05-11-18 |
930 рет қаралған
Иранда АҚШ елшілігін басып алған күнді атап өтті.
Иранда 1979 жылы ислам революциясы кезінде Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алған күнді атап өтті. Салтанатты шара Вашингтонның Иранның мұнай саласы, кеме жасау, кеме қатынасы және қаржы секторына салған санкциясы күшіне енетіннен бір күн бұрын өтті. АҚШ санкциясы 5 қараша күні күшіне енеді.

4 қараша күні бұрын АҚШ елшілігі орналасқан кешенде билік ұйымдастырған митингіге мыңдаған адам қатысты. Митингіге қатысқандар АҚШ президенті Дональд Трамптың суретін өртеп, антиамерикалық ұрандар айтты. Осыған ұқсас шаралар елдің басқа да қалаларында өтті. 

1979 жылы 4 қарашада қарулы ирандықтар АҚШ-тың Ирандағы елшілігін басып алып, 52 америкалықты кепілген алып, биліктен кетірілген Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевиді соттау үшін Тегеранға қайтаруды талап еткен. Вашингтон Мохаммед Реза Пехлевиді қайтарудан бас тартып, қарулы адамдар кепілдегілерді 444 күн ұстаған. Содан бері екі ел арасында дипломатиялық қатынас үзілген.

Вашингтон биыл мамырда Батыс елдері Иранмен 2015 жылы жасаған ядролық бағдарламаны дамытпау келісімінен шығып кеткен соң бұрынғы санкцияларды қайта салып жатыр.

АҚШ пен Израиль билігі президент Барак Обама кезінде жасалған ядролық келісім ирандықтардың ядролық қару жасауға құпия түрде қаржы жинауына мүмкіндік тудырды деп біледі. Тегеран бұл айыпты терістейді. Еуропа Одағы Иранмен жасалған келісімді қолдап, АҚШ-тың өз бетінше салған санкциясынан айналып өту шараларын дайындайтынын мәлімдеген. Ресей мен Қытай да Иранмен ядролық келісімді сақтап қалуды қолдайды.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.