді және журналисті өлтіруге тапсырыс бергендердің король әулетімен байланысы бар болуы мүмкін деп күдіктенеді. АҚШ Хашоггидің өліміне байланысты «Магнитский заңы» аясында Сауд Арабиясына қарсы санкция салуды қарастырып жатыр.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.