13-06-24 |
1350 рет қаралған
Саяси жүйедегі әйелдердің рөлі қандай?.
Саяси жүйедегі әйелдердің рөлі қандай?

Әйелдер – басқарушы, директор, әкім, депутат, министр. Расында қазір әйел «отбасының алтын қазығы» ғана емес, бір-бір ұжымды ұйытып отырған басшы, өз кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жетекші, мемлекеттік жұмыстарға білек түре кірісіп, саяси алаңда белсенді еңбек етіп жүрген қоғам қайраткері де. Әйелдің әмбебаптығы әлдеқашан мойындалған.

Статистиканы сөйлетер болсақ, Қазақстандағы мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргендердің 56 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Әсіресе төменгі және орта буында қызмет етіп жүрген әйелдердің үлесі ер азаматтарға қарағанда жоғары. Дегенмен, Парламент, Үкіметтегі нәзік жандылар саны айтарлықтай көп емес. Мәселен Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының биылғы 2024 жылға берген мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы саяси қызметте 59 қыз-келіншек еңбек етуде. Ал бұл ортадағы 667 қызметтің тұтқасын ер азаматтар ұстап отыр. Сол сияқты Парламент Сенатындағы 50 тұрақты орынның тек 12-сін нәзік жандылар иеленген.

Әрине, Қазақстандағы саяси алаңнан қыз-келіншектердің өз орнын тапқаны қуанарлық. Бірақ, бұл нәзік жандылардың еңбекқорлығы, биік потенциялы, тындырымдылығы, жауаптылығы, ізденімпаздығы толық ескеріліп, биік орынның үнемі ұсыныла бермейтінін, немесе әйелдердің өзінің әлі күнге билікке ұмтылып, саяси сахнаға араласудан жасқанатынын аңғартатындай.

Әйтпесе, бізде білім, ғылым, денсаулық, заң, құқық, өндіріс, кәсіпкерлік қана емес, саясат пен экономикаға тың бетбұрыс, оң өзгеріс жасауға қабылетті әйелдер аз емес. Тек олардың өз қабылет-қарымын көрсетуіне, танылуына мүмкіндік беріп, қолдау көрсету маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси партиялардың таңдау тізімінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыздық квота белгілеуін осы мәселені шешудегі пәрменді қадам дегеніміз орынды. Себебі, бұл талаптың заңмен бекітілуі еліміздің Парламентінен орын алып, мемлекеттік дамуға өзіндік үлесін қосқысы келген саяси партиялардың өз қатарына жастар мен қыз-келіншектерді тартуына ықпал етеді.

Қазақстандағы партиялық сайлау тізіміне гендерлік квота 2019 жылы БҰҰ комиссиясының ұсынуымен енгізілгені көпшілік есінде болар. Бірақ бұл квота бірнеше топ арасында бөліске салынатынын ұмытпауымыз керек. Себебі әйелдерге арналған 30 пайыз орынға жастар да, мүгедектігі бар азаматтар да қосылған. Қазіргі талап бойынша, «Әйел, жас және мүгедектігі бар азамат деген үш санатқа жататын депутаттар саны мәжілістің 30 пайызын құрауға тиіс».

Осы ретте саяси партиялар өз қатарына қабылдайтын әйелдер мен жастардың қоғамдағы салмағын, білімін, озық ойын басты орынға қойғандары дұрыс. Тек 30 пайыздық квотаны толтыру үшін ешбір сүзгісіз, сараптаусыз таңдалған  жастар мен әйелдердің саяси партияға да, саяси жүйеге де салмақ қоспасы белгілі.

Бұл мәселеге қатысты Respublica партиясы қатарынан депутаттық мандатқа ие болған Динара Шүкіжанованың айтқан пікірі ойлануға, ой салуға тұрарлық. 37 жастағы Динара Аманжелқызы – Өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүріп, Парламентке келген талабы ұшқыр, талғамы биік жан. «Кәсіби қабілет жыныс талғамайды. Сондықтан, әйелдер мен жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайыздық квотаның берілуі мен үшін тосын жағдай. Негізі саясаттағы әйелдерді қандай да бір квота бойынша емес, олардың құзыреттілігіне, қабілет-қарымына сүйене отырып таңдаған тиімді. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдік кейбір азаматтардың өз білім-білігіне емес, квотаға иек артып Парламентке келуіне түрткі болуы мүмкін» дейді ол.

Әрине, саяси аренаға әділ таласпен, халықтың таңдауымен, өзін дәлелдеумен келген қте жақсы. Бірақ, дәл қазіргі сәтте ол мүмкін бе? Президенттің әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота белгілеуінің ар жағында ғылыми-зерттеу институттарының талдаулары, сараптамалары жатқаны талассыз. Себебі, Мемлекет басшысы тек осындай толымды зерттеулер, нақты фактілер, түрлі мониторингтер нәтижесіне сүйеніп, халықтың пікір-тілегін негізге ала отырып қана құзырлы орындарға тапсырма жүктейтіні, мәселені заңмен бекітетіні түсінікті.

Жалпы алғанда біздің саяси алаңдағы қыз-келіншектердің белсенділігінде мін жоқ. Әйелдер осы ортадағы ауқымды мәселелерді шешуде ерлермен иық тірестіріп, қатар еңбек етіп келеді. Рас, олар бұл ортадағы жауапты, басшылық қызмет атқармайтын болар. Бірақ, маңызды шешімдер қабылдауға қажетті зерттеулер мен ізденістерде әйелдердің қолтаңбасының ізі анық байқалып тұрады.

Мысалы, қазір біздің еліміздегі басты заңдық құрылым саналатын Конституциялық Сотты Эльвира Әзімова басқарып отыр. Мемлекет тарапынан мұндай сенімнің жүктелуі Жоғарғы Соттағы әйелдерге қатысты көзқарастың да түбегейлі өзгеруіне алып келді. Себебі қазақстандық соттағы судьялардың басым бөлігін әйелдер құрап тұрса да, бұған дейін қыз-келіншек тек аудандық, ауданаралық мамандандырылған соттарға ғана төраға болатын. Тәуелсіздік алған отыз жылдан аса уақыт ішінде Жоғарғы Сот төрағасы неше рет өзгерді. Бірақ, әлі күнге дейін отандық сотты әйел төраға басқарған емес. Ал енді қазір өз білімі мен күш-қайратына сенетін, мемлекеттің қолдауына иек артқан әйел судьялар қалалық, облыстық соттардың алқа төрағаларын басқарып отыр.  Тіпті, жақында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болып Назгүл Рахметуллинаның тағайындалуы отандық соттағы оң өзгерістен хабар береді.

Сол сияқты бізде ауылды, ауданды басқарып отырған, аймақты дамытуға серпінді үлес қосып жүрген әйел-әкімдер баршылық. Бірақ, Гүлшара Әбдіхалықовадан кейін облысты басқарған әйелдер жоқ. Әлбетте, бүтін бір аймақтың мәселесін шешу, халықпен етене араласу оңай шаруа емес. Дегенмен, өзінің іскерлік қабілетін көрсеткен, шағын аудандарды ұйыта алатынын ісімен дәлелдеген ханымдарға облыстың шаруасын сеніп тапсырған еш айып емес.

Әйелдер – әмбебап, жан-жақты. Олардың күш-қуаты, махаббаты отбасынан бөлек, жан-тәнімен қалаған саласын дамытуға толық жетеді. Мәселен, Парламенттегі әйел-депутаттардың кез келгенін алыңызшы. Олар тек Парламенттегі заң шығару, заң дайындау ісімен шектеліп қалып отырған жоқ. Әйел депутаттардың түрлі мәселелерге үн қосып, түйткілдерде үнсіз қалмайтынын жиі байқауға болады. Дания Еспаева, Жұлдыз Сүлейменова, Ирина Смирнова, Снежанна Имашевалар үнемі халық арасында. Бұл саяси аренадағы қыз-келіншектер санын көбейту үшін нәзік жандылардың белсенділігін көтеруге байланысты іс-шараларды әлі де барынша жетілдіру керектігін дәлелдейді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.