04-05-20 |
920 рет қаралған
Тасмағамбетов билікке орала ма?.
Тасмағамбетов билікке орала ма?

24 сәуірде өткен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев: “Елге экономиканы қалпына келтіру, жұмыссыздықты азайту, халықты азық-түлікпен және қажеттінің бәрімен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі батыл шешім қабылдай алатын менеджерлер керек” деген еді. Ал 2 мамырда Дариға Назарбаеваның сенат депутаты ретінде өкілетін тоқтатуы билікте біраз ауыс-түйіс болатынын аңғартты.

Зейнет демалысына шыққан Иманғали Тасмағамбетовтің мықты әрі батыл шешімдер қабылдайтын адам екені белгілі. Демек қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде әрі билік ішіндегі топтардың күресі қызған кезде Тасмағамбетовтің билікке қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл жайлы саясаткер Әміржан Қосановтың ойын білген едік.

– Өйткені Тасмағамбетов – қатардағы, көптің бірі шенді емес, ол – ұлттық деңгейге көтерілген тұлға. Сондықтан да оның тағдыры елбасы мен президенттің тікелей құзырында. Сондықтан да ресми түрде зейнетке шықса да, оның тағдыры елді әлі де алаңдатады.
Ол жас кезінен көзге түскен, ел назарына іліккен кадр. Өзім талай жыл онымен бірге жұмыс істегенмін. Ол Мемлекеттік комитет төрағасы болғанда орынбасары болдым. Үкіметте қатар істедік.
Нағыз іскер кадр. Қазіргі тілмен айтқанда, өте жоғары деңгейдегі кризис-менеджер. Өзіне де, өзгеге де талабы жоғары. Мінезі де баршылық. Көп адам оның сол қасиетіне шыдай алмай жұмыстан кеткенін де білемін. Қарап отырсақ, оның мемлекеттік жүйеде атқармаған қызметі аз. Барлық жерде ол нақты жетістіктерге жете білді.
Басқа көптеген шенділерден оның бір өзгешілігі сол – ол қазақи ортаға жақын, рухани мәселелерді ешбір жасандылықсыз, табиғи түрде қабылдай алады.
Бірақ оның дәл осы оң қасиеттері оның карьерасына «кедергі» болды деп ойлаймын: көзге түскен азаматтың көре алмаушылары да, дұшпандары да, жолын кес-кестеушілер де аз болмайды.
Ол, сөзсіз, кадрдағы «ауыр артиллерия». Оны мемлекеттік қызметтің небір биігінен, керек десеңіз, ең жоғарғы мансапта көргісі келетін жұртшылық аз емес. Дәл осы оның саяси салмағы оның бәсекелестерінің ерекше белсенділік танытып, оған қарсы жұмыс жасауына бірден-бір себеп болды деп санаймын.
Өз басым оның 63 жасында мемлекеттік қызметтен кетірілуін дәл осы себеппен түсіндірер едім. Әйтпесе, бізде мемлекеттік қызметте, депутат боп жүріп, 70 жылдығын атап жүрген қаншама шенді бар.
Кейде мен оның жақтаушылары оны тым қатты мақтап жіберіп, обал жасады ма деп қаламын…
Осы орайда бір ой. Сіз бен біз дәл қазір Тасмағамбетовті ғана талқылауымыз – біздегі кесірлі кадр саясатының бір жемісі. Неге ол жалғыз аталуы тиіс? Басқа сөзбен айтсақ, бізде тасмағамбетовтардың тұтас бір шоғыры, керек десеңіз, толқыны болуы керек.

Қазбалы байлық ресурсымен емес, адами ресурспен, кадрлық әлеуетпен мақтануымыз керек!

Бізде кадрлық саясаттың мән-мағынасы бесенеден белгілі ғой. Ол ашық та шынайы бәсекелестік негізінде, нақты үміткердің білімі мен біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілеті мен адами қасиетіне, қала берді, жұрт алдындағы абырой-беделіне қарап жүргізілмейді. Біздегі карьералық жоғарылау критерийлері мынадай: жоғары жаққа жағу, ашық және құпия тапсырмаларды бұлжытпай орындау, белгілі бір шекарадан шықпау. Ал кейбір салада – тапқан-таянғаныңмен жоғары жақпен бөлісу деген тағы бір шарт бар екенін жұрт өзі айтып жатады. Бұл факторларға XXI ғасырда біз әлі де арыла алмай келе жатқан мүлдем кертартпа, тұтас ұлттың ұтылуына алып келетін жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық секілді регрессивтік шарттарды қосыңыз! Осы талаптарға отбасылық принцип те қосылып кеткенін ең жоғарғы биліктің өзі көрсетіп отырған жоқ па?
Біздегі заманауи ноу-хау сол: елді бөліп, қазақтың бірлігіне іріткі салатын осы аталған патриархалдық шарттар кландық, олигархтық, топтық сипаттарға ұласып, мүлдем жаңаша факторды дүниеге келтірді. Яғни, бір қаржылық топқа жоғарыда аталған барлық критерийлер – үш жұрттан бастап ортақ қызметке дейін – сыйып кетті. Басқасын айтпағанда, ауылдағы аналитиктердің өзі Қазақстан билігінде кімнің қай кланға жататынын айна-қатесіз, ешбір жаңылыспай айтып береді! Солай емес пе?
Ал әгәрәкім, осы таптырмас қасиеттерге қоса, жоғары жақты немесе нақты тұлғаны көзін бадырайтып тұрып мақтасаң және де ол мадақтауың ол жақтың көңілінен шығып жатса, нұр үстіне нұр! Не депутат, не министр, не әкім, қала берді, белді мекеме басшысы боласың да шығасың.
Ал егер де сен, белгілі бір саланың маманы болып, ресми саясатқа томпақ келетін (міндетті түрде саяси оппозициялық емес!) кәсіби пікір айта қалсаң, онда тұп-тура «мемлекеттің жауы» боп шығасың да, сенің карьераңа крест қойылады!
Сондықтан болар, қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесінде іштен тынып, күнкөрісі, нәпақа мен пәтер, бала-шағасының қамы үшін амалсыздан жүрген қаншама талантты кадрлар бар.
Өкінішке орай, осындай құбыжық, мемлекет істеріне әбден зиянды үрдістің кесірінен бізде кадр саясаты баяғыда-ақ тұралап қалған. Сондықтан да жоғары жақта лайықты тұлғалар саусақпен санарлықтай.
Қорыта айтқанда, бізге реформа керек, олай болса, сол реформаны жүзеге асыра алатын, іскер, білімді, білікті, заман талаптарына сай жұмыс істей алатын, лидерлік қасиеттері бар кадрлар керек!
Ондай кадрлар болмаса, қазір президенттің өзі айта бастаған реформациялық өзгерістер ниет, қағаз жүзінде қалады.
Кадр саясатында әділеттік орнамаса, қолынан іс келетін кәсібилер мемлекеттік қызметке тартылмаса, транзиттік кезеңде тұралап қалған қоғамымызға орасан зор зиян келтірілмек. Ондай кадрларсыз мемлекетіміз артқа шегініп, озық елдердің шаңын қауып қалады.
Меніңше, дәл бүгінгі кезде мемлекеттік қызметке келетін кадрлар ашық та шынайы бәсеке принциптері негізінде іріктелуі керек.
Бізге өз бағдарламасын, нақты саланы басқарып, жетілдіру жоспарын, өз идеясын үсынып, оны қоғам алдында қорғап, ең бастысы, өзіне жекебас жауапкершілік ала алатын кадрлар керек! Әйтпесе, қит етсе болды, «елбасының немесе президенттің тікелей шешемі осы болды, соның өз тапсырмасы» деп, жауапкершіліктен басын ала қашатын министрлер мен әкімдер арамызда өріп жүр ғой! Ертең, белгілі бір саяси не экономикалық шешім дұрыс болмай шықса, олар: «менің еш кінәм жоқ, пәрмен солай болды, мен соны орындауға мәжбүр болдым» деп шыға келетіні де анық!
Әділетті кадр саясатының басты шарттары баршаға аян. Оны тәптіштеп жатпайын.
Соның бірі – сайлау арқылы кадр таңдау. Мәселен, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерін халық өзі сайлап алса, қаншама жаңа, тың, креативті, ел алдына шығып, өз позициясын қорғай алатын лидерлер өмірге келер еді!
Әкімдер шенеуніктік деңгейден қайраткерлік деңгейге көтерілер еді. Өзі сайлаған әкімге халықтың да көзқарасы, қолдауы басқа болар еді. Оның өзі мемлекеттік қызметтің абыройын арттырар еді.
Мәселен, азаматтық қоғамда қаншама білікті де айтары бар мамандар жүр. Олардың бір «айыбы» – ресми құжаттар мен шешімдерге сын айтып қалады, сонысымен билікке жақпайды. Бірақ олар ұсынып жүрген бағдарламалар мен жобалар кәсіби қауымның қолдауын тауып жатыр. Олай болса, неге олардың идеялары мен тәжірибесін мемлекет мүддесі үшін пайдаланбасқа?
Мемлекеттік қызмет жүйесінің ішінде де бәсекелік принциптері орнығып, жария конкурстық жүйені одан сайын әрі батыл дамыту керек.
Парламент сайлауына да мажоритарлық, яғни бір мандатты округтер бойынша депутат сайлау принципін қоса енгізу қажет. Сол кезде ауыл-аймақта бағы ашылмай, қағажу көріп жүрген қаншама қайраткерлер саяси алаңға шығар еді. Сөйтіп, болашақ Қазақстанның кадрлық резерві жаңадан құралар еді, – дейді Ә.Қосанов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.