09-11-20 |
1050 рет қаралған
Жанболат Мамай: Менің де несием бар….
Жанболат Мамай: Менің де несием бар…

Жанболат Мамай
Демпартияның жетекшісі, қоғам белсендісі:

– Несие амнистиясы қаншалықты өміршең?

– Енді бұл бүгінгі өмірден алынған ұсыныс, бүгінгі өмірден алынған талап. Өйткені мына пандемияның кезінде миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Қазірдің өзінде біз статистиканы көріп отырмыз. Несиені төлей алмай отырған адамдардың саны күрт артқан. Одан кейін байқасаңыз біз бірнеше айдан бері осы мәселені көтеріп келе жатырмыз. Басында парламент те үнсіз отыр еді. Қазір парламентте екі партия осы бастаманы қолдап өздері ұсыныс ретінде көтеріп жатыр. Яғни, билік те осы мәселеге бет бұра бастады деген сөз. Бұл өте қажетті бағдарлама. Басқа елдерді – АҚШ-ты, Еуропаны алыңыз, карантинге жабылған кез-келген елді алыңызшы, солардың барлығында халыққа көмек көрсетіліп жатыр. Тікелей көмек көрсетіліп жатыр. Біздің елде нақты көмек берілген жоқ. Тек қана бір бөлігіне 42500 теңгеден берді, ол да барлығына жеткілікті емес. Сондықтан біздің айтып отырғанымыз, мына жеке меншік банктерге көмектесе бергенше қарапайым халыққа бір реттік несиелік амнистия жариялау керек. Ол орындала ма, орындалмай ма халыққа байланысты. 

– Сіздің саяси белсенділігіңізге қатысты жасанды жоба деп айтып жүргендерге не айтар едіңіз?

– Енді олардың айтып жатқандарының бәрі далада қалып жатыр ғой. Мысалы, бір жылдан бері мені қаралап келген адам бар еді. Үнемі күндіз-түні биліктің жобасы дейді, анау дейді, мынау дейді. Сөйтіп қаралап келген Италияда отырған Ержан Тұрғымбай деген азамат еді. Сол мысалы үшін кеше кешірім сұрап жатыр. «Мен кешірім сұраймын» деп өз ауызымен айтып жатыр. Оны ешкім күштеген жоқ, зорлаған жоқ өз еркімен сол тоқтамға келіп отыр. Яғни мен ойлаймын осы уақытқа дейін адасып келген адамдар, күмән келтіріп келген адамдар, әртүрлі қаңқу сөздерге сенген адамдардың қазір шындыққа көздері жетті. Олардың өздері ойларынан айнып жатыр. Биліктің жобасы қандай болады? Биліктің жобасы алдағы парламент сайлауында ойбай сайлауға қатысайық, «Нұр Отан»-нан басқа бір партияны қолдайық, бақылаушы болайық деген сияқты талаптарды көтерер еді. Біз айтып отырмыз, ешқандай заңдылық жоқ, ешқандай партия жоқ, сондықтан көшеге шығайық, митингке шығайық, алаңға барайық дегенді айтып отырмыз. Халықтың да көзі жете бастады. Біз нағыз халықтық талаптарды көтеріп жатырмыз.

– Өз басыңызда несие бар ма? Банктер тарапынан соны жауып беруге қатысты ұсыныстар түсті ме?

– Мен былай айтайын. Біз несиелік амнистияны көтерген кезде халықтың кепілсіз және микронесиелерін кешіруді ғана алға тарттық. Қазіргі уақытта 5,5 миллион халықтың несиесі 4,4 триллион теңгені құрайды. Біз автокөлік немесе үй-жай сатып алған несиелерді айтып отырған жоқпыз. Осы тұрғыдан алғанда менің автокөлік алған несием бар. Бір ай кешіктірмей уақытында төлеймін. Біз тек кепілсіз және микронесиелерді ғана айтып отырмыз. Өз басымда ондай несие жоқ. Банктермен де менің ешқандай келіссөзім жоқ. Мен өзіме қатысты шаруаны емес, тек қарапайым халықтың несиесін кешіру мәселесін айтып жүрмін.

Фото Esquire.kz

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.