23-09-20 |
640 рет қаралған
Шағын кәсіпкерлікке сақтандыру механизмін енгізу керек.
Шағын кәсіпкерлікке сақтандыру механизмін енгізу керек

Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға қолдау көрсету үшін мемлекеттік сақтандыру механизмін енгізу керек. «Nur Otan» партиясының PRIMARIES – 2020 ішкі партиялық іріктеуіне қатысушы Қайырлы Таукен сайлауалды бағдарламасында осы мәселенің маңызына тоқталыпты.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестегі сатып алып, қайта сатумен айналысатын саудагерлердің мүліктерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Елімізде бір емес, бірнеше рет базарлар өртенді. Алматы базарларында өрт жиі шығады. Қаншама кәсіпкер үлкен шығынға батты, нәпақасынан айырылды. Бірақ, осыған жауап берген ешкім жоқ. Өйткені, заңды түрде кәсіпкерлердің мүлігін сақтандыру механизмі қарастырылмаған.
«Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында ерікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Егер, фермердің сақтандырған егіні құрғақшылықтың салдарынан шықпай қалса, мемлекет сақтандыру сыйақысының 50%-н субсидиялайды. Тіпті пайда көрмей-ақ қойсын, бірақ шығынын қайтарып алуына мүмкіндігі бар. Сол сияқты, кәсіпкерлердің мүлігін сақтандыру механизмін енгізу қажет», – дейді Қайырлы Таукен.
Осыдан біраз уақыт бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы базарлардың бірінде сауда жасайтын Александр Юн деген азаматтың бутигі өртенген екен. Қазір қалпына келтіріп алған.
«Менің тоңазытқышым, бейнебақылау камерам тағы басқа біраз затым өртенді. Сауда бутигімді жалын шарпыды. Бәрін қалпына келтіруге 6 айдай уақытым кетті. Клиенттерімді жоғалттым. Шығынға баттым. Әрине, егер сақтандыру механизмі енгізілсе, мен осы сауда орнымды, мүлігімді сақтандыратын едім. Қазір шынын айтқанда, ұйқымыз да тыныш емес», – дейді саудагер А.Юн.
Елорда базарларының бірінде ет сатумен айналысатын кәсіпкер Ақмарал Жұмабекова да өрт салдарынан зардап шеккендердің бірі.
«Өрттен зардап шектік. Қаншама клиент жоғалттық, табысымыздан айырылдық. Қайтадан қалпына келтіру үшін біраз уақыт кетті. Әрине, егер біз сияқты кәсіпкерлердің мүлігін сақтандыратын болса, мен бірден келісетін едім», – дейді кәсіпкер.
Қайырлы Таукеннің айтуынша, микро және шағын бизнестегі кәсіпкерлердің 70%-дан астамы сауда саласында жұмыс істейді. Бұл тауарлар қоры, сауда жабдықтары. Елімізде сақтандыру мәдениеті жоқ. Сондықтан, кәсіпкерлер үшін меншікті міндетті сақтандыру механизмін енгізу қажет. Ынталандыру үшін сақтандыру төлемдерінің 50%-на дейін субсидиялау керек.
Мемлекет кәсіпкерлерге бизнесті жоспарлауды, салықтық жауапкершілікті, нормалар мен регламенттерді сақтауды үйрете отырып ынталандырады. Сол сияқты, жекеменшік мүлігіне жауапкершілікпен қарауды, яғни мүлктерін сақтандыруды да үйрету керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.