15-06-22 |
1630 рет қаралған
Қазақстанда киік атуға рұқсат берілуі мүмкін.
Қазақстанда киік атуға рұқсат берілуі мүмкін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты. Соңғы жылдары күрт көбейген дала жануарлары егістікке зиян тигізіп жатқаны айтылды.

«Киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін. Егер біздің ғалымдар киік санын реттеуге рұқсат беретін болса, қазір жұмыс тобымен бүкіл сұрақтарды қарастырып жатырмыз», – деді Экология министрі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, биологиялық негіздеме Қазақстанның барлық аумағына – Бетпақдала, Үстірт және Орал популяцияларына таралады.

«Қазір негізгі мәселе Батыс Қазақстан облысы бойынша байқалып отыр. Өйткені, киіктер қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктеріне шығып жатыр. Сондықтан мұнда белгілі бір мәселе бар. Тіпті мәселе мұнда ғана емес. Ғалымдарымыздың киік санын реттеу қажет деген ұсынысы бар. Бұл популяцияның өзін қорғау үшін де қажет. Қазір баспасөзді де жіті оқып отырмыз. Онда бізді Қызыл кітапқа енген киіктерді атуға рұқсат беріп, аңшылық шаруашылықтардың мүддесін қорғап отыр деп жатыр. Біріншіден, киік Қызыл кітапқа енгізілмеген. Ол жойылып бара жатқан түр ретінде қарастырылады. 2016 жылдан бастап бізде 110 мың киік болды. Бүгінгі таңда олардың саны 1 миллион 318 мыңға жетті, біз популяцияны сақтап қалдық. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді бұл популяцияны реттейтін уақыт келді», – деді С. Брекешев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.