10-07-20 |
500 рет қаралған
Кәсіподақтар ықпалды күшке айналып келеді.
Кәсіподақтар ықпалды күшке айналып келеді

Кәсіптік одақтар туралы азаматтардың білгені аз. Ірі жұмыс орындары, үлкен құрылымдар болмаса, шағын мекемелер кәсіподақ құруға аса ынталы емес. Өкінішке орай, еңбек дауларының көпшілігі осындай шағын мекемелерден шығады.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Елдос Жұмақсановтың айтуынша, соңғы жылдары еңбек дауларын азайту үшін кәсіподақ ұйымдарымен байланыс жолға қойылған. Өйткені Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне енгізілген жаңашылдықтарға орай жұмыс беруші мен жұмысшы арасында орын алған келіспеушіліктер енді бірден сотта қаралмайды. Мұндай даулар алдымен келісу комиссияларының қарауына ұсынылады. Келісу комиссияларын құруға ірі кәсіпорындар барынша жағдай жасайды. Аты қалыптасқан, жұмысын бір жүйеге келтірген ірі компанияларға еңбек дауларын ушықтырғаннан гөрі, келісу комиссияларын құрып, келіспеушілікті көпке созбай бітірген пайдалы. Оларға дауды ушықтырғаннан, беделді сақтау маңызды. Бедел бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан, жылдар бойы жиналған абыройға нұқсан келтірмеуді мақсат еткен ірі кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін сақтауды, төтенше жағдай орын алған кезде оны заң талабына сай реттеуді басты орынға қояды. Заңсыздықтың көпшілігі шағын жұмыс орындарынан шығады. Тек пайданы ойлайтын басшылардың еңбек қауіпсіздігі тұрмақ, жұмысқа алар кезде еңбек келісімшартын түзуге де мән бермейтіні байқалады. Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін кәсіподақ ұйымдары барынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғап, қауіпсіз орта қалыптастыруды мақсат еткен бұл ұйымдар «Кәсіподақтар федерациясын жаңғыртудың Жол картасын» басшылыққа ала отырып, талай сауапты іске мұрындық болған еді. Бұл Жол картасындағы негізгі ұстаным жергілікті еңбек ұжымдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық сауатты арттыру, еңбек дауларын азайту мақсат етілген болатын. Іргелі істің басында тұрған Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы былтырғы жылды «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы» деп жариялағаны да есімізде. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қолға алынды. Мұндай бастаманың көтерілуі бекер емес. Өйткені, қаншама сақтандыру шаралары жүзеге асырылып, бақылау күшейтіліп, жұмыс берушілердің жауаптылығына жоғары талаптар қойылғанымен, әлі күнге дейін өндірістегі қайғылы оқиғалар, оқыс жағдайлар азаймай отыр. Әрине, бұл бағытта жүргізілген түсіндіру жұмыстарынығ, қадағалаудың өз жемісін беріп жатқанын жасыруға болмайды. Мәселен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы өндірісте зардап шеккендер саны 1678-ден 1568-ге азайған екен. Яғни, зардап шеккендер саны салыстырмалы түрде 6,6 пайызға кеміген. Ал өндіріс орындарында мерт болғандар саны 244-тен 216-ға қысқарған. Көңіл көншітерлік сан болмағанымен, атқарылып жатқан жұмыстардығ нәтиже бергені байқалады.

Дегенмен, жұмысшылардың құқықтық сауатының төмендігін пайдаланған жұмыс берушілер мұндайда жауапкершілікті өздерінен алыстатуға барын салады. Алдын ала еңбек қауіпсіздігінен өзін сақтандыру үшін жұмысшылармен еңбек келісімшартын толтырмайтындар баршылық. Олардың оқыс оқиға орын алса жауаптылықты өзінен алыстатуы оңай. Ал қарапайым азаматтар еңбек келісімшартын жасамау арқылы өз құқығын қорғау мүмкіндігінен айрылатынын түсінбейді. Себебі еңбек келісімшарты – еңбек ақыны жегізбеудің ғана емес, апатты жағдай орын алғанда өтемақы өндірудің де кепілі.

Міне, осыған орай Қазақстан Кәсіподақ ұйымы ең алдымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісімге келіп, «Еңбек қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясына мұрындық болған еді. Ондағы мақсат – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұртшылықты көбірек тарту. Шара барысында жұмысшылардың құқықтық сауатын көтеру, еңбек заңнамасын түсіндіру, қоғамдық бақылау институтын дамытуға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, басталған іс аяқсыз қалмау үшін көптеген кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құрылды. Тек былтырғы жылдың өзінде мұндай өндірістік кеңестердің саны 13 мыңға жетті. Биыл да әріптестері қолға алған бастаманы жалғап, өндірістік кеңес құруға ынта танытып отырғандар баршылық. Бұл кеңестер кәсіподақ ұйымдарының жергілікті өкілі іспеттес. Кәсіподақ ұйымдары тұрақты қолдау көрсетіп отырған бұл кеңестерде 18 мың техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізіп келеді.

Жалпы, бақылау көбейіп, азаматтардың құқықтық сауаты өскен, жауаптылығы жоғарылаған сайын өндірістік жарақаттардың да азаятынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары ұжымдық және жеке еңбек дауларының саны да төмендеп келеді. Бұл да кәсіподақтар қызметінің ықпалынан деген дұрыс. Өйткені, аталмыш ұйым Атамекен кәсіпкерлер палатасымен ғана емес, Жоғарғы Сотпен де ортақ меморандумға қол қойып, еңбек дауларын ушықтырмай шешуге мұрындық болып келеді. Айталық Құқықтық статистика жіне арнайы есепке алу комитетінің дерегінше еңбек даулары 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 2,5 есе азайған. Бұл үрдіс соңғы бес жыл ішінде тұрақты төмендеп келе жатқаны да қуантады. Статистикалық деректерге талдау жасағанда бес жыл ішінде еңбек дауларының 14 есе азайғанын байқау қиын емес.

Қалай болғанда да, еңбек дауларын сотқа дейін жеткізу жұмыс берушіге де, жұмысшыға да тиімді дей алмаймыз. Сондықтан Жоғарғы Сот пен Кәсіподақ федерациясы арасында жасалған келісімшарт аясында еңбек дауларына қатысты түсіндіру жұмыстарының аясын кеңейту, медиацияның маңызын насихаттау, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында туындаған түйткілді біімгершілікпен шешу бойынша жұмыстар жүргізу басты назарға алынған еді. Нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінде медиация орталықтары құрылып, тек Кәсіподақтар федерациясының араласуымен «Татуласу орталықтарында» бір жылда мыңға жуық еңбек дауы медиациялық келісімге келумен реттелді.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған «Еңбек келісім-шартын жаса!» республикалық акциясының қоғамға берері мол. Осы акция барысында республика бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек келісім-шартын жасады. Бұл да қарапайым азаматтардың еңбек құқығын мінсіз қорғауға жасалған қадам.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.