06-03-23 |
1190 рет қаралған
A-Parking ісі: Мұхтар Базарбаев пен Марат Пірінбековке үкім шықты.
A-Parking ісі: Мұхтар Базарбаев пен Марат Пірінбековке үкім шықты

6 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің бұрынғы директоры Марат Пірінбеков пен Alan Parking ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Мұхтар Базарбаевқа үкім шығарды.

Сотта анықталғандай, сотталушы Пірінбеков «А» ЖШС-нің директоры бола тұра, жауапкер Базарбаевпен алдын ала сөз байласып, бір топ адаммен 225 630 072 теңге («П» ЖШС-нің шотына автотұрақ ақысынан түскен) ақшаны жымқырған.

Бұдан бөлек сотталушы Базарбаев «А» ЖШС-нің бас директоры бола тұра, іздеуде жүрген адаммен алдын ала келісіп, бір топ адаммен автотұрақтан жиналған 190 078 778 теңге сомасында аса ірі көлемдегі ақшаны ұрлаған.

Сотталушылар Пірінбеков пен Базарбаевтың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 436 040 706 теңге болатын «А» ЖШС және «П» ЖШС қызметінің нәтижелері бойынша алынған пайданың 30% мөлшерінде дивиденд түспеген.

«Сотталушы Базарбаев басқа адамдармен топтасып, ұрлық жасағаннан кейін 391 651 076 теңге болатын ұрланған қаражаттың бір бөлігін жалған мәмілелер жасап, заңдастыру арқылы заңды айналымға түсірген», – Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Қылмыстық істі қарау барысында мемлекетке келтірілген зиян толық көлемде өтелді.

Сотталушылардың кінәсі экономикалық сараптамамен, аудиторлық қорытындылармен, куәлардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Айта кетерлігі, сотта айыпталушылар ақылы автоматтандырылған автотұрақ енгізу жобасының мемлекетке тиімді екенін көрсетіп, кінәсін мойындамады. Мемлекет өз тарапынан бұл жобаға ақша салмай, салық айыппұлдары мен дивидендтер түріндегі жеңілдіктерге ие болды-мыс.

Прокурор соттан айыпталушыларды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Үкім тағайындау кезінде сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды, бұрын соттылығының болмауын және мемлекетке келтірілген зиянды толық көлемде өтейтінін ескерді, сотқа дейінгі тергеу органдары ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ», – делінген хабарламада.

Қылмысқа қатысушылардың әрқайсысының қылмыстық рөлін, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот сотталушы Пірінбековті 5 жылға, сотталушы Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуге үкім етті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.