10-11-22 |
570 рет қаралған
Ресей Украинада қолға түсірген батыстың зымыран кешендерін Иранға жасырын жеткізген болуы мүмкін.
Ресей Украинада қолға түсірген батыстың қару-жарақ түрлерін жасырын Иранға жеткізген болуы мүмкін. Олар Ил-76 әскери ұшағымен Тегеранға тасымалданған тәрізді. Бұл жөнінде құпия дереккөзге сүйенген британдық Sky News телеарнасы хабарлады. 

Дереккөздің хабарлауынша, 20 тамызда таңертең Мәскеуден Тегеранға бортында 140 млн еуро қаражат, британдық NLAW зымыран кешені мен америкалық «Джавелин» және «Стингер» кешендері бар ресейлік ұшақ ұшып шыққан. Телеарнаның хабарлауынша, кешен үлгілері Тегеранға батыс технологиясын көшіру үшін берілген болуы мүмкін. 

Ал Иран Ресейге 160-тан астам дрон (арасында «Шахед» камикадзе дроны да бар) берген, дейді телеарна дереккөзі. Оның айтуынша, кейінгі күндері Мәскеу мен Тегеран арасында құны 200 млн еуро болатын тағы бір келісім жасалған болуы мүмкін, бұл жуық арада Ресейге тағы көп дрон жеткізілетіндігінен хабар беруі мүмкін. 

Телеарна ақпаратқа байланысты Ресей мен Иран билігіне хабарласқан. 

Ресей билігі иран дрондарын Украинадағы соғыста пайдаланғанын жоққа шығарады. Алайда соғыста ирандық дрондардан аумайтын жүздеген «Герань-2» дроны қолданылған. Бұдан бөлек, Қара теңіз әуесінде Ресей армиясы қолданған көп нысаналы «Мохаджер-6» дроны да атып түсірілген. 

5 қарашада Иран сыртқы істер министрі Ресейге әскери дрондар бергенін мойындаған, бірақ дрондар соғысқа дейін жеткізілгенін айтқан. Ізінше Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық санкцияға ұшыраған Иранды «жалған сөйледі» деп айыптаған. Зеленскийдің айтуынша, украин армиясы күн сайын ондаған иран дрондарын атып түсіреді, ал иран мамандары орыс әскерін дронды пайдалануға баулыған. 

 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.