26-10-18 |
1060 рет қаралған
Олег Сенцов Сахаров сыйлығына ие болды.
Ресейде терроризм айыбымен ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде отырған украиналық режиссер Олег Сенцов Андрей Сахаров сыйлығына ие болды. Бұл туралы Азаттықтың Брюссельдегі тілшісі Еуропа парламентіндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Сыйлықпен марапаттау салтанаты 12 желтоқсанда Страсбургте өтеді.

Олег Сенцов бұған дейін Андрей Сахаров атындағы сыйлыққа ең ықтимал үміткерлердің тізіміне енген. Биыл бұл сыйлықтың тағайындалғанына 30 жыл толады. Сыйлық әлемде адам құқықтарын қорғауға ерекше үлес қосқан адамдар мен ұйымдарға беріледі.

Ресей соты Олег Сенцовты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде 2014 жылы ұстап, «теракт ұйымдастырмақ болған» деген айыппен 2015 жылғы тамызда 20 жылға соттаған және жазаны өтеуге қатаң тәртіптегі колонияға жіберген. Құқық қорғаушылар мен Сенцовтың өзі бұл іс қолдан құрастырылған деп біледі. Биыл 14 мамырда Сенцов Ресей түрмелерінде отырған барлық украин саяси тұтқынын босатуды талап етіп, аштық жариялаған. Ол аштықты «талабы орындалғанша» ұстайтынын бірнеше рет мәлімдеп, 145 күн тамақ ішпеген. Дегенмен, ол 6 қазан күні аштықты тоқтатқан. Сенцов аштықты тоқтатқаны туралы мәлімдемесін адвокаты Дмитрий Динзе арқылы таратқан.

Сенцовті бұған дейін Сахаров сыйлығына Еуропа парламентіндегі ең ірі фракция – Еуропа халықтық партиясы ұсынған. Партия өкілдері Сенцов «іс жүзінде Ресейдің Қырымда билік орнатқанына қарсылық танытқаны үшін сотталғанын» мәлімдеген. Депутаттар Сенцов «Қырымдағы ресейлік басқыншы күштер заңсыз ұстап, ұзақ мерзімдерге соттаған 70-ке тарта украин азаматының символына айналғанын» айтқан.

Сыйлықпен бірге 50 мың еуро көлемінде ақшалай жүлде беріледі.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.