01-10-21 |
280 рет қаралған
Жұмыстан қуылған шенеуніктердің қызметі өсетіні несі?.
Жұмыстан қуылған шенеуніктердің қызметі өсетіні несі?

Біздің елде жұмысынан қуылған, шығарылған шененунік жерде қалмайды. Қалмағаны былай тұрыпты, қызметі өседі. Биліктің осы бір кадрлық саясаттағы механизмі жылдар бойы қоғамның сынына ұшырап келеді. Бірақ қоғамның сынына билік пысқырмайды. Билік түгілі жұмысынан қуылса да қызметі өскен шенеуніктер де пысқырмайды, түк ыңғайсызданбайды. Елден жұмысын дұрыс атқара алмағаны үшін кешірім сұрау тіптен ойларына кіріп шықпайды. Әрі олар шетінен әмбебап. Кез келген лауазымды қызметті атқара береді. Қолымнан келмейді-ау, тәжірбием жоқ-ау, елден ұят-ау демейді. Ең бастысы, өзінен жоғарғы лауазым иелері сенім артып, тағайындаса бітті.

Мәселен, ауыл шаруашылығының бұрынғы министрі Сапархан Омаровты президент Тоқаев қызметінен 10 шілде күні арнайы жарлықпен қызметінен алып тастаған еді.

«Жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамады, солардың кінәсінен шаруашылықтар зардап шегіп жатыр. Жұмыстың шынайы жайымен байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер тікелей маған айтып жатыр. Министрлік тез, батыл шешім қабылдауы керек еді, бірақ қажет жұмысты атқара алмады. Сондықтан, бұл салаға жауапты министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек деп есептеймін», – деген еді Тоқаев.

Арада 18 күн өткенде шілденің 28 күні ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үкіметтің келісімімен Сапархан Омаровты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясына басқарма төрағасы етіп тағайындады. Мінекей, білдей бір ұлттық компанияны басқарып шыға келді. Омаровты Қарашөкеев үкіметтің келісімімен тағайындаған. Сонда Мәмин, Қарашөкеев, Омаровтар үшін президент Тоқаевтың сөзі құнсыз, жарлығы жай қағаз болып тұр.

Енді Серік Тұрымовқа келейік. Маңғыстау облысын 2019 жылдың маусымынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін басқарды. Аса бір көзге түспесе де әйтеуір басқарып жатты. Сөйтіп жүргенде Маңғыстауда жұт болды. Мал қырылды. Шөп жоқ. Оның үстіне облыста ауыз мәселесі де түбегейлі шешілмеген. Жұрт жұтпен өзі күресе бастады. Жылу жинап, әр жерден Маңғыстауға жем-шөп жөнелтіп жатты. Тұрымов елмен бірге жұтпен күресіп жүр деген хабар шықпады. Не істерін білмей қатты сасып абдырап қалса керек. Әйтпесе, болашақ жоспарларын айтып, жиындарды жүргізіп, жақсы әкім атана бастаған еді. Жұт келіп, Тұрымовтың жоспарын быт-шыт қылды. Ел шырылдап, мал қырылып, бүкіл Қазақстан шулап жатты. Тұрымов қайран қыла алмады. Сөйтіп жұттың айғай-шуы саябырсығанда қызметінен түсті. «Ее, жөн болған екен» деп айтып ауыз жиғанша сенатор болып шыға келді. Сайланбай, тағайындала салды. Президенттің бұл шешімі елдегі кадрлық саясаттың өзгермегенін, өзгермейтінін көрсетті. Тым құрыса, халыққа жұмысын қуылған әкімнің не себепті сенатор болып тағайындалғанын бір ауыз түсініктеме де берілмеді ғой. Бұл – халық үнін еститтін мемлекеттің соқыр, мылқау екенінің кезекті дәлелі болса керек. Тұрымов есебі түгел. Сенатор. Қазынаның есебінен өмір сүруін Астанада жалғастырып жатыр.

Ерлан Қожағапанов деген кісі бар. Қызмет жолына қарасаң, не деген талант деп ептеп таңқаласың. Бұ кісі әуелі үш бірдей оқу орнын бітіріп алады да жұмысты «Қазақстан темір жолынан» бастайды. Сөйтіп арада бір жыл өтпей салық, кеден саласына ойысып кетеді. Біраз жыл кеденді бақылаған Ерлан мырза аяқ астынан Астана қаласы Алматы ауданының әкімі болып шыға келеді. Әкім болған ұнап қалған ба, қызды-қыздымен Астана қаласы әкімінің орынбасарлығына дейін көтеріледі. Сөйтеді де ойламаған жерден спорт, футбол жаққа ауысып кетеді. Бұлай болады деп өзі ойламаса керек, солай болып қалған-ау шамасы… Футбол, спорт жақта жүргенде шу болып, Қожағапанов үкімет басшысының кеңесшісі деген қалақтай лауазымға ие болады. Мұнда да көп аялдамай Мәдениет және спорт вице-министрі болып кете барады. Бұл жерде де ұзақ отыра алмай Алматы әкімінің орынбасары болады. Былтыры пандемия кезінде елге сарымсақ, пияз жеңіздер деп насихат айтып жүргені есімізде. Пияз көп жеп қойып, Алматы қаласы әкімшлігінің іші пияз сасып кетті ме, әлде біреулерге жақпады ма бәлкім бір орында ұзақ отыра алмайтын әдетіне басты ма әйтеуір үкімет басшысының кеңесшісі болып қайта тағайындалды. Мұнда да Қожағапанов көп шыдап отыра алмас. Оны әлі талай қызметтің басынан көрерміз, жүйе және Қожағапановтың қолдаушысы аман болса…

Осындай әмбебап әрі көшпелі, сусымалы адамдар әр жердегі қызметтерге қолынан келсін, келмесін келіп-кетіп жататын елдің барлық саласында терең дағдарыс болатыны өзінен өзі түсінікті сияқты. Әлбетте, Омаров, Тұрымов, Қожағапановтардың қашан да есебі түгел. Жүйе оларды жерде қалдырмайтынын біледі. Көшпелі шенеуніктерден тұрақты даму, тұрақтылық іздеудің өзі әбестік.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.