06-05-20 |
690 рет қаралған
Досым Сәтпаев: Парламенттік оппозиция – саяси спектакль.
Досым Сәтпаев: Парламенттік оппозиция – саяси спектакль

фото: kapital.kz

6 мамырда мәжіліс парламенттік оппозиция туралы заң жобасын (Қазақстан Республикасы парламенті туралы және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заң жобасына толықтырулар енгізу жайлы заң жобасы) қарады. «Ақ жол» партиясы ұсынған заң жобасын депутаттар мақұлдап, сенатқа жолдады. Аталған заң жобасын депутаттар Қазақстан парламенті тарихындағы тарихи оқиғаға балап, демократияның нығаюы жолындағы үлкен қадам санайындарын айтты. Парламенттік оппозиция заң жобасының қарауына орай саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірін білген еді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Бұл заң жобасын фейк деуге болады. Парламенттік оппозиция – саяси спектакль, жасанды дүние. Билік парламенттік оппозицияны демократия жолындағы кезекті үлкен қадам санайды. Шындығында бұл демократияға қолдан жасалған кедергі. Билік парламенттік оппозицияны өзі белгілеп, жасанды оппозиция жасақтамақ. Қазір оппозиция партиялар бар ма елде? Жоқ. Бұрынғы оппозициялық партияларды билік жойып жіберді.

Оппозиция арнайы заңсыз парламентте болуы тиіс. Бірақ ол үшін әділ сайлау, шынайы саяси бәсекеде іріктелетін саяси партиялар болуы шарт. Сондай-ақ бір мандатты сайлау жүйесі де болуы тиіс. Билік елдегі саяси алаңды толық бақылауына алғандықтан кімнің оппозиция болатынын, кімнің билік партиясы болатынын өзі шешіп отыр. Сондықтан парламенттік оппозиция –  абсурд.

Былтыры 20 желтоқсанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында президент Тоқаев парламенттік оппозиция туралы айтқан еді. Кейін «Ақ жол» партиясы: «Президент Қ.Тоқаевтың парламенттік оппозиция мәртебесін орнату туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Ақ жол» Демократиялық партиясы 2013 жылы дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын алдағы апталарда ұсынады» деп мәлімдеген еді.

Дайындаған  – Өміржан Әбідхалықұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.